• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Сәуір, 2022

Қыс кеткенімен, қырауы көңілде

317 рет
көрсетілді

Жүзі жадырап, шуағы кілкіп көктем келгенімен, Степ­ногорск қаласының тұрғындарының көңілі әлі күпті. Қыраулы қыстан қалған наз, өкпе бар.

Ат төбеліндей ғана ша­ғын қаланың тұрғындары өткен қыстан жылуға жары­май, жаурап шықты. Қайт­қан құстың қанатына ілесіп қар ұшқындап, қыс түскелі пәтерлері суып кеткен тұр­ғындар қанша рет дабыл қақ­қанымен, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жеріне жеткізе айтып, жан айқайын жазып жатқанымен, шынтуайтында жеткілікті көңіл аударылмады. Биыл қаңтар, ақпан айларында ғана қала ішіндегі сау тамтығы қалмаған жылу желілері 397 рет жарылып, елдің есін шығарды.

Бұл биылғы қыста ғана көрген қиыншылық емес, өт­кен жылы да қала тұр­ғын­дарының өкпесі қара қазандай болған.

2021 жылы жылу жүйесі 278 мәрте жарылып, әуреге салды. Бірде жылымшы ғана жылуы бар жылу құбыры енді бірде қанжылым болып қатердің бояуын қалыңдата түскен. Қала тұрғындарының айтуына қарағанда, қақаған қыс ішінде қираған қазан­дықты алмастырып, басқа қазандықты қосқанша, арада аттай он сағат уақыт өтеді екен. Арқаның ақтүтек бораны мен түкірігің жерге түс­кенше мұз болып қататын ақырған аязда соншама уақыт жылусыз отыру жұқалап айт­қанда, ет-сүйектен өте­тін азап. Жылу электр стан­са­сының қазандықтары ескір­гендіктен қайта-қайта істен шығып, тұрақты жылу беру мүмкін болмай келді.

Осы арада бір қадап айта кететін дүние, жылу беру мекемесі мен тұрғындардың арасында жанды байланыстың болмауы. Жағдайдың қалай қалыптасып отырғанын нақ­тылап айтып, елге түсін­дір­мегендіктен кейін орынды өкпе-наздың жиі айтылатыны да рас. Жарытымды жылу пәтерлеріне келіп тұр­­маған соң тұрғындар да жы­лу ақысын уақтылы тө­лей қоймайды. Қарыз да қор­даланып қалған. Дәл қазір қала тұрғындары жылу төле­міне 1 млрд 700 млн теңге көлемінде қарызға батып отыр. Бұл жағдайдың кесірі де бар. Тозығы жеткен жылу жүйесі мен қазандықты жөн­деуге қыруар қаржы қа­жет екендігі белгілі. Маман­дар­дың есептеуіне қарағанда, қаладағы жылу жүйесінің 80 пайызының тозығы жеткен.

– Жылу электр станса­сы­ның жұмысын жолға қоюға тырысамыз. Бірақ ол үшін өте көп қаражат керек, – дей­ді «Степногорская ТЭЦ» жауапкершілігі шектеулі се­ріктестігінің акционері Владимир Сидельковский, – тұтынушылар да берілген жылудың төлемақысын уақы­тында төлеуі керек.

Қалыптасып отырған жағ­дай халыққа ашық айтылып, түсіндірілуі керек еді. Ортақ шаруаның уақтылы атқа­ры­луы үшін төлемақы жи­нау жұмыстарын ширату керек. Сонда ғана кәсіпорын кем-кетігін бүтіндеуге мүм­кін­дік алады. Екінші бір жа­ғынан он жыл бойы жылу жү­йесінің жөнделмеуі, кей­бір тетіктерінің уақтылы ауыс­тырылмауы тығырыққа әкеліп тіреген. Егер дәл қазір қауырт қимыл жасамаса, онсыз да тозып бітуге таяу тұрған жылу желісі мүлде іске алғысыз бол­ғалы тұр.

Қаржы іздеп, ырғалып-жырғалып жүргенде жаз көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Ал келер қыста қапысыз да­йындалу үшін қазірден бас­тап қам жасау керек. Ортақ іске жергілікті бизнес өкілдері қол ұшын беріп, бірлесе қи­мылдаса тіпті жөн. Қалай болған күнде де қарапайым қала халқы жылусыз қалмауы керек қой.

 

Ақмола облысы,

Степногор қаласы