Еліміздің бірқатар өңірін су басу қаупі әлі де сейілмей тұр. Осыған орай Мәжіліс депутаттары көктемгі су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындарды қолдап, көмек көрсету үшін өңірлерге шықты.
Депутаттар халыққа мемлекет тарапынан көмек көрсетілетінін айтып, мәселелерді өздерінің жіті бақылауында ұстайтынын жеткізді. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударып, депутаттарды халыққа жақын болуға, адамдардың қажеттіліктеріне жедел ден қоюға, оларды толғандырған мәселелерді шешуге шақырған болатын.
Мәжіліс депутаттары, Amanat партиясы фракциясының мүшелері Мәлік Құлшар пен Снежанна Имашева Батыс Қазақстан облысына барып, су тасқынынан зардап шеккен аудан тұрғындарымен кездесті. Мәлік Құлшар Қаратөбе ауданындағы Шалғын ауылында балалардың оқуы ұйымдастырылған ауылдық клубта мұғалімдермен тілдесіп, мән-жайды талқылады.
«Мектептің ғимаратына су кіріп, бөлмелердің ортасы құлаған. Қазір оқушылар уақытша Ауылдық клубта білім алуда. Ауылдағы 45 үйдің 29-ына су кірген, 23-і тұруға келмейді. Ауыл тұрғындары су кірмеген үйлерге 3-4 отбасыдан бөлініп орналасқан. Құлағалы тұрған үйлерді сараптау жөніндегі комиссия жұмыс істеуде. Ауыл халқы ешқайда көшпей, жаңа мектеп те, үйлер де осы ауылға салынса деген өтініштерін жеткізді», деді депутат.
Сондай-ақ ауданда төтенше жағдай жарияланғандықтан ешқандай конкурссыз қаржы қарастыру мүмкіндігі бар екенін айтып, құрылған комиссияның шешімімен апатты жағдайдағы мектеп орнына 60 орындық білім ордасының құрылысы басталатынын жеткізді.
Сапар барысында депутаттар жергілікті билік өкілдерімен бірге облыстағы Бөрлі ауданының Қызылтал ауылындағы су тасқынынан зардап шеккен үйлерді аралады. Алдағы уақытта су тасқынынан қорғану үшін арнайы нысан салу жоспарланып отыр.
Ал Павлодар облысында Мәжіліс депутаттары Айгүл Нұркина мен Вера Ким Рождественко ауылында су тасқынынан зардап шеккен отбасылармен кездесіп, оларға партия атынан тұрмыстық техника, азық-түлік, басқа да керек-жарақтармен көмектесті.
«Біз әрдайым мониторинг жасап отырмыз. Бүгін жағдайды өз көзімізбен көруге келдік. Ендігі басты мәселе – тиісті көмек көрсету. Апат салдарын анықтап, тиісті шараларды қолға алу», деді Айгүл Нұркина.
Мамандардың айтуынша, су тасқынының орын алуына арнайы бөгеттердің жоқтығы себеп болып отыр. Депутаттар су тасқыны мәселесі жіті бақылауда болатынын айтып, қажет болған жағдайда заңнамаға өзгеріс енгізілетінін де жеткізді.
Жалпы, Рождественко ауылында 30-ға жуық үй еріген қар суынан зардап шекті. Салдарынан ауданда төтенше жағдай жарияланып, 100-ге тарта тұрғын қауіпсіз жерге көшіріліді.
Мәжіліс депутаттары Аманғали Бердалин мен Ғалымжан Елеуов Ақтөбе облысының Қобда және Ойыл аудандарындағы су басу қаупі бар елді мекендерді аралап, табиғи апаттың алдын алу шараларымен танысты.
Қобда ауданында су тасқынынан бірнеше әлеуметтік нысан, спорт кешені мен шағын және орта бизнес ғимараттары зардап шеккен. Жарық ауылында суармалы жерлерді су басса, Егіндібұлақта су тасқынынан кейінгі жол қалпына келтірілуде.
Депутаттар Ойыл ауданына да барды. Мұнда Саралжын ауылдық округінде болып, Орта-Қиыл-Тассай су жүйесін бақылады. Қазіргі таңда округ бойынша 5 600 гектар лиманды алқапқа су шығып отыр. Былтыр жөндеуден өткен су жүйелері қазір тасқын суды ұстауға септігін тигізуде.
Мәжіліс депутаттары – Amanat партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Сайыров, Еділ Жаңбыршин және Зарина Камаcова Шығыс Қазақстан облысына арнайы жұмыс сапарымен барды.
Депутаттар Глубокое ауданы Белоусовка ауылында орналасқан су қоймасына барып, ондағы жағдайды өз көздерімен көрді. Сонымен қатар аталған аудандағы Прогресс, Предгорное ауылдарындағы су тасқыны қаупі бар учаскелерді аралады.
«Бүгінгі таңда тұрғындар тарапынан тасқын су мәселесіне байланысты сауал көп түсуде. Өңірлерде су қоймаларында түйткілді мәселе де жоқ емес. Бұған дейінгі шығысқа жұмыс сапарымда Зайсан ауданындағы Үденей, Тарбағатай ауданындағы Қандысу су қоймаларындағы өзекті мәселелерді көтерген едім. Біз мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуіміз қажет», деді Мәжіліс депутаты Е.Сайыров.
Мамандардың айтуынша Глубокое ауданының Белоусовка ауылындағы су қоймасы 1946 жылы пайдалануға берілген. Глубочанка өзені және кіші Ертіс өзенінің оң жағалауы құяды. Су қоймасының ұзындығы 3,3 км болса, максималды тереңдігі – 8.5 метр. Су қоймасына жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады.
«Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселе назардан тыс қалмайды. Мемлекет басшысы депутаттарды халықпен жиі жүздесіп, толғандырған мәселелерінің оң шешім табуына атсалысуды үнемі айтып келеді. Бүгінгі жұмыс сапарымыз да осы тапсырма аясында жүзеге асырылып отыр», деді Мәжіліс депутаты Е.Жаңбыршин.
Депутаттар одан әрі Шығыс Қазақстан облысының Риддер, Алтай, Катонқарағай, Күршім, Зайсан, Тарбағатай аудандарын аралап, ондағы су қоймаларының жұмысымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесті.