• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2010

ЕУРОПАЛЫҚ ӨРЕДЕН – ЕУРАЗИЯЛЫҚ ӨЛШЕМГЕ

508 рет
көрсетілді

Өткен апта еліміз үшін көкейкесті мәселелердің көм­бесіне айналғаны ақиқат. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен әріптес елдердің парламентшілерін Қазақстанда тоғыстырған Трансазиялық парла­мент­тік форумы “ЕҚЫҰ-ның Еуразиялық өлшемі” тақырыбын текке күн тәртібіне шығармаған. Көтерген мәселелерін ақтаған форумда ЕҚЫҰ-ның еуропалықтан еуразиялық сипатқа ие болып келе жатқаны сәт сайын аңғарылды Сонымен, сенбі күні Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі аясында өткен форум өз жұ­мы­сын жалғастырды. Екінші күн­нің алғашқы сессиясының өзе­гіне айналған “Еуразия: дамып келе жатқан нарықтар және белең алып келе жатқан қатерлер” оты­рысында парламентшілер эко­номикалық даму, сауда, табиғи ресурстарды басқару, еңбек кө­ші-қоны, қоршаған ортаны қор­ғау мәселелерін талқыға салды. Сессия модераторы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті Петрос Эфти­миоу көтерілген тақырып төңі­регіндегі түйткілдерді түгендей келе, алғашқы сөзді Қазақстан Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжановаға берді. Ағылшын тілін бір кісідей меңгерген министр дабыры әлі ба­сылмаған қаржылық күйзе­ліс­тен шығуда Қазақстан қандай қа­дамдарды таңдағанын және осы орайда тындырылған тірліктерді тәптіштеп айтып берді. Форум делегаттары ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған елдің мысалын ыж­да­ғатпен тыңдап қана қоймай, со­ңынан бірқатар сауалдар қойды. – Әлемдік қаржы дағдары­сын еңсеруде Қазақстанның ішкі ресурстары жеткілікті. Қазақстан Республикасының Ұлттық қо­рында қазір 52 миллиард АҚШ доллары шоғырланған. Біз эко­номиканың қалпына келуінің оң нәтижесін қазір көріп жатырмыз. Қазақстан Үкіметі дағдарысты еңсеру үшін Ұлттық қордан 10 миллиард АҚШ долларын жұм­са­ды. Және 2500-ден астам орта және шағын бизнестегі кәсіп­орындарға мемлекет тарапынан же­ңілдіктер мен субсидиялар тү­рінде қолдау көрсетілді. 4700-дей жаңа жұмыс орындары жасақ­талды. Соңғы жылдары жан ба­сына шаққандағы ІЖӨ артып, ол 6 685 АҚШ долларына теңесті. 2001 жылдан бері елімізге 108 миллиард АҚШ долларымен тікелей инвестиция құйылды. Қа­зіргі таңда Үкіметіміз осы қа­ражатты қайта өңдеу секторына бағыттауды қайта қарастыруда. Инвестиция туралы заң ішкі және сыртқы инвесторлар үшін олардың қаражатын экономи­ка­ның өндірістік емес саласына салуға тең жағдай туғызады. Бизнесті жүргізу үшін әкімшілік кедергілерді азайтудың барлық шаралары қолға алынуда, – деді Жанар Айтжанова. Оның айтуынша, еліміз қазір шикізаттық минералды ресурс­тар­ды экспортқа шығаруға тәуел­ді болудан бас тартуға тырысуда. Қазақстан Үкіметі бүгінгі таңда экономиканы әртараптандыруды басты бағыт етіп ұстанып отыр. Да­мудың басым бағыттары ретін­де мұнай химиясы, фармако­ло­гиялық өндіріс, туризм және көлік салалары анықталған. Мұның бәрі өзімізге белгілі, үнемі естіп жүрген жәйттер болғанымен, ЕҚЫҰ Парла­мент­тік Ассамблеясына мүше мем­ле­кеттер үшін қаперде ұстар тұстар екендігі аңғарылды. Сондықтан да парламентшілер Кеден одағы қазақстандық бизнесмен­дер­ге жаңа мүмкіндіктер туғы­зады деген мәлімдеме төңірегінде де пікір алмасып, сауалдар қоюмен болды. Осыдан кейін сөз алған Шан­хай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Мұратбек Имана­лиев осы ұйымның 9 жыл ішінде атқарған тірліктері мен қол жет­кен табыстарын атады. Эконо­ми­ка мен қауіпсіздік – бұрынғыдан да бөлінбейтін, бірін бірі то­лық­тыратын және өзара терең бай­ла­ныстағы түсінікке айналуда. Әр­бір елдің ұлттық ерекшелік­те­рін ескере отырып, даму жолы­мен жүрген кезде ғана ойлас­тыр­ған жоспарларымызды іске асы­рамыз, деді ШЫҰ Бас хатшысы. Аталған ұйым бүгінде басқа халықаралық ұйымдармен бай­ла­ны­сын дамытып, сондай-ақ бір­лес­кен жобалар мен бағдар­ламаларды одан әрі жүзеге асырып жатқаны баяндалды. Шанхай ынтымақтастық ұйы­мына мүше мемлекеттердің бірік­кен рыноктары, минералдары, ши­кізаттық ресурстары, қуатты өн­ді­рістік базасы мен ғылыми-тех­ни­ка­лық әлеуеті бар. Біздің елдеріміз ресурстық, кәсіптік, көліктік және ғылыми-техникалық мүмкіндік­те­рі­нің арқасында Еуразия кеңіс­ті­гінде экономикалық байланыс­тар­ды бекемдейтін катализаторлар са­натына жатады. Бұл жоғары тех­но­логиялар саласындағы бірлескен жобалардың, сауда-экономикалық бай­ланыстарды жақсартудың та­быс­ты кепілі, деді ШЫҰ Бас хат­шысы. Мұратбек Иманалиев дәл қа­зіргі таңда ШЫҰ аясында эко­но­микалық ынтымақтастықта құзыр­лы 20 мамандандырылған орган­ның белсенді жұмыс жасап жат­қа­нын мәлімдеді. Оған қоса кедендік мәселелер, заманауи ақпараттық технологиялар, транзиттік әлеуетті дамыту жөніндегі арнаулы сарап­тамалық топтар әрекет етіп отыр­ған­дығын айтты. ШЫҰ басқа ха­лықаралық ұйымдармен өте тығыз байланыс жасап отыр. Табысқа күшімізді біріктіргенде ғана же­те­міз. Тұрақты экономикалық даму, халықтарымыздың әл-ауқатының жақсаруы, жұмыспен қамтамасыз ету – Еуразиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты, бейбітшілікті қам­тамасыз етудің ең тиімді фак­тор­лары, деді ШЫҰ Бас хатшысы осы орайда. Сондай-ақ, Қазақстандағы Еуропалық Комиссия Өкілдігінің жетекшісі Елші Норберт Жустен мен ЕурАзЭҚ Бас хатшысының орынбасары Мұрат Мұсатаев та осы ұйымдар тарапынан қысқа да нақты мәліметтер беріп өтті. Трансшекаралық өзендердің басында отырған елдер өктемдік жүргізгісі келеді... Осыдан кейін парламентшілер­дің ашық пікірталасы басталды. Сөз алған ЕҚЫҰ Парламенттік Ас­самблеясының Ауғанстан жө­нін­дегі арнаулы төрағасы, Фран­ция Ұлттық ассамблеясының депутаты Мишель Вуазен Орталық Азия елдерінде су ресурстары осы уақытқа дейін нашар басқарылып келгендігін алға тартты. Мақта, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру барысында су қорлары лас­танып, бей-берекетсіз пай­да­ла­ныл­ғанынан хабардарлығын білдірді. Арал мен Каспийдің ахуалын алға тартқан депутат, трансше­ка­ралық өзендерді тиімді пайдалана алмау да мемлекетаралық қаты­настарға кері ықпалын тигізіп отырғанынан мысал келтірді. Расында да солай, судың жо­ға­ры жағында отырған елдер оған билік жасайтыны ұдайы көтеріліп келе жатқан проблема. Алғашқы сес­сия кезінде түрлі мәселелер тіл­ге тиек болғанымен, пар­ла­мент­шілердің трансшекаралық өзен­дерді ынтымақпен пайдалану мәселесіне қайта-қайта орала беруі тегін емес. БҰҰ Бас хатшысының арнаулы өкілі Мирослав Йенча сәуір айы­ның басында Орталық Азия мем­лекеттерінде болып, Арал өңірін аралап, таң-тамаша болып қайт­қанын айтты. БҰҰ Бас хатшысы Арал мәселесі өңірлік деңгейден шығып, әлемдік деңгейде көңіл бөлуді талап ететіндігін атап көрсетті. Осы мәселені шешуде барлық шараларды жасаймыз, деді Мирослав Йенча. Модератор алғашқы сессияны қорыта келе, Аралға судың келіп жат­қанын, адамзаттық қателіктерді жөндеуде халықаралық қоғам­дас­тық алақан жайып отырмаған­ды­ғын көлденең тартты. – Ре­сурс­тарды басқару мен экологиялық мәселелерге ұлттық сипат берудің қажеті жоқ, мұның бәрі барша­мыз­ға ортақ, халықаралық мәсе­лелер, деген ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті Петрос Эфтимиоудің сөзімен бар­лық елдердің парламентшілері келісті. ЕҚЫҰ адам саудасы мәселесіне көз жұмып қарай алмайды Трансазиялық парламенттік форумның үшінші сессиясы “Адам өлшемі, діни толеранттылық, саяси даму, адам саудасымен күрес, ген­дер­лік теңдік” тақырыбына арнал­ды. Бұл отырыстың жүргізу тізгіні ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблея­сы­ның вице-президенті Пиа Кристмас-Меллерге тиді. Бұл отырыста ЕҚЫҰ-ның адам саудасымен күрес жөніндегі ар­наулы өкілі әрі үйлестірушісі Мария Грациа Джиаммаринаро ханымның мәлімдемелері өте батыл болғандығын атау керек. Сессияда бірінші болып сөз алған БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, БҰҰ-ның аймақтық орталығының Орталық Азиядағы превентивті дипломатия жөніндегі басшысы Мирослав Йенча: – Біздің орталығымыздың қақтығыстарды болдырмау ман­да­ты бар. Дипломатия жөніндегі өңірлік орталық 2007 жылы жел­тоқсанда Ашғабад қаласында жұ­мыс істей бастады. Бұл бірегей құ­рылым Орталық Азия мемлекет­терінің өтініші бойынша құрылған. Ақпараттар арасында үнқатысу орнату, бірлескен жобаларды жүр­гізу, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу, осының барлығы ЕҚЫҰ-ның Орталық Азияға қатысуын қамтамасыз етеді, – деді. Егер адам құқықтары бұзы­ла­тын болса, тұрақтылыққа қол жет­кізу өте қиын. Заңдарды сый­ла­мау­дың барлығы қақтығысқа жол ашады. Сондықтан қауіпсіздік сала­сындағы кез келген стратегия адам капиталын, адамның қауіп­сіздігін қамтуы тиіс, деді тағы да Мирослав Йенча. – Адамдарды саудалау, кісіні мәжбүрлі түрде құлшылыққа жегу, гендерлік теңдікті орнату істерінде ЕҚЫҰ үлкен тәуекелдерге бар­ғанын мақтанышпен айта аламын. Қоғамда дәл осындай қасіретті оқи­ғалар орын алып жатқанда біз­дің ұйым қол қусырып қарап оты­ра алмайды, деген Джиаммаринаро осы мәселелермен күресуде кедер­гілердің де аса көп екендігін жаба-бүр­кемелеген жоқ. – Адам сауда­сы жаппай өріс алып барады. Біз осы күнге дейін адам саудасының құрбандығына айналған 500-дей жанның тағдырына араластық. Бұлар – тек ЕҚЫҰ тарапынан қол­ға алынып, анықталған фак­ті­лер. Ал өмірде адам құқығының тапталып, еңбегі қаналып, саудаға түсіп жатқанын анықтау қиын. Адам еңбегін қанау белең алып тұрғанын жасырмау қажет. Еңбек қанаушылығы бар елдерде бұл жаппай сипат алуда, деді ЕҚЫҰ-ның адам саудасымен күрес жөніндегі арнаулы өкілі. Сол сияқты парламенттік фо­румда БҰҰ-ның адам саудасына байланысты 5200-дей іс қозғағаны және оны белгілі бір соттар қарап, жеңіл-желпі шешімдер шығарғаны мәлім болды. Әсіресе, жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүрлеушілер де заңның жазасынан оңай құты­латындығы айтылды. Мұның бәрі қылмыстық әрекеттер мен оның құрбандарын көбейтуде. Мұның бәрі қауіпсіздікке қатер төндіретін қылмыстар. Осы мәселелерді ке­шен­ді түрде шешуіміз керек. Адам саудасының құрбандары – көбі­не­се әйелдер мен қыз балалар. Қыл­мыстық топтар оларды құлшылық торына түсіріп, тәнін саудалауда. Кейбіреулер осыдан құтыламыз деп қаза тауып немесе із-түзсіз жо­ғалып кетіп жатыр. Сол сияқты та­мақ өнеркәсібінде, шахталарда, үй қызметінде қызметі тегін пайда­ла­ны­лып жатқан әйелдер мен балалар бар. Олардың жастық шағы, білім алу мүмкіндігі, тіпті келешегі жоқ. Құлдар сияқты ұсталады. Соңғы кезде балаларды қайыр сұруға мәжбүрлеу деректері де жиі қылаң беруде, деді ЕҚЫҰ-ның Адам сау­да­сымен күрес жөніндегі арнаулы өкілі Мария Грациа Джиам­ма­ри­наро. Қаншама тағдырларды тақсі­рет­ке душар етіп отырған адам сау­дасын болдырмау үшін күш-жігерімізді біріктіру керектігін алға тартқан Джиаммаринаро: – Халықаралық құжаттар, ұлт­тық заңнамалар қабылдау керек, ақпараттар жинап, есептілікті зер­де­лейтін ұлттық орталықтар құру қажет. Және осы жобаларды қар­жы­ландыратын көздерді қарастыр­ған жөн, – деді. Ең бастысы, ха­лықтың арасында адам саудасы бар екендігін ашық айтып, оны бол­дырмау үшін насихаттық, сақ­тық, төзбеушілік таныту мақ­са­тындағы шараларды белсенді қолдану қажеттігі сөз болды. Адамзатты алаңдатқан адам сау­дасы келеңсіздігін ЕҚЫҰ Пар­ламенттік Ассамблеясының еңбек көші-қоны жөніндегі арнаулы өкілі Катрин Ферриер ханым да қуаттап, күн өткен сайын әйелдер де зорлық еңбектің құрбаны бо­лып, мәжбүрлі түрде көшіп жүр­гендігін алға тартты және оларға төнетін қауіптің де көптігін атады. Адам саудасы мәселе – ЕҚЫҰ ай­налысатын ең басты мәселе болып тұр, деген Катрин Ферриер еңбек көші-қонын басқарудың түйткіл­де­ріне қатысты ұйымның ұстаны­мын таратып айтып өтті. Оның пікір-пайымдары осы тақырып­та­ғы пікірталастардың ең тұщым­ды­сы әрі нақтысы болғанын атаған жөн. Форумда бізге мәлім бол­ғаны, бүгінде 700 миллиондай мигранттар бар көрінеді. Шекаралардан тауарлар ғана емес, адамдар да өтіп жатыр. Адам­дарды өз елінен кетуге не мәж­бүр етеді? Табыс алшақтығы ма, жоқ әлде ауылдар мен қалалар ара­сындағы өмір деңгейінің ал­шақ­тығы ма? Қандай елдер мигранттар қабылдауға мәжбүр? Осы сауалдың бәрі жауабын ғана іздемейді, парламентшілерден қоғам алдындағы жауапкершілігі мен жанашырлығын да сұрап тұрғаны ащы ақиқат... Форум аясында өткен маңызды кездесулер аз емес. Парламент Мә­жілісінің Төрағасы Орал Мұ­ха­меджанов Финляндияның Эдус­кунт­тер мүшесі, ЕҚЫҰ Парла­мент­тік Ассамблеясының вице-президенті Киммо Кильюненмен кездесіп, екі елдің парламентара­лық қарым-қатынастарын жан­дан­дыру және тәжірибе алмасу мәсе­ле­лерін сөз етті. Сол сияқты Орал Мұхамеджанов сенбі күні Түркі тілдес елдер Парламенттік Ассам­блеясының Бас