Ғарышкерлер күні қарсаңында Қазақстанның тұңғыш ұшқыш-ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілерімен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өткен шараға Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов, «Жас сарбаз» қозғалысының төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев, елорданың жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров қатысты.
Тоқтар Әубәкіров жас патриоттарға өзінің ұшқыш боламын деген бала күнгі арманы, мақсатқа қол жеткізу үшін жұмсаған күш-жігері, ғарыш кемесімен ұшуы және жер орбитасында болған сәттері жөнінде әңгімелеп берді.
«Тәрбиенің жақсы құралының бірі – үлгі-өнеге көрсету. Балалар ерліктің, батылдықтың және еңбектің арқасында арманға қол жеткізген адамды көрді. Бұндай өнеге олардың есінде қалып, арманына айналады, болашағына жол сілтейді. Менің ойымша ересектердің міндеті – өскелең ұрпақпен жиі кездесу, оларға үлгі-өнеге көрсету, балаларды патриотизмге баулу, оларға дұрыс жолды таңдауға көмектесу», деп атап өтті жастармен кездесуден кейін қазақстандық тұңғыш ғарышкер.
Жас патриоттар Тоқтар Әубәкіровке жылы лебіздерін білдіріп, «Жас сарбаз» қозғалысының символы өрнектелген сыйлықтар табыс етті.
Аяна Тоғанбек