Алматы облысының Кербұлақ ауданында Қоянкөз деп аталатын шағын ғана ауыл бар. Халқының саны 1,3 мың шамасында. Жоңғар Алатауының етегінде орналасқан осы елді мекеннен атағы алысқа жайылған спортшылардың қалың шоғыры шықты. Солардың арасынан Берік Жетпісбаев, Мейіржан Қашағанов және Азамат Мұқановты бөле-жара атауға болады. Кезінде сол саңлақтар көптеген дүбірлі додада Қазақ елі намысын абыроймен қорғады. Жалпы, Қоянкөзден төрт Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бір еңбек сіңірген спорт шебері, екі халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 15-тен аса спорт шебері шықты. Ал осындай жарқын жеңістер мен зор табыстардың алтын бастауында Бақыт Қоқысбековтей білікті бапкердің тұрғанын Жетісу өңірінің жұртшылығы жақсы біледі.
Қоқысбековтер отбасы бірер жыл Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Қаракемер ауылын мекен етті. Түрген өзенінің оң жағалауында 1954 жылдың 5 желтоқсанында болашақ бапкер дүниеге келді. Кейіннен бұл әулет өздерінің туған жері – Қоянкөзге қайта оралды. Бәкең бала кезінен спортқа қатты қызыққанымен, ауылды жерде арнайы үйірме болмады. Сондықтан да дүбірлі додаларда дараланған балуан болу бақыты оған бұйырмады. Әскер қатарынан оралғаннан кейін жас жігіт арман қуып, Алматыға келді. Республикамыздың бас шаһарында үйірмелердің сан-алуан түрі болғанымен, оның таңдауы бірден самбоға түсті. Күрес залына әбден буыны қатқан кезінде бас сұққанына қарамастан Бақыттың қала біріншілігінде жүлдегерлер қатарынан көрінуге күш-жігері жетті. Басқа да турнирлерде топ жарды. Бірақ кезекті бір жаттығу барысында белін қатты зақымдап алып, соның салдарынан боз кілеммен қош айтысуына тура келді. Содан кейін ол бапкерліктің қамытын киді.
Бақыт аға айтады: – 1981 жылы Қоянкөзге оралған бетте мектептің аумағы бар-жоғы отыз шаршы метрді құрайтын бөлмесін спортзалға айналдырдым. Сол жерге балаларды жинап, күніне бірнеше мәрте жаттығу жұмыстарын жүргізе бастадық. Алғашында көп қиналдық. Шағын күрес залында кеңінен көсілу мүмкін емес. Оның үстіне іші мақтаға толтырылған кілем қайта-қайта жиырылып қала береді. Соны қалпына келтірудің өзі біраз уақытты қажет етеді. Спорттық киім мүлде жоқ. Қажетті күртешелерді алғашында зайыбым Тәттігүлге, кейіннен аудан орталығындағы ательеге апарып тіктірдім. Сөйтіп жүріп, біраз жыртығымызды жамадық. Ол кездері Кербұлақ ауданында самбо күресі тұралап қалған еді. Облыс аумағында өтетін жарыстарда Сарыөзектің өрендерімен кездесетінін естіген кезде өзге жақтың балуандары «Оңай олжаға кенелетін болдық» деп алақандарын ысқылап отыратын. Дереу сол олқылықтың орын толтыру қажет болды. Содан жаттығуға мықтап кірістік. Күніне екі-үш мәрте даярланамыз. Алғашқы жаттығу таңғы сағат бесте басталады. Түсте де, кеште де аядай залда аянбай тер төгеміз. Күнделікті 14 шақырымды артқа тастап, Шанханай ауылына дейін жүгіріп қайтуды дағдыға айналдырдық. Бастапқы кезде үйірмеге балалар көптеп келген еді. Бірақ қатаң тәртіпке шыдай алмаған олардың қатары күн санап сиреді. Ал шыдағандары шынығып шығып, уақыт оза ширатылған арқандай шиыршық атты.
Шәкірттерінің айтуынша, Бақыт Жәкетұлы өте талапшыл және қатал жаттықтырушы болған көрінеді. «Бапкерге де бап керек» демекші, өзі таңғы бесте тұрады. Шәкірттеріне де сондай талап қойған. Жаттығуға келмегендерді үйлеріне іздеп барып, терезелерін тоқылдатады екен. Таңғы тәтті ұйқының құшағында жатқан жеткіншектерді төсектен жұлып алады да, жетектеп әкетеді. Желкелеп тұрып сапқа тұрғызады. Қақаған қыс па, әлде шілденің шіліңгір ыстығы ма, оған бас қатырып жатқан Бәкең жоқ. Ең бастысы, ауыл тұрғындары бапкердің бұл қылығын ерсі көрмейтін. Өйткені жаңадан келген маманның қолға алған ісі құптарлық. Оның мақсаты – жергілікті жастарды спортқа баулу. Ал ертеңгі күні солардың арасынан әлдебіреулер дүбірлі додаларда дараланып жатса, ең алдымен, ауыл-аймақтың абыройы артады. Соны қоянкөздіктер қаперлеріне мықтап түйді.
Қоқысбековтен тәлім-тәрбие алып, осындай «сүзгіден» өткен самбошылар араға үш-төрт жыл салып, өздерінің тырнақалды табыстарына қол жеткізе бастады. Әуелі Аманкелді Қожахметов облыс чемпионы атанса, көп кешікпей Бәзілжан Қалиев, Болат Үсембеков, Мұхит Шынбаев, Төкеш пен Ғалымжан Таймолдановтар республикалық деңгейдегі жарыстарда жүлдегерлер санатынан көрінді. Ал 1990 жылы Жұмажан Нұрбеков жастар арасында өткен Қазақстан біріншілігінде топ жарып, спорт шеберінің күміс белгісін кеудесіне тақты.
Бақыт аға айтады: – Отандық самбоның болашақ жарқын жұлдызы Берік Жетпісбаев үйірменің табалдырығынан аттағанда 12-13 жас шамасында еді. Бастапқыда оның басқа балалардан еш ерекшелігі байқалмады. Десек те өзінің еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында Жетпісбаев уақыт оза өзгелерден оқшаулана бастады. Ең бастысы, ол жаттығуға аса жауапкершілікпен қарайтын. Көрсетілген әдіс-тәсілдерді лезде меңгеріп алады. Белдесу барысында соны сәтті қолданады. Білтемірге тартылғанда алдына жан салмайды. Кросс жүгіргенде де бәрінен бұрын келеді. Денесі мығым, қара күшке бай. Батылдығы мен байсалдылығы да бар. Алдында қандай азулы қарсылас тұрса да қорқу немесе қаймығуды білмейді. Боз кілемге шыққанда «өліспей беріспейтін». Дәл осы қасиеттерінің арқасында Берік спорттың бұл түріндегі биік белестерді бірінен кейін бірін бағындырды.
Иә, самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Жетпісбаевтың жүріп өткен жолы жанкүйерлердің көз алдында. Әуелі ол 1994 жылы Югославияның Нови Сад қаласында өткен жасөспірімдердің әлем біріншілігінде күміс медальды мойнына ілді. Келесі жылы Болгарияның бас шаһары – Софияда жастар арасында әлем чемпионы атанды. Көп кідірместен ересектер дуына түскен Берік қарсы келгендерді алып та, шалып та жықты. Атап айтсақ, 19 жасында Бішкектегі құрлық біріншілігінде күміспен күптелді. 1996 жылы Жапонияның астанасы – Токиода шымылдығы түрілген әлем чемпионатында қола медальды мойнында жарқыратты. Одан бөлек, екі дүркін Азия чемпионы және үш дүркін Әлем кубогының жүлдегері деген атақтарды еншіледі.
Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында Берік дзюдоға ауысты. Келген бетте небір сақа спортшыларды жолынан ығыстырып, еліміздің ең белді балуандарының біріне айналды. Сол тұста 66 кило салмақ дәрежесінің көшбасшылары саналған Иван Бағлаев пен Зекен Шаймерденов сынды саңлақтардың Жетпісбаевпен санасудан басқа амалдары қалмады. Бірер жыл Қазақстанның ұлттық құрама командасы сапында өнер көрсеткен ол елеулі табыстарға қол жеткізді. Ақыры спорт шеберінің күміс белгісін кеудесіне таққан соң кимоносын шегеге ілді.
Атағы алысқа жайылған Берік Жетпісбаевпен бірге ұзақ уақыт бойы қуықтай залда иық тіресе жаттыққан Мейіржан Қашағанов та талай ірі дүрмекте ысылды. Аса жеңіл салмақта күш сынасқан ол самбодан жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлем біріншіліктерінде үш рет жүлдегерлер санатына қосылып, қатарынан үш мәрте Азия чемпионы атанды. Боз кілеммен қош айтысқаннан кейін Мейіржан дарынды ұл-қыздарды джиу-джитсуға баулып, спорттың осы түрі бойынша еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағын иеленді.
Самбодан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Азамат Мұқанов та дәл осы Қоянкөз ауылының тумасы. 2007-2012 жылдары ол әлем және Азия чемпионы, бірнеше дүркін Әлем кубогының иегері, әлем чемпионатының төрт дүркін қола жүлдегері атанды. Оның алдында жасөспірімдер мен жастар буыны арасындағы жарыстарда да ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Кейіннен Азамат дзюдоға ден қойды. Бұл ретте де ол өзінің мықтылығын мойындатып, әлем чемпионатының күміс және Азия ойындары мен құрлық біріншілігінің қола медальдарын иемденді. Қазір Мұқанов дзюдодан Қазақстанның жастар құрамасының аға жаттықтырушысы болып қызмет атқарады.
Бақыт аға айтады: – Алыптардың ауылдан шығатыны белгілі ғой. Қазақтың кең-байтақ дархан даласында туып-өсіп, жастайынан қара жұмысқа жегілген балаларды спортқа бейімдеу де оңай. Бірақ ауылды жерлерде арнайы үйірмелер мен қажетті нысандар жоқтың қасы. Білікті бапкерлер кемшін, олардың еңбекақылары да мардымсыз. Осындай қиындықтарға көбісі төзе алмайды. Содан басқа салаға кетеді. Ал біздер тоқсаныншы жылдардағы тоқырау заманында ісімізді қиыннан қиыстыра білдік. Шіркін, Қоянкөз – берекесі мен бірлігі жарасқан ауыл ғой. Жергілікті кәсіпкерлер мен фермерлер, тіпті қарапайым халыққа дейін өз өрендері дегенде өзектерін жұлып беруге дайын еді. Алыс сапарға шығар алдында кейбіреулері азық-түлікпен көмектессе, кейбірі қорадағы малына дейін беретін. Жетпей жатса, аудан орталығы – Сарыөзектегі достарымыз қамқор қолын созады. Құдайға шүкір, қазір елдің жағдайы жақсарды. Мемлекет тарапынан спортқа қыруар қаржы бөлінеді. Бұрынғыдай біреудің алдына барып алақан жаю деген жоқ. Десек те сол қаражат көп жағдайда ауылды жерлерге жетпейді. Сол жағына қынжыламыз. Егер осы мәселе оңды шешімін тапса, шалғайдағы ауылдардан да әлі талай Олимпиада және әлем чемпиондары шығар еді.
Қоянкөзде 16 жылдан аса еңбек еткен Бақыт Жәкетұлы 1997 жылы Сарыөзекке қоныс аударды. Әуелі жаттықтырушы болды, арада тоғыз жыл өткен соң аудандық спорт бөлімін басқарды. Басшылық қызметте жүрсе де бапкерлік кәсіптен қол үзген жоқ. Қауырт жұмыстан қолы босағанда Бәкең бірден жаттығу залына тартатын. Сөйтіп жүріп, аудан орталығынан да бірқатар белді балуан шығарды. Қоқысбековтің сол шәкірттері арасындағы ең үздігі – Қазақстанның маңдайалды самбошыларының бірі әрі бірегейі Ділдәш Құрышбаева.
Жетінші сыныпта оқитын Ділдәшті күреске әкесі Нәрихан ертіп әкелген екен. Шыны керек, осы талшыбықтай қыздан келешекте әлемге әйгілі балуан шығады деген ой ол кезде ешкімнің қаперіне де кірмеді. Тіпті талай дарынды жастың томағасын сыпырған қырағы бапкердің өзі де соны мойындап отыр. Десек те «аманатқа қиянат жасамауға» бекінген Бақыт Қоқысбеков шәкіртіне бар білгенін үйретті. Міне, сол Құрышбаева бүгінгі таңда әлемдік самбоның жарқын жұлдыздарының біріне айналып отыр. 2013-2021 жылдарда өткен әлем чемпионаттарында ол алты рет жеңіс тұғырына көтерілді. Тарқатып айтсақ, аталған жарыстарда үш күміс пен үш қола медальды иеленді. Қатарынан алты рет Азия чемпионатында алдына жан салмай, алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ Құрышбаева 2018 жылы Жакартада алауы тұтанған жазғы Азия ойындарының жеңімпазы атанып, Ашғабадта жалауы желбіреген жабық кешендегі құрлықтық ойындарда бас жүлдені олжалады. Әлем кубогын иеленіп, басқа да көптеген халықаралық жарыста мол олжаға кенелді.
Бақыт аға айтады: – Ділдәштің еңбекқорлығы мен табандылығына сүйсінбеу мүмкін емес. Былтыр оның Ташкентте әлем чемпионы атануға тамаша мүмкіндігі болды. Қарсы келгендерін қоғадай жапырған шәкіртім ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Финалда ол Алис Шлезингермен күш сынасты. Оған дейін 32 жастағы Израиль өкілі самбодан екі дүркін әлем чемпионы, Еуропа біріншілігі мен Дүниежүзілік Универсиаданың жеңімпазы, дзюдодан Еуропа чемпионы, сол жарыстың төрт дүркін қола жүлдегері, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа ойындарының финалисі атанған. Белбеулі күрес пен күрештен де дүниежүзілік додаларда дара шыққан екен. Атағы жер жарған қарсыласынан еш қаймықпаған Құрышбаева белдесудің басынан аяғына дейін шабуылдады. Шлезингер тек қорғанумен уақыт өткізді. Алайда әділдікті белден басқан төрешілер Құрышбаеваға болмайтын жерден ескерту берді. Сол ескертудің кесірінен жерлесіміз бас жүлдеден қағылды. Бірақ қайсар қыз әлі де алтыннан үмітін үзген жоқ. Ол «Мен қалайда әлем чемпионы атануға тиіспін. Көздеген мақсатыма жеткенше үлкен спорттан қол үзбеймін», деп құлшынып отыр. Ал мен Ділдәштің сол белесті бағындыра алатынына еш күмән келтірмеймін.