Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Талғат ЕРҒАЛИЕВПЕН әңгіме.
– Талғат Файзоллаұлы, сіз еліміздің экономикасын кәсіби мамандармен қамтамасыз ету мәселесін қарастырып, осы бағыттағы проблемаларды қалай шешуге болатынын зерттеп жүрген парламенттік жұмыс тобының мүшесісіз. Осы жұмыс тобының бүгінгі күні қандай жұмыстар атқарғаны жөнінде айтып берсеңіз.
– Бұл мәселені көтеріп, шешілуіне ықпал етуді көздеп жүрген жұмыс тобының бастамашысы бұған дейін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы болған, жақында ғана вице-спикерлікке сайланған Дариға Назарбаева еді. Мен Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінен осы жұмыс тобына өз тілегіммен мүше болып ендім. Біздің жұмыс тобымыз соңғы кезге дейін бес отырыс өткізді. Оның біріншісінде біз алдағы уақытта кадрлар даярлау болжамын қарастырдық. Келесі отырыстарда қажетті кадрлардың классификациясын жасау, мемлекеттік органдардың осы мәселені шешуге қаншалықты құзыреттілігі, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, мұнай-газ және т.б. салалардағы кадр жетіспеушілігі, ЖОО-лар мен кәсіптік-техникалық колледждерде сапалы кадрлар даярлау мәселесі және осы бағыттағы заңнаманы жетілдіру мәселелері қарастырылды. Отырыстарға Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Индустрия және жаңа технологиялар, Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктері және т.б. мемлекеттік органдар мен ЖОО, қоғамдық ұйымдардан өкілдері қатысты.
Мәселенің көтеріліп отырған себебі қазақстандық ЖОО-лар мен кәсіптік-техникалық колледждер мамандарды жеткілікті дәрежеде дайындайды. Алайда, олар көптеген салаларда жетпей жатыр, соның себебін ашып, шешу жолдарын қарастыру.
– Сонымен, бүгінгі күнге дейін қандай мәселелер анықталды?
– 1991 жылға дейін біздің елімізде 55 ЖОО болса, қазір олардың саны 130-ға жетті. Демек, кадрлар даярлайтын оқу орындары жетіп артылады. Алайда, олар экономиканың сұранысына емес, өздері ұсына алатын мамандықтарды ғана басымдықпен оқытуда. Басқа жылдар емес, үстіміздегі, яғни 2014 жылға қажетті мамандарды министрліктер бойынша қарайтын болсақ, биыл мұнай және газ саласына – 2416, индустрия және жаңа технологиялар бойынша – 14478, көлік және коммуникация саласына – 5093, яғни барлық техникалық ғылымдар мен технология саласына 22 мыңдай маман керек екен. Ауыл шаруашылығы бойынша үстіміздегі жылға 4700 маманға сұраныс бар. Ал ЖОО-ларда оқып жатқандарға қарайтын болсақ, техникалық ғылымдар мен технология саласында оқып жатқандардың жалпы саны 112 353 адам, соның биыл бітіретіндері шамамен 22 мыңнан артық. Ендеше, сұранысқа ұсыныс сай деп айтуға болады. Бұл жақсы көрсеткіш. Алайда, оның да мәнісі бар, оған төменде тоқталамыз.
Ауыл шаруашылығы бойынша барлық оқып жатқандар, ветеринарияны қосып есептегенде, 14 мыңнан артық. Соның биыл бітіретіндері шамамен 3 мыңға жуық. Әрине, жоғарыдағы айтылған сұраныс 5 мыңға жуық болғанда бұл аздау. Бірақ осының бәрі де ауыл шаруашылығына барып, саланы көтеруге атсалысатын болса үлкен күш болар еді. Алайда, іс жүзінде осынша кадр салаға қызмет етпейтіні белгілі болып отыр.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жастардың көбі экономист немесе заңгер болуды ғана армандап, осы мамандықтарға ғана оқығанын білеміз. Бұл басқа салаларды мамандармен қамтамасыз етуде жетіспеушіліктің үлкен зардабына ұрындырды. Сол қайшылықтан біз әлі де арыла алмай келеміз. Мәселен, биыл Қаржы министрлігі өз саласына 132, Әділет министрлігі 134, Ішкі істер министрлігі 820, Төтенше жағдайлар министрлігі 180, Қаржы полициясы 45 қана маман қажет деп отыр. Барлығы – 1311 адам. Ал сол кезде құқық пен экономика және бизнеске оқып жатқандардың жалпы саны 156 760 адам. Соның биыл оқу бітіретіндері шамамен 31 мыңнан артық. Яғни ұсыныс сұраныстан 20 еседей көп. Бұл кадрларды жұмыссыздыққа ұшырататын және осыдан туатын әлеуметтік дағдарыстарға жетелейтін нағыз қайшылықты фактор.
Сонымен қатар, біз жоғарыда техникалық ғылымдар және технология саласына ұсыныс пен сұраныстың шамалас екенін айттық, алайда, мұнда да таза техникалық мамандықтардан гөрі саланың экономика жағына оқып жатқандары артық. Ауыл шаруашылығында да солай. Саланың нақты агроном, зоотехник, ветеринар, инженер сияқты қажетті мамандықтарынан гөрі бухгалтерлік есеп пен экономикаға оқып жатқандары басым. Өйткені, экономист, бухгалтер, аудит сияқты мамандық иелері басқа салаларға ауыса алады, ал басқаларға бұл қиындау.
Бізді толғандырып отырған ең басты проблема – осы, мамандардың жұмыс табуына қандай мүмкіндіктер тудыруға болады және бір мамандықтарға тым көп адамның оқуын шектеуге ықпал ету мәселесін қалай шешу болып отыр. Сонымен бірге, маман жетіспейтін салаларға жастарды тартуды ұйымдастыру жолдарын табуды көздейміз. