• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Әлем 14 Сәуір, 2022

«Москва» отқа оранды

259 рет
көрсетілді

Ресей әскери-теңіз флотының ең қуатты кемелерінің бірі, Қара теңіз флотының флагманы «Москва» крейсері отқа оранды. Бұл туралы жаңалық әлеуметтік желілерде тараған еді. Кейіннен Ресейдің қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты растады. Украина тарапы крейсерді қанатты зымыранмен атқылағанын хабарлап отыр.

Ресей Қорғаныс министрлігі «Москва» крейсерінде шыққан өрт салдарынан кемедегі оқ-дәрілер жарылды деп мәлімдеді. РИА Новости агенттігі келтірген деректерге сүйенсек, кеме қатты зақымданып, экипаж толығымен эвакуацияланған көрінеді. Қазір өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Ресей тарапы «Москваның» теңіз түбіне кетпегенін, әлі де жүзе алатынын алға тартады. Қазіргі таңда өрт сөндірілген, кеме портқа апарылады.

Дегенмен Украина тарапы крейсерді зымыранмен атқылап, батырып жібер­генін алға тартып отыр. Сәрсенбі күні таңертең Одесса облыстық әкімшілігінің басшысы полковник Максим Марченко украин әскері «Москва» крейсерін кемеге қарсы қолданылатын «Нептун» қанатты зымырандарымен атып, оған айтарлықтай зиян келтіргенін хабарлады. «Шекарашыларымыз кемені Змейный аралынан кейін баруға тиіс жерге жіберді», деп жазды М.Марченко.

Естеріңізде болса, Украинадағы қақ­ты­ғыс басталғанда Змейный ара­лын қорғап тұрған Украина шекарашы­лары­ның ресейлік кемемен рация арқылы сөйлескені тараған еді. Онда әскери­лер крейсердің кетуін әдепсіз сөзбен жеткізеді. Украина тарапының хабарлауынша, осы оқиғаға басты себепкер – «Москва» кемесі.

Крейсердің отқа оранғаны туралы ақпаратты Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович те тілге тиек етті. «Екі мат­рос дұрыс емес жерде темекі шеккен не­месе тағы да қауіпсіздік шараларын сақ­тамаған секілді. Әйтеуір Белгород ұрынған сәтсіздік секілді «Москваның» да жолы болмады», деп мысқылдады А.Арестович.

Алда-жалда «Москва» крейсерінің «Нептун» қанатты зымырандарымен атқыланып, суға батырып жіберілгені жөніндегі ақпарат расталса, бұл Ресей флотының Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен шығыны саналмақ. Сол кезде «Марат» линкорына неміс ұшақтары шабуыл жасап, айтарлықтай зардап келтірген-тұғын.

«1164 Атлант» зымыранды крейсер­лерінің санатына кіретін «Москва» – Ресей әскери-теңіз күштерінің екінші қуатты кемесі. (Ең қуатты кеме Солтүстік флотқа тиесілі «Петр великий» атомдық зымыран крейсері). Жалпы, «Москва» 1982 жылдан бастап қолданысқа берілген. Алғашқыда оны «Слава» деп атады. 1996 жылы «Москва» деген атауды иеленді. Оның экипаж құрамы – 510 адам. Бір айға жуық портқа кірместен теңізде жүзіп жүруге қабілетті.

Крейсердің қолданысқа берілгеніне ұзақ уақыт өтпесе де «Москва» ескі кеме саналады. Тіпті 2018 жылы оны қол­­даныстан шығару жөнінде әңгіме айтылған болатын. Бірақ кеменің қозғалт­қыштарына күрделі жөндеу жасалып, қайтадан теңізге жіберілді.

Қазіргі таңда Ресей әскер-теңіз күштерінде «Атлант» крейсеріне жататын үш кеме бар. Соның ең үлкені де осы «Москва». Ол кемеге қарсы 16 «Вулкан» зымыранымен жарақтанған. Оны негізінен кемеге қарсы шабуылға қолданады. Десек те, жердегі нысаналарды жою, десантқа қолдау көрсету үшін де пайдаланылуы мүмкін. Сонымен қатар кемеде ұзақ қашықтыққа ұшатын С 300 ф «Форт» зениттік жүйесі, қысқа қашықтықтағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері, әртүрлі зениттік артиллериялық жүйелері бар.

Батыс сарапшылары «Москва» тура­лы біржақты пікір айтуға әлі ерте деп есептейді. BBC агенттігіне сұхбат берген сарапшылар Украинаның крейсерді атып-атпағаны маңызды емес деп санайды. Өйткені «Москва» – Жерорта теңізі флотының флагманы, Ресей әскер-теңіз күштерінің екінші қуатты кемесі. Оған зақым келуі Укриана әскерінің рухын көтеріп тастамақ.