хатшысы Рамиль Хасановпен кездесіп, төрт мем­ле­кет кіретін осы ұйымның күздегі отырысын келесі жылға қалдыру­дың жай-жапсарын талқылады. Ақырғы сөз – қырғыз халқының ақылмандығында Қырғызстандағы ахуал жөніндегі арнайы комиссияның ой топшы­лауы осыған сайды. Ол елде болып жатқан белгілі оқиғалар әлемдік қо­ғамдастықтың елеулі алаңдаушы­лығын туғызуда. Осы шиеленісіп тұрған өткір мәселенің Алматыда өткен Трансазиялық парламенттік форумның арнайы сессиясында талқылануы бұған және бір айғақ. Өз тарапымыздан тағы бір пайым­дауымызды қоссақ, қырғыз – қа­зақ­қа бауыр халық. Бұл жайдың өзі әлім­сақтан тамыр тартып, жаңа заманда өрісін кеңірек жая түскен ақ таңдай анық ақиқат. Қырғыздың баяғыдағы Шоң Манасы мен қазақтың Ер Көкшесінің достығы бәрімізге мәлім мәңгілік жырдың мәністі тұстарынан саналады. Жайма кекіл жас Шыңғысты шыңға жетелеген Әуезовтің ұлы жүрегіне де сол бауырластық сәулесі себездеген бо­лар. Кейінірек осы айкөл Айт­матов­тың өзі “Әселім” әнін тудыр­ған біздің Ілия Жақановты: “Сол жігітті зерттеңдерші, түбі қырғыз емес пе екен?” деп ізерлеуінен де қазақ­қа деген қанда бар жылылық аңғарылады. Осындай туыстық тұр­ғысынан келгенде қазіргі қыр­ғыз бауырлардың басына түскен қиын жағдай, қияпатты күндерде қазақ­тың ет жүрегі бөлекше езіліп, бұл қасіретке басқадан гөрі нақ қазақ хал­қының көбірек күйзеліп қайғы­ра­тыны да анық. Ендеше, қырғыз­дың басына күн туғанда Қазақ елінің ЕҚЫҰ-да төрағалық етіп, төбе би болып отырғанына және бір шүкір демеске болмай­тын шығар. Халық наразылығы сипатында көрініс берген жаппай толқулар­дың салдарынан бұрынғы жүйе опырыла құлап түсті. Өкіметтегі өзгерістер күтпеген жерден болды. Оқиғалардың даму ауқымы мен шап­шаңдығы билікті де, нара­зы­лық­ты ұйымдастырушыларды да қайран қалдырған болуы керек. Қиын ахуалдағы қырғыз елінің астан-кестен бүліншілік пен құр­дымға батып, қырғынға ұшырау мүмкіндігі аса үлкен болатын. Нақ осы жағдайда Қырғызстандағы сая­си дағдарыстың алғашқы күн­дерінен бастап азаматтық текетірес қантөгісті болдырмаған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күш-жігеріне “ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өл­шемдері” екінші Трансазиялық парламенттік фо­румына қатысу­шы­лар жоғары баға берді. Бүлікші республикадағы сәуір оқиғаларына біздің ел басшы­лығының жедел араласуын сарап­шылар ЕҚЫҰ-дағы қазақстандық төрағалықтың айрықша мәнді нәтижелерінің бірі деп атады. Форумның Қырғызстандағы ахуалға арналған арнайы сессия­сын ашып тұрып ЕҚЫҰ Парла­мент­тік Ассамблеясының прези­денті Жоао Соареш ұйымның осы елдегі арнайы өкілдері Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбаса­ры Жәнібек Кәрібжанов пен Се­нат депутаты Әділ Ахметовтің бі­лік­ті іс-әрекеттерін ерекше атап көр­сетті. Олар іс жүзінде жан­жалдан кейінгі екінші күні дереу Бішкекке келіп, онда Қырғыз Республикасы уақытша үкіметінің басшылығымен, БҰҰ, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Еуро­одақ, қырғызстандық қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен келіс­сөз­дер жүргізді. Осы кездесулердің қо­рытындылары бойынша сарап­шылар таяу кезеңдегі Қырғызстан дамуының бірқатар маңызды бағыттарын белгіледі. Осынау ұсыныстардың мәнісі мен мән-жайын сессия отыры­сын­да ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­аға­сының Қырғызстан бойынша арнайы елшісі Жәнібек Кәрібжанов егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Оның айтуынша, қоғамдық тәртіп­ті тұрақтандыру және азаматтар мен олардың дүние-мүлкінің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету ахуал­ды реттеудегі өзекті фактор болуы тиіс. Шын мәнісінде елдегі зор­лық-зомбылық деңгейі күрт өсіп, соның өзі мазасыздықтың негізгі әрі негізді себебіне айналуда. Мем­лекеттік билікті нығайтып, конституциялық және құқықтық мәселелерді шешу үшін уақытша үкімет пен саяси партиялардың арасындағы үнқатысуды жолға қою керек, жұртшылыққа көзделіп отыр­ған реформалар жайын бүк­песіз жеткізіп, түсіндірген абзал. – Қырғызстан халқы өздерінің әлеуметтік жағдайының жақсаруы орайында үлкен үміттер күтеді. Осы орайда экономикалық міндет­терді шешуге ерекше көңіл бөлудің маңызы зор, – деп атап өтті ар­найы елші. – Қазақстан, оның үлгі­сіне ерген Ресей қырғыз ша­руаларына тұқым және жанар-жағар май жөнінен көмек көрсетті. Енді көктемгі егісті өткізіп, бір сөз­бен айтқанда, бөтеннің бизне­сін басып алуды, қылмысты өр­ші­туді қоя тұрып, өз еңбегіңнің зейнетін көретіндей болып жұмыс істеуің керек. Жергілікті өкімет орындары бюджет зәрушілігін тө­мендетіп, қолайлы инвестициялық жағдай туғызғандары дұрыс. Өз кезегінде ЕҚЫҰ Парла­мент­тік Ассамблеясы президенті­нің Қырғызстан бойынша арнайы өкілі, сенатор Әділ Ахметов уа­қыт­ша үкіметтің саяси және эконо­микалық реформаларды, парла­мент және президент сайлауларын сәтті өткізетіндеріне сенім білдірді. Өкінішке қарай, тағы да қан тө­гілген Қырғызстанның оңтүсті­гін­дегі соңғы оқиғалар ахуалдың әлі де қалыпқа түспегенін, тұрақ­тан­бағанын танытады, деп сабақтады сөзін елші. Сондықтан да біз өзі­міздің жақын көршіміз әрі туыс­қан халық тарихи мүмкіндікті құр жібермей, мемлекеттік институт­тар­дың барлық жүйелерін халық­аралық нормаларға сай заңдасты­рып алуларына тілектеспіз. Олай болмаған жағдайда Қырғызстанға өз мемлекеттілігінен айрылып қалу қаупі төніп тұр. Қырғыз халқы нақ осы­ны өзінің ежелгі ақыл­ман­ды­ғына салып аңғарулары керек-ақ. Айтқандай, өткен аптада Ош пен Жалалабадта орын алған тәр­тіпсіздіктерге байланысты Алматы­дағы форумға Қырғызстан деле­гациясы келе алмады. Оның орны­на Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкі­летті елшісі Жаныш Рүстенбеков өз еліндегі жағдайды бірсыдырғы баяндап өтті. Мәмілегер әуелі ЕҚЫҰ төрағасының орнында қабылданған дер кезіндегі әрі тиімді де пәрменді шаралар үшін Қазақстан басшылығына үлкен алғысын білдірді. Оның сөзіне қарағанда, Қырғызстан сәуір айының басында солтүстік пен оңтүстік арасындағы азамат соғы­сының табалдырығында тұрған. Тек Қ.Бакиевті республикадан тыс­қары алып шығу ғана жағдай­ды бәсеңдетіп, жаңа қақтығыс­тарды болдырмауға септігін тигізген. – Осынау жауапты қадам әлем­дік жетекші державалар көшбасшыларының ой-пікірлерін үйлестіре білген Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың зор беделін тағы бір айғақтады, – деді Ж.Рүстенбеков. – Біз қазір жаңа құқықтық өріске шығуға талпынудамыз. Басқарудың қандай үлгісін таңдау керектігі жөнінде пікірталастар өрбіп, конституция жобасы талқылануда. Бұл орай­дағы түйінді сөзін халық 27 мау­сым күнгі референдумда айтады. Қырғызстан елшісі форум де­ле­гаттарының назарын Қазақ­станмен арадағы шекараның жа­былуы халықтың экономикалық белсенділігінің төмендеуіне әкеліп соғатындығына аударды. Бұдан кейінгі жерде Қырғызстан эко­но­микасы іс жүзінде мүлдем құлды­рап кетуі ықтимал. Дәл қазіргі уа­қытта Қырғызстанның үлкен қар­жылық қиындықтарды да бастан кешіріп отырғандықтары ешкімге құпия емес. Осы ретте халық­аралық ұйымдар, соның ішінде Дүниежүзілік банк, Азия банкі, Еуропа банкі қажетті көмек көр­сетуге әзір. Бірақ оларды елдің уақытша үкіметінің әзірге заңнан тысқарылығы тежеңкіреп отыр. Соған қарамастан, олар ахуалдың күрделілігін ескере келе, қаржы бөлуге бейіл білдіруде. Бұл да бол­са, бір жағынан, ЕҚЫҰ төрағасы Қазақстанның осы мәселеде ұс­тан­ған тұрғысын айқындай түскендей. “Шекара” мәселесіне түсінік­те­ме бере келе, ЕҚЫҰ-ның ар­найы өкілдері Ж.Кәрібжанов пен Ә.Ахметов қазіргі шақта ол түйінді шешу жолында қырғыз әріптес­тер­мен және халықаралық ұйымдар­мен бірлесе отырып біздің еліміз­дің құзырлы органдары жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеді. Олай болса, адамдар қозғалысы мен жүк тасымалы жөніндегі уа­қытша шектеулер екі мемлекеттің де кәсіпкерлеріне шығын келтіріп жатқандықтан, барлық тараптар­дың да тілегі біреу – шекараны неғұрлым тезірек ашу. Сөйте тұра шекараның ашылуы қырғызстан­дық билік өз жағындағы ахуалды толық бақылауға алған жағдайда ғана мүмкін болмақ. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блея­сының басшылары Киммо Ки­льюнен және Йоран Леннмар­кер, Парламенттік Ассамблеяның вице-президенті Пиа Кристмас Мел­лер мен Парламенттік Ассам­блеяның комитет төрағасы, Қыр­ғызстандағы 2009 жылғы сайлауды бақылау жөніндегі миссияның басшысы Консилио Ди Нино, сон­дай-ақ Ресей, Әзірбайжан, Тә­жікстан және басқа мемлекет­тердің парламенттік делегация­ларының басшылары белсенді қатысқан пікірталаста Қырғызстан проблемалары қызу талқыға са­лы­нып, билік “көше парламентінің” қолында қалған жердегі шиелені­сіп асқынған жағдайларға әлемдік қоғамдастықтың үлкен алаңдау­шы­лығы білдірілді. Сарапшы­лар­дың пікірі бойынша сәуір дағ­дарысының салдарынан Орталық Азия өңірінде Ауғанстаннан кейінгі екінші тұрақсыздық ошағы пайда болған. Республика халқы парасатты кеңестерге құлақ асып, проблемаларды шешудің, тығы­рықтан шығудың бейбіт жолын ақылмандықпен тапқан жағдайда ғана азамат соғысының өртін шығармай басуға болатындай. Одан арғы шиеленісті өршітпей, жағдайды тыншытып, елге гума­ни­тар­лық көмек көрсету халық­аралық ұйымдардың ізгілікті мін­деті болып табылады. Форум аяқталған күннің ер­те­ңіне ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блеясының делегациясы Қырғыз­стандағы ахуалмен тағы да жете танысып, әділ бағасын беру үшін Бішкекке аттанып кетті. Қорғанбек АМАНЖОЛ, Айнаш ЕСАЛИ, Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ. АЛМАТЫ.