• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тағзым Бүгін, 09:02

«Мен өмірді жырлау үшін келгенмін»

30 рет
көрсетілді

Тәңіртаудың етегінде дүние есігін ашқан ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай, Тасашы орта мектебі жанындағы интернат оқу­­шыларының қатысуымен «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты әдеби-танымдық кеш ұйым­дастырылды.

Өмірін өлеңмен өрген ақынның шоқтығы биік шығармаларын насихаттай отырып, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, ел мен жерді қадірлеуге бағытталған әдеби-мәдени іс-шараға аудан­дық мә­дениет, тілдерді дамыту, дене­шынықтыру және спорт бөлі­­мінің басшысы Талғат Әріпжанұлы, Кеген халық театрының ре­жис­сері, ақын Аршын Нұрбақыт, Ал­маты облыстық «Алатау арайы» газетінің тілшісі Дәурен Ермек­байұлы, мектеп директоры Нұр­­гүл Абықанова, ұстаздар мен интернат тәрбиеленушілері қатысты.

Жырқұмар өнерлі өрендер ақынның жүрек тербетер әндерін әуелетіп, сыршыл поэзиясының тиегін ағытты. Сонымен қатар «Аққулар ұйықтағанда», «Жоқ, дәрігер» атты жырларынан көрініс келтіруі тағылымды кештің маз­мұнын арттыра түсті.

Интернат тәрбиеленушілері Мұқағали Мақатаевтың лирика­лық шығармаларын аса шебер оқыды. Атап айтсақ, Айғаным Самал ақынның «Поэзия, менімен егіз бе едің?», Қайрат Әли «Үш бақытым», Ақжарқын Тілепберген «Дос болам, десең!», Нұрсұлтан Бақберген «Пай, пай өмір!», Айару Әлін «Туған өлке» атты өлеңдерін тебірене оқып, көптің қошеметіне бөленді. Ал аудандық мәдениет үйінің әншілері Кәдірбек Сүлейменнің «Қайран Қарасазым-ай!», Нұрым Байбаланың «Есіңе мені алғайсың», Серікбек Бижа­мал­дың «Сенің көзің» сынды әнде­рін тамылжыта шырқауы тыңдар­ман көңілін тұщытты. Өз кезегінде  ақын Аршын Нұрбақыт ақын өміріне байланысты естелік айтып, таңғы шықтай жырларын оқыса, кеш қонақтары Мұқағали мұрасының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатынын ерекше атап өтті.

Кеш соңында поэзиялық кешке белсене атсалысқан оқушылар мен тәрбиеші-ұстаздар Алғысхаттармен марапатталды.

«Мен – ХХІ ғасыр ұрпақтары­ның құрдасымын» деп кеткен Мұ­қағали халқымен бірге мәңгі өмір сүріп келеді. Оның жауһар жырларын жас өскін де жылы қабылдап, жатқа оқуды дәс­түрге айналдырғанын бүгінгі кеште тәрбиеленушілеріміздің белсен­ділігінен анық аңғардық», деді кешті қорытындылаған интернат меңгерушісі Құралай Төкенқызы.

 

Алматы облысы 

Соңғы жаңалықтар