Павлодарда үстел теннисінен Қазақстан чемпионаты аяқталды. Көрермендер ерлер арасында өткен финалдық сайысты қызыға тамашалады.
Жарыстың бас жүлдесі үшін елордалық Кирилл Герасименко мен қарағандылық Алан Құрманғалиев таласты. Бұл ойыншылардың екеуінің де бағындырған белестері өте көп. Атап айтсақ, 25 жастағы Кирилл еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, бірқатар халықаралық турнирдің жеңімпазы, Рио Олимпиадасына қатысушы. Әлемдік рейтингте ол 37-орында тұр. 15 жастағы Аланның да қол жеткізген табыстары жетерлік. Қарағандының тумасы өз қатарластары арасында талай дүбірлі додада дараланып, дүниежүзілік рейтингте көш бастады. Қос мықтының сайысы тәжірибелі Герасименконың пайдасына шешілді. Құрманғалиев күміс алса, шымкенттік Ирисбек Артукметов пен тараздық Ескендір Харки қола медальды мойындарына ілді.
Қыздар арасындағы бәсекелерде қарағандылық Зәуреш Ақашеваға тең келер ешкім табылмады. Финалда ол шымкенттік Сарвиноз Мірқадыровадан басым түсті. Ерлердің жұптық сайысында Алан Құрманғалиев пен Эрик Рейтер озса, қыздар тартысында Зәуреш Ақашева мен Сарвиноз Мірқадырова дара шықты. Аралас жұптардың жарысында Эрик Рейтер мен Анастасия Лаврованың асығы алшысынан түсті.