«Кеме – «Қара теңіздегі ресейлік теңіз күштерінің символы». Соғыс басталғалы бері «Москва» Украинаға тікендей қадалған еді. Сондықтан оған келген зардапты көру украин жауынгерлерін бір желпінтіп тастайды», дейді Ресей теңіз зерттеулер институтының қызмет­кері Майкл Петерсен ВВС-ге берген сұхбатында.

Осылайша, «Москва» Украинадағы соғыста қираған екінші үлкен кемеге айналды. Бұған дейін Бердянск кентінің портында Ресейдің «Орск» деп аталатын десант тасымалдауға арналған кемесі суға кеткен болатын. Бұл десанттан бөлек, 20-ға жуық танк, 40 шақты броньдалған көлік тасымалдай алады.

Тараптардың келтірген мәліметтеріне сүйеніп бір жақты кесіп-пішіп пікір айту қиын. Соған қарамастан «Москваның» өртенгенін Украина да, Ресей де растап отыр. Ендеше, Қара теңіз флоты айтарлықтай шығынға ұшырады деп айта аламыз. Ендігі жерде әскери кемелер нысанасын атқылау үшін жағалауға жақын келуіне тура келеді. Мұндай жағдайда Украина қарулы күштерінің оларды зымыранмен атқылау қабілеті артпақ.

Осы орайда Украинадағы басқа да жаңа­лықтарға оралсақ. АҚШ прези­денті Джо Байден аталған елге 800 мил­лион долларға тең әскери көмек көрсетілетінін хабарлады. Бұқаралық ақпарат құралдары таратқан мәліміттерге сүйенсек, Украинаға нақты қандай қару жіберетіні талқыланып жатқан көрінеді.

Пентагонның мәліметіне қарағанда Киев танкіге қарсы «Жавелин» зымырандарын, камикадзе дрондар, сондай-ақ ауыр техника да алмақ. Атап айт­қан­да, Ауғанстанға жөнелтілуге тиіс 11 Ми-17 тік­ұшағы жіберіледі. Сондай-ақ 18 гау­бица, зениттік және артиллерияға қарсы радарлар, 200 бронетранспортер, 100 жол талғамайтын көлік, химиялық, биологиялық және радиациялық шабуылдардан қорғауға арналған жабдық бар.

Финляндия мен Швеция НАТО-ға кіру мәселесін жеделдетуге кірісті. Ре­сей а­талған мемлекеттер мұндай қадам­ға бара қалса, Кремль билігі Балтық жа­ға­лауын­да шаралар қабылдайтынын ескертті.

«Балтық жағалауында ядролық қару­сыз мәртебе туралы әңгіме енді қоз­ғал­майды. Тепе-теңдікті қалпына кел­тіру керек. Финляндия мен Швеция тара­пы НАТО-ға қосылуға үлкен қадам жасады. Ресейдің Украинаға басып кіруі Еуро­паның «қауіпсіздік ландшафтын» және Солтүстік Еуропа елдеріндегі «күрделі түрде қалыптасқан сананы» өзгертті деп мәлімдеді», деді Дмитрий Медведев.

Литва премьер-министрі Ингрида Си­моните В.Медведевтің сөздерін «жаңа­лық емес» деп есептейтінін жеткіз­ді. Лит­ваның қорғаныс министрі Арвидас Ану­саускастың айтуынша, Ресей Кали­нин­градта ядролық қаруын сақтап қалған.

Украина президенті Володимир Зеленский әлем елдерін мұнай эмбаргосын енгізуге шақырды. «Біріншіден, бізге мұнай эмбаргосы қажет. Еуропаның бүкіл елі Ресейдің отынынан бас тартуға дайын. Еуропалық одақ Ресейдің әскери машинасына демеушілік көрсетуді тоқтатуы керек», деді ол.

Ұлыбритания үкіметі Ішкі істер ми­нистр­лігі босқындармен жұмыс істеу үшін құрған екі виза схемасы бойынша Ук­­раи­надан Ұлыбританияға шамамен 16 400 адам келгенін хабарлады. БҰҰ-ның адам құқықтары кеңесінің мәліметіне сәй­кес 24 ақпаннан бері Украинадан шетел­ге босқан адам саны 5 млн-ға жуық­тап қалған.

Харьков облысының губернаторы бейсенбі күні Ресейдің қаланы атқылауы кезінде төрт бейбіт тұрғыны қаза тауып, 10-ы жараланғанын хабарлады. Украина күштері Харьков облысындағы Изюм қаласында көпірден өтіп бара жатқан әскери техникаларды қиратқан.