• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Сәуір, 2022

«Сақалды» құрылыстың былығы көп

403 рет
көрсетілді

Павлодар қаласында шаһардың шырайын бұзған «сақалды» құ­ры­­лыстар аз емес. Кәсіпкерлердің жобаны аяқтауға қаражаты жет­­пе­ді ме екен, әлде іргетасы қаланғаннан кейін жайбарат­тық­қа жол берді ме екен? Не десек те, облыс әкімдігі бұл мәселені ше­­шу­ді мықтап қолға алғаннан бері кейбір құрылысқа қан жү­гі­ре бастады.

Құрылысы аяқсыз қалған жобалар Екібастұз және Ақсу қала­л­­арында да аз емес. Қаңырап бос тұрған ғимараттардың көбі – кә­сіп­керлік нысандары. Қожайын­дар­дың әрқайсысымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жобаны аяқтау үшін тиімді тетіктер ұсы­ны­луда. Нысан иелерінің кейбірі ғимаратты бұзып, құрылыс ма­териа­лын сатуға көшкен. Ал бірі инвестор іздеуде. Ескертуге құ­лақ аспағандармен әңгіме бөлек. Мәселен, былтыр Екібастұз қала­сы­ның әкімдігі үнсіз жатқан ғимарат иелерін сотқа берген-ді. Осылайша, облыс басшылығының бастамасы бойынша республикалық дең­гей­де қолданыстағы абаттандыру ережелеріне түзетулер енгізу мәселесі қарастырылуда. Мамандар құрылысы ұзаққа созылған нысан­ның иесін аумақты қоршау, оның сәулеттік бейнесін қалпына келтіру және бөгде адамдардың кіруіне ты­йым салуды заңнамалық тұрғыдан міндеттеуді ұсынып отыр. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдарға жағдайды бақылауда ұстап, тиісті шараларды қабылдауға мүмкіндік беруге тиіс.

Әкімдіктегілердің қатаң шара­сы­ның әсері ме, әлде қалтасы қа­ра­жат­қа толды ма, әйтеуір күн жы­лынғаннан бері кәсіпкерлер құры­лыс жұмыстарын аяқтауға кірісті. Оған қуануымыз бекер екен. Кейбір құрылыс нысандары жалпыға ортақ жерде салынып, тұрғындардың ашуын туғызуда. Сөйтсек, инженерлік-коммуникациялық желілер өтетін учаскелер әлдеқашан жекенің қо­­лына өтіп кеткен. «Сақалды» құ­ры­лыс болғандықтан кезінде рұқ­сат қағазын үлестірген шенділерді табу қиын шығар. Бұл жерде сыбайлас жемқорлықтың исі шығатыны айтпаса да түсінікті.

Жақында әлеуметтік желілерде тұрғындар дабыл қағып, М.Горь­кий, 27/1 және Сәтбаев, 245/1 ме­кен­жайлары бойынша салынып жатқан тұрғын үй құрылысының қан­шалықты заңды екенін құзырлы органдардан талап етті.  Алаңдауға негіз бар. Себебі құрылыс жұ­мыс­тары су және кәріз жүйелері өтетін учаскеде жалғасуда. Белгілі бол­ғандай, жер учаскесі әу баста автотұрақ ретінде сатып алыныпты. Кейін жерді пайдалану мақсаты «Тұрғын үй құрылысын жүр­гізу» ретінде өзгертілген. Ол аумақта диаметрі 150 мм болатын шаруашылық су құбырлары мен диаметрлері 300 мм және 700 мм кәріз коллекторлары орналасқан. Коллектор Сәтбаев-Мәшһүр Жүсіп, М.Горький-Шөкин көшелерінің аумағындағы көп­қабатты үйлерге, әлеуметтік нысандарға, балабақшалар мен мектептерге қызмет көрсетеді. Аталған аудандағы жалғыз жүйе екенін де атап өткен жөн. Сондықтан оның үстінен үй тұрғызу дұрыс емес деп есептейді тұрғындар. Екінші тарап өз кезегінде тиісті құжаттарды көрсетіп, ешқандай заңбұзушылық жоқ екенін алға тартуда. Бұл іске «Павлодар-Водоканал» ЖШС басшысы Анатолий Моисей араласып, мән-жайды түсіндіріп берді.

– «Павлодар-Водоканал» ЖШС екі көпқабатты үйдің құрылысын емес, сумен қамту және суды бөлу желі­­лерінің орналасқан жерін ауыс­­тыруды ғана мақұлдады. Ал су желілеріне қосылу үшін техни­ка­лық шарт беруге қатысты өтініш кері қайтарылды. Сонымен қатар жекеменшік компанияның құрылыс жүргізуге рұқсат беретін құжаттары жоқ. Жерді пайдалану мақсатын инженерлік желілерге қызмет көр­се­тетін кәсіпорындармен келіс­пей өзгертуі де заңғы қайшы әрекет. Сондықтан «Павлодар-Водоканал» серіктестігі үйлердің құрылысын заңсыз деп тану жөнінде сотқа арыз берді. 4 сәуір күні Павлодар қа­лалық соты аталған аумақтарда қан­дай да бір құрылыс-монтаждау жұ­мыстарын жүргізуге тыйым салды, – деп мәлімдеді компания басшылығы.

Тұрғындар бас көтерген соң тұрғын үй құрылысы тоқтады. Ал­да­ғы уақытта мұндай келеңсіздіктер жиі кездесетінін сезіп отырмыз. «Сақалды» құрылысқа айналған нысандардың шикілігі көп. Бұл шаруамен ANTIKOR айналысса, біраз былықтың ашылары сөзсіз.

 

ПАВЛОДАР