Жарықтық күн жадырап кеп бергенде, көктем кеншілер астанасына әп-сәтте жетіп келді. Наурыздың соңын ала жапалақтап жауған мол қар күрт еріді де, қарғын су сай-саланы қуалағандай асфальт жолдың үстімен бой бермей ақты. Жай ғана аққан жоқ, арзан асфальтті шайып, қала көшелеріндегі күре жолдардың шат-шәлекейін шығарды...
Міне, осы мәселені майшаммен қараған жиында Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмысын сапасыз істеген мердігерді, міндетіне жауапсыз қараған техникалық қадағалау қызметін қатаң сынға алды.
– Жылда – осылай! Жұмыс істей алмасаңыздар, неге тендерге қатысасыздар? Қолдарыңыздан келмесе, нарықтан кетіңіздер, басқалар бар, – деп мәселені төтесінен қойды қала басшысы.
Е.Бөлекпаев өзін талапшыл басшы ретінде көрсетіп келе жатқан әкімнің бірі. Жиында ол міндетіне жауапсыз қарап, салғырттыққа жол берген техникалық қадағалау ұйымдарына қатысты сот ісін қозғау керектігін қатаң түрде талап етті. Ал жұмысын жүрдім-бардым істеген мердігерлер кепілдік міндеттемелері аясында ақауларды түзейтін болады.
Мердігерлердің де айтар уәжі бар екен. Олар тасжолға төселетін битумның жергілікті климат жағдайына төтеп бере алмайтын сапасына сын айтып, ақталды. Дәп осы жерде мердігер ақша үнемдеймін деп сапасыз әрі арзан битумды әдейі алды ма деген сұрақ туындайды. Әлде бізде сапалы битум өндірісі атымен жоқ па?
Расында да, терең зерттеп, анықтайтын мәселе. Бюджеттің қыруар қаржысын арзан битуммен бірге суша ағыза беретін болса, мұндай сорақы іске қасақана барған мердігерге деген аяушылық болмауы керек.
Жиында қалалық коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Рүстем Қожақапанов асфальт жолдары қарғын судан кейін шұрқ тесік болып шыға келген көшелерді санамалап берді.
– Қарағандыдағы ортақ жол желісі 920 шақырым болады. Оның 104,1 шақырымына кепілдік қызмет көрсетілуде. Барлығы 62 учаскеге кепілдік берілген. Бүгінде көктемгі тексеру жұмыстары басталғанға дейін алдын ала 10 учаскеде ақау бар екені анықталды, – деп мәлімдеді ол.
Жалпы, кеншілер астанасында автобус жүргізушілері көп шағымданатын жолдардың тізімі бар екен. Мұны атқарушы билік қаладағы автопарктермен бірлесе отырып анықтапты. «Қара тізімге» іліккен көшелер қатарына Қазыбек би атындағы аудандағы он, Әлихан Бөкейхан ауданындағы 11 нысан енген екен. Сонымен аталған жиында қала әкімінің қаһарына ұшыраған мердігерлер ауа райының қолайға жаққан кезінде өздері жіберген кемшіліктер мен олқылықтарды жойып, ақауларды түзеуге кірісетін болды. Ал оған дейін уақытты жоғалтпай, ойдым-ойдым болған жолдардағы ойық пен шұңқырларды тақтатаспен бітеп, тегістейді.
Осы орайда жергілікті такси жүргізушісі айтқан мына әңгіме еске түседі. Қарағандыдағы асфальт жолы сапалы салынған жалғыз көше бар екен, ол – бұрынғы Бейбітшілік гүлзары даңғылы. Қырғын көлікке де, қарғын суға да қылы қисаймапты. Сөйтсе, ол тасжол осыдан бірнеше жыл бұрын неміс техникасымен неміс технологиясы бойынша төселген екен...
ҚАРАҒАНДЫ