Біз Мұқағали ақынды жетпісінші жылдары көп көретінбіз. Айдында жүзген алып кемедей бір өзі көшені толтырып, ойға бөгіп келе жататын. Ол кісі сол кезде біз қызмет істейтін «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы Сейдахмет Бердіқұлов ағамызға жиі келетін.
Мұқаң келген күні жұмыс бабымен бастығымыздың кабинетіне кіре алмайтынбыз. Өйткені ақын кеткенше, бұл есік басқа жұртқа тарс жабылатын. Және бір айта кететін шындық, сол тұстары Мұқаңа соншама уақытын бөліп, тап Сейдағаң сияқты құшағын ашып қарсы алатын адамдар өте сирек еді. Қайта «Мұқағали ұрттап алыпты, одан әзер дегенде сытылып шықтым», деп өзін зор, оны қор етіп көрсеткісі келетіндер көп болатын. Жұрт ақынның сыртынан әлгіндей неше түрлі ғайбат айтып жатқанына біздің бастық пысқырмайтын.
«Олардың айтатындары – көре алмайтындардың сандырағы. Ұйқас қуалап, ақын атанып жүргендер Мұқағалимен тең емес екендерін жақсы біледі. Содан кейін қызғаныштың қызыл итін өстіп арпылдатып жүр. Ал Мұқағалидың бар жазығы тұлпар болып туғанында ғана. Жан-жағынан өсекті қарша боратып, кітабын шығартпаудың бар амалын жасайтындар көбейген сайын ақынның жүйкесі де жұқарып жүр. Бүгін, міне, тамаша бір поэма әкелді. Осы дүниені тезірек дайындаңдар. Әйтпесе әлгіндей иттердің кесірінен ол өзінің талантты ақын екеніне күмәндана бастаған сияқты», деді ол бірде күйзеле сөйлеп.
Әділетін айту керек, Сейдағаң қашанда Мұқаңнан көмегін аяған емес. Жылы сөзімен жұбатып, жігерін қайрап тұратыны өз алдына, Мұқаңның өлеңдерін әкелген бетте газетке тоқтаусыз басатын. Бұл сөзімізге ақынның ең сүйекті поэмаларының сол жылдары осы газетте басылғаны толық дәлел бола алады. Бір ғажабы, сол поэмалар оқырманға жол тартқан кезде Сейдағаң да ерекше қуанатын. Бас редакторымыз балаға үлкен кісінің киімін кигізгендей ешкімді ешқашан әсірелеп мақтамайтынын біз жақсы білетінбіз. Алайда оның ақын туралы шынайы пікірін оттай қаулаған қаңқу сөздер басып кете ме, біз оны дәл Сейдағаңдай түсіне алмаған екенбіз.
Әрине, ол кезде жас едік. Мұқағалидың өлеңдері керемет екенін де білетінбіз. Алайда ақын Баспасөз үйінің есігін аттаған сәтте «Мұқағали келе жатыр. Қазір сендерден араққа ақша сұрайды. Қашыңдар» деген сыпсың сөз сумаң қағады. Осылай адамдар санасыз тобырға айналып, ешнәрсенің байыбына бармастан бейнебір тарақан құсап, жөн-жөніне қаша жөнеледі. Әрине, олардың қатарында біз де бармыз. Өстіп қашып-пысып жүрсек те Мұқаңмен ұшырасып қалатынбыз. Тіпті салдыр-күлдір еткен ескі лифт тоқтап қараңғыда бірге қалып қойған сәттер де болды. Теңіздің суының дәмін тамшысынан-ақ білуге болады ғой. Сол сияқты қап-қараңғы лифтінің ішінде Мұқаңның бізді қорқытпай, ағалық лебізімен сабамызға түсіргені де бар. Міне, сол кезден бастап, ақынның дұшпандары айтқандай, оның көзге түрткі біреу емес, үлкен жүрек иесі екеніне нақты сене бастадық.
Араға біраз уақыт салып, Мұқаңмен бетпе-бет кездесуді Жаратқан ием бізге тағы да нәсіп етті. Бұл түс кезі еді. Мұндай уақытта редакцияда ешкім болмайды. Әркім әртүрлі шаруамен сыртқа шығып кетеді. Ал мен болсам, сол күні жіпсіз байланып, газетке баратын шұғыл мақаламды жазып отыр едім, бір кезде есік ашылды. Қарасам, Мұқағали аға екен. Үйге кім келсе де ізетпен қарсы алу қазақтың қанына сіңген әдет қой, мен де ол кісіні көріп, орнымнан тұрдым. Менің өзіне деген ілтипатым елеусіз қалмады.
– Қарындасым, рахмет. Бақытты бол, – деген ол: – Мен Сейдекеңе жолығуға келіп едім. Ол кісі орнында жоқ екен. Көп ұзамай келіп қалар. Ренжімесең, кабинетіңе кіріп отыра тұрайын, – деді де жауабымды күтпестен бөлмедегі орындықтың біріне жайғасты. Қасында бейтаныс кісі отырса алаңсыз жұмыс істеу де, ойыңды жинақтау да қиын ғой, әрі шұқшиып алдыңдағы қағаздан бас алмасаң, ол да көргенсіздік, адамды сыйламау екенін жақсы білетіндіктен, жазып жатқан жұмысымды доғарып, одан әрі не істерімді, не айтарымды білмей үнсіз отырмын. Тым-тырыс отыра берген де бір түрлі ыңғайсыз көрініп, үстелімнің үстінде жатқан «Лениншіл жас» газетінің соңғы сандарын қолыма алдым да, қарай отырыңыз дегендей ақынға ұсындым. Сол сәт көзім түсіп еді, жүзі тым жабырқау көрінді. Ол кісі селқостау қимылмен ұсынған газетімді қолына алуын алғанмен, қарап көруге асықпады. Менің өзіне назар бөлуімді күтіп отырды ма, әлде ішкі толғанысын біреумен бөлісуге асықты ма, бір түрлі торыққан үнмен сөйлей жөнелді.
– Қарындасым, сен «Дариға жүректі» оқыдың ба? – деді маған қарап. Мен кітапты тамсана оқып шыққанымды білдіріп, басымды сүйсіне изегенімді байқамай да қалдым. Ол кісі күткен жауабын алғандай, сөзін әрмен қарай сабақтады.
– Білесің бе, егер сол кітап басқа біреудікі болса, баяғыда-ақ Нобель сыйлығын алар еді-ау, – деп алып, үні бірте-бірте ширыға бастаған ақын жүзімнен бұл сөзінің еш әбестігі жоқ екенін аңғарған соң, әңгімесін тағы да жалғап кетті. – Бұл өмірде талантсыз болса да, таласқа түсетіндер көп екен. Қайтейін, жан-жағымнан шәуілдеп, жүйкемді әбден жұқартып бітті. Солардан бетімнің қайтқаны сонша, сенесің бе, осы күні Жазушылар одағына жолағым келмейді. Өйткені барсам болды, әлгі иттердің қайдан пайда бола кететінін, қарамды көргеннен қалжыңдаған болып «Поэзияда сенің нең бар? Қолыңа таяғыңды алып, еліңе барып қой бақ. Саған сол лайық», деп мысқылдап, жолымды кес-кестейді де тұрады. Бойымнан, поэзиямнан мін іздеуден шаршамайтын сол қорқаулардан запы болғанда, жаныңды ұғатын біреуді іздейді екенсің. Алайда біреуге көкірегіңдегі ащы мұңды айту оңай дейсің бе? – деді енді Мұқағали ағам таусыла сөйлеп.
Ақын ағамды аяп кеткенім сонша, қайткенде де оны жұбатқым келді. Бірақ қайтіп? Ол кісінің оңайлықпен серги қоюы екіталай ғой. Сол сәт үстелімнің үстінде жатқан Мағжан Жұмабаевтың кітабына көзім түсті. Дереу сол әлгі кітапты қолыма алдым да, ақынның көз алдына тостым. «Аға, өзіңіз білесіз, бұл кісі де ерекше талант иесі еді ғой. Оның да көрмегені жоқ...» – дедім мен қысқа қайырып. Бір ғажабы, тұтыға айтқан сөзім ақынның санасына тез сіңді. Әлгінде ғана сүлесоқ халде отырған ол дүр сілкініп, әлдеқандай ұзақ күткен жақсы хабарын естігендей жадырап сала берді.
– Ой, айналайын, атқан таңдай ақ қабағыңнан. Дұрыс айтасың, Мағжан сынды дүлдүлдің көрген қорлығының қасында... Сен осыны бір-ақ ауыз сөзбен жеткіздің ғой. Ойпырмай, Сейдекең сендерді, жастарды дегенім ғой, өзі сияқты ұғымтал адам етіп, кісілікке баулыған екен. Осындай басшыдан тәлім алу, онымен бірге жұмыс істеу жарты бақыт екенін ұмытпаңдар. Шындығында да ол өзі бір ғажап адам. Бірбеткей, мінезін, турашылығын көргенде ол маған біреудің сыртынан ғайбат сөз айтқандарды қылыштың қырымен бауыздаған, күншілдің көзіне қорғасын ерітіп құйған баяғы көк түріктің соңғы тұяғы сияқты елестейді, – деді. Осы сәтте ағамыздың лезде дауысы өзгеріп, көз алдымда басқа адамға айналып бара жатты. Жайлап ақынға қарап едім, көз жасы бетін жуып кетіпті. Соны байқап қалмасын деді ме, қолының сыртымен көз жасын тез-тез сүртіп жатты.
Апырай, мына кісі жылап тұр ғой. Шынында да біреу көңіліне қатты қаяу салды ма екен, жоқ әлде қызу ма деп ойлап үлгергенше, Мұқағали аға ойымды оқып қойғандай:
– Кешір, қалқам, бір босаңдық танытып алдым-ау деймін. Қап, бұлай етпеуім керек еді. Бәріміз пендеміз ғой... Мені де мына өмір қажытып жіберді-ау деймін. Бәрін қайыспай-ақ көтергің келеді. Бірақ кейде шыдамай кетесің. Өткенде баспаға жинағымды тапсырғам. Үн-түнсіз алып қалып еді. Енді міне, араға уақыт салып, оның тең жарымынан астамын қысқартамыз деп отыр. Сонда шығатын кітабым пышақтың қырындай ғана болмақ. Ішінде оқитын ойы жоқ болса да кейбіреудің кітабының қалыңдығы қарыстай болып шығады. Ал ондайды маған қимайды. Қызғанып отырған жоқпын, әділеттің жоқтығына өзегім өртенген соң айтып отырмын. Сондай кезде не істеріңді білмей, күйіп кетесің. Іштегі күйігіңді айтайын десең, осы күні сөз ұғатын адам таппайсың. Ал жігіттер бар ғой дейін десең, олар жан сөзін жартылықсыз тыңдаудан қалған. Ішкі түйсігіме сенсем, парықсыз әңгімемен таң атырып, кеш батырып жүрген сол еркектерге қарағанда қыздар ұғымтал ма деймін. Қазақтар тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас деп бекер айтты дейсің бе? Бұл сөздің шындығын бүгін саған қарап тағы да сезініп отырмын.
– Ой, аға, мен не істедім сонша? – деп едім, ол өзінің тым бейберекет, ашыла, ашына сөйлеп бара жатқанын енді аңғарғандай, кілт тоқтады да, орнынан тұрды.
– Көп сөйлеп, мазаңды алдым-ау деймін. Енді соның өтемі ретінде саған батамды берсем, оған қалай қарайсың? – деді де жүзіме барлай қарап тұрып: – Ал онда жай қолыңды, – деді. Мен сенімсіздеу түрмен қолымды жайдым. Бата ретінде бір шумақ жыр оқитын шығар деп ойладым. Жоқ, олай болмады.
– Лавр ағашын білесің ғой, ол мәңгі жасыл болып тұрады. Жапырақтары да басқа ағаштікі сияқты тегіс сарғаймайды. Жұпар иісі аңқыған бұл ағашқа ешқашан найзағай түспейтін көрінеді. Сондықтан да лаврды жұрт қасиетті санаған. Мерейі үстем ерлеріне лавр жапырағынан өрілген гүлтәжі кигізу де оны қасиетті санаудан туған дәстүр. Ендеше, пәле-жаладан сақтап жүрсін деп мен саған бүгін лавр жапырағынан жасалған сол гүлтәжіні кигізсем деймін.
Мен не ойларымды білмей езу тарттым.
– Жо-жоқ, сен күлме. Қайта гүлтәждің қолымда бар екеніне сенуің керек. Өйткені бәрі сенімге байланысты, – деп көзге көрінбейтін гүлтәжді еппен әкеліп, басыма кигізген қалып танытты. – Ал маған сенгенің үшін рахмет. Енді сөзімді қазақы ұғыммен айтайын. Қыз қырық шырақты дейді ғой. Жамандық атаулы сенен аулақ болып, барлық қырық шырағың түгел жансын. Әумин, – деп бетін сипаған күйі тез-тез басып, есіктен шыға жөнелді. Мұқаңнан осыншама жылы лебіз естігеніме сенер-сенбесімді білмей, әрі әлгіндей күлкілі көріністі көңіліме сыйдыра алмай, өң мен түстің арасындағы бір халде, ол кісіге тым болмаса рахмет айтуға да жарамай қала бердім.
Содан бері қанша уақыт өтті десеңші. Алайда жан баласына тіс жарып, бұл жөнінде айтпадым. Себебі Мұқаңды түсінуден гөрі, қорлауға, қаралауға дайын тұратындарға келеке болып жүрермін деп сақтансам керек. Кейіннен ақынның рухани өмірі басталған шақта ерінбегеннің бәрі ол кісіге қамқор болғандарын жарыса айтып жатқан кезде өзімді олардың сапынан көргім келмеді. Алайда Мұқаңның батасын алу кез келген адамның маңдайына бұйыра бермегенін ойлап, бұл әңгімені оқырман назарына енді ұсынып отырмын.
Жұмагүл Солты,
журналист