• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жәдігер Бүгін, 08:58

Ақынның кесесі музейге табысталды

20 рет
көрсетілді

Мұқағали Мақатаевтың туған жері Қарасаз ауылындағы ақын мұражайы таңғажайып талант иесінің мол мұрасы сақталған киелі шаңырақ. Онда барлығы 1281 жәдігер жинақталған болса, экспонаттардың 250-і – көрнекті ақынның тіршілігінде тұтынған тұрмыстық бұйымдары мен кітаптары. Осынау жәдігерлердің бірсыпырасы ақын мерейтойы аясында Алматыға әкелініп, Ұлттық орталық музейде көрермен назарына ұсынылды.

Жылжымалы көрмеге ақын­ның шахмат тақтасы, домбырасы, жазу мәшіңкесі, портфелі, қол сағаты, сия сауыты, қолжаз­бала­ры мен фотосуреттері қойылды. Әсіресе Ғабит Мүсірепов тарту еткен алтын қаламсап, Әбділда Тәжібаев сыйға тартқан насы­бай шақшасы, 96 беттен тұратын қолжазба дәп­тер, ақын қолы­ның табы қалған кітаптар экспозиция мазмұнын арттыра түскен.

«Алматы қаласы мен Алматы об­лыстық Музейлер бірлестігі мұ­рындық болған көшпелі көрме­ге негізгі жәдігерлерді әкеліп отырмыз. Қаладан 320 шақырым қашықта орналасқан біздің ауылға  Мұқағали музейін тамашалау үшін еліміздің түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетелдерден жылына мыңдаған адам келеді. Ақын ауылы қонақтарын құшақ жая қарсы алуға әр кез дайын. Мерейтойға орай ұйым­дастырылып отырған көш­пелі көрме Қарасаз ауылы­на баруға мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін таптырмас олжа болды деп санаймыз», дейді М.Мақатаевтың әдеби-ме­мориалдық мұражайының ғылы­­ми қызметкері Баттал Әділет.

Айрықша көрменің ашылу салтанаты «Жырлайды жүрек» деп аталған әдеби-сазды кешке ұла­­сып, Ж.Елебеков атындағы рес­­­­пуб­ликалық эстрада-цирк кол­­­леджі­нің студенттері ақын өлең­деріне жазылған әндерді орындады.

Әдеби-сазды кеш аясында Мұқа­­ғали Мақатаев атындағы қоғам­дық қордың директоры Бақыт­­күл Айдарова, «Мұқағали» жур­на­­лының бас редакторы Дүй­сен Мағлұмов, ақын Бақыт Бедел­хан, ақын Бақыт Жа­ғыпар­ұлы қалам­гердің шығар­машылық мұра­сы туралы ой бөлісті.       

Ұлттық орталық музей ди­ректо­рының міндетін атқарушы Сержан Саров, жыр мерекесі­нің көрігін қыздырған көркем жоба Алматыда салтанат құрып, халқының сүйікті перзентін жыр бесікте тербеген Қарасаздағы ақын мұражайының арнайы келуі сәулелі жырдан қуат алып, Мұқағали әлемімен үндескісі келген көрерменге қуаныш сыйлағанын жеткізді.

Ақын даңқы асқақтаған сайын, ұлы қаламгердің саусағы тиген заттардың бәрі қымбат. Өз кезе­гінде Бақыткүл Айдарова ақын ұрпақ­тарының атынан Мұқаға­лидың өзі тұтынған кесесі мен өмірінің соңғы кездерінде ауруханада киген киімін, сондай-ақ ақын мұрасын қамтыған бірнеше кітапты Ұлттық орталық музейдің қорына табыстады.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар