Жуықта ресейлік «Одноклассники» (OK.RU) атты әлеуметтік желіде мына бір фото жарияланды. Суреттің астына «Партизан қазақтар! Ерлі-зайыпты Ағаділовтер және қызы Мая. 1943 жыл» деп қысқаша анықтама берілген екен. Көзі қарақты оқырман Ағаділовтер жайлы тарихтан хабардар болар. Десе де, аталған фотобейнеге қатысты көмескі тартқан оқиғаларды тағы бір жаңғырта отырып, Екінші дүниежүзілік соғыста «Партизан қызы» деген атпен майдан тарихына еніп, көркем туынды кейіпкеріне айналған отбасы жайлы айтып өтсек артық болмас.
Соғыстан кейінгі жылдары Ағаділовтер отбасы жайлы және мұндағы фотобейнеде ата-анасының алдында тұрған сәби Мая жайлы жеткілікті жазылды. Басқасын былай қойғанда, бұл отбасының өмірі – Ұлы Отан соғысы жылдары партизан отрядын басқарған майдангер, кейін республика деңгейінде жоғары мансапты қызметтер атқарған қайраткер-жазушы Әди Шәріповтің «Партизан қызы» хикаяты қатарлы туындыларға арқау болды. Өйткені мұндай тағдырлы оқиға майдан даласында оқшау кездесетін дүние.
Ал мына бір тұңғыш рет басылым бетіне жарияланып отырған фотоға келсек, бұл жәдігер 1943 жылдың басында таспаға басылған сияқты. Бұлай деуімізге себеп, суреттегі адамдар қыстың киімімен тұрса, Ағаділовтер отбасы жайлы бес жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінің 2017 жылы 23 қараша күнгі санында жарық көрген Жанболат Аупбаевтың мақаласында, 1943 жылдың басында орманға «үлкен жерден» қару-жарақ жеткізуші ұшақпен бірге келген әскери фототілші партизан отбасын жолдастарымен бірге таспаға тартқаны жайлы дерек келтіріпті. «Бұл рәсімдерді кейін Жылбек Ағаділов 1944 жылы жараланып, Мәскеу госпиталінде емделіп жатқанда «Ұлы Отан соғысы кезіндегі партизандар қозғалысы» атты архив басқармасынан алдыртыпты», дейді Жанболат Әлиханұлы.
Жоғарыда сөз болып отырған фотобейнелердің бәрі дерлік Ағаділовтердің отбасылық архивінде сақталған көрінеді. Тіпті 2010 жылы жеке жанашырлардың қолдауымен Ағаділовтер отбасына қатысты құжаттар мен фотодеректер жинақталып «Партизан Жылбек пен Жамал» атты шағын жинақта жарық көріпті. Бірақ олардың ішінде мына фото жоқ. Тегі бұл жәдігерді жариялаған адам басқа бір жерден кездейсоқ тауып алып, көпшілік назарына ұсынған сыңайлы.
Ал фотода бейнелеген отағасы Жылбек пен зайыбы Жамал, майдан даласында өмірге келген қызы Мая жайлы Ә.Шәріповтен басқа қалам тартқан адамның бірі – атақты партизан Қасым Қайсенов марқұм. Бұл кісі өзінің «Жау тылында» атты хикаятында: «Павлодарлық кіші лейтенант Ағаділов Жылбек өзінің зайыбы Жамалмен бірге Батыс шекарада Қызыл Армия қатарында болды. 1941 жылы тұтқиылдан соғыс басталып кетеді де, Жылбек басқыншыларға қарсы соғысқа аттанады. Сөйтіп, аяғы ауыр Жамал басқа офицерлердің семьяларымен бірге тұрған қаласында қалып қояды. Көп кешікпей сол ауданды жанталаса алға ұмтылған фашистік армия қоршап алады да, Жылбек қызмет істеп жүрген әскери бөлімше де, олардың семьялары да жаудың тылында қалып қояды. Жылбек тоғай ішіндегі босқындар арасынан Жамалды кездейсоқ жолықтырып, содан былай қоршауда қалған әскери бөлімше қатарында бірге болады. Жау тылында қалған бұлар Гомель орманындағы партизандар отрядына қосылады.
Қиын-қыстау партизандар жорығында жүріп Жамалдың босанатын уақыты да жетеді. Ол 1941 жылдың 27 ноябрінде Петька деген бір патриоттың үйіне жасырынып барып босанады да, Петьканың зайыбы Ася деген әйел жаңа туған нәрестеге «Мая» деп ат қояды...
Бір жорықта отрядтың үлкен өзеннен өтуіне тура келеді. Жамалдың аты сүрініп жығылып, Мая Жамалдың қолынан түсіп кетеді де, баланы су ағызып ала жөнеледі. Мұны көрген партизандар тұс-тұстан тұра ұмытылып, Маяны судан аман алып шығады. Тағы бір ұрыста Жамал отрядтан адасып қалады. Жамал Маясын қолтығына қысып жүріп, қалың қарды омбылап отрядты іздеп орман ішін екі-үш күн кезеді. Маяның кішкентай аяғы домбығады. Екеуі әбден ашығады. Сөйтіп жүргенде ойламаған жерден Лидия деген партизанға кездесіп, ол бұларды Данчкенко отрядына алып келеді. Онда өзінің бұрынғы жолдастарының бірі – барлаушы қырғыз жігіті Идеят Үсеновке кездеседі. Үсенов Жамалды өз отрядына алып барады. Мая түнде жылағанда оның дауысын жау тыңшылары естіп қоятын болғандықтан жас сәбиді партизандар қолдан-қолға түсірмей кезектесіп уатып, баланың дауысы естілмеуі үшін терең ор қазып Маяны сонда ұстайды.
Бұрынғы шағын отряд Галюга басқарған үлкен бригадаға айналған тұста фашистер партизандарды ауадан торып бомбылай бастайды. Енді дабыл «ауадан, самолет» деп қағылатын болады. Сондықтан кішкентай Маяның тілі «самолет» деп шығады.
1943 жылдың октябрінде партизан бригадасы Қызыл Армияға қосылады да, Ағаділовтер семьясы туған жері Павлодарға келеді» деп жазыпты (Қайсенов Қ. Жау тылында. – Алматы: «Санат», 2005. – 235-237 бб).
Осылай жау оғының өтінде өмірге келіп, екі жасында бейбіт күннің шуақты таңымен жолыққан Мая қыз жайлы естеліктерде: «Үйге біреулер келсе кішкентай Майя үстел астына тығылып, үн-түнсіз отырып алатын. Күн күркіреп, аспанда найзағай ойнағанда да солай істейтін. Аулада ойнап жүргенде төбесінен құс ұшып өтсе, «Самолет... бомба...» деп жанын қоярға жер таппайтын», дейді. Әрине, бұл жас баланың санасына сіңген сұм соғыстың зардабы екені анық.
Жоғарыда айтқанымыздай жары мен қызын туған топырағына әкеліп табыстаған Жылбек Ағаділов қайтадан майданға аттаныпты. 1944-1945 жылдары Мажарстан, Пруссия, Чехословакия жерлерін азат етуге қатысып, екінші мәрте Қызыл Жұлдыз орденіне ие болады. 1946 жылы әскерден босап, алдымен Павлодар қалалық, одан кейін облыстық қаржы бөлімінде аға тексеруші қызметін атқарса, жары Жамал қалалық киім фабрикасында шебер, цех жетекшісі, бригадир болып жұмыс атқарып, 1980 жылы зейнетке шығыпты.
Ал жау тылында туған қыз Мая болса, 1948 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1958 жылы Алматыдағы КазПИ-ге келіп, математика факультетіне оқуға түседі. Осы жылдары бұрынғы партизан Әди Шәріпов Қазақстаның Оқу министрі болғандықтан өз шығармасының кейіпкері Маяны жеке қамқорлығына алып, оқу-тоқуы мен тіршілік тынысын қадағалап отырыпты.
Журналист Ж.Аупбаев Ағаділевтердің көзі тірі туысы Дәмет Бабылбекқызының аузынан жазып алған деректе: «Майдан даласынан оралған соң Жылбек аға мен Жамал апаның көпке дейін сәбилері болмады. Кейін Рая атты қыз бала дүниеге келді. Ол тәтеміз Семей медициналық институтын бітіріп, ұзақ уақыт Павлодардағы №1 ауруханада еңбек етті. Үбірлі-шүбірлі. Ал Мая әпкемізден Арман, Марат деген екі ұл бар. Жылбек аға 1970, Жамал апай 1991, ал Мая әпкем 1993 жылы өмірден озды» делініпті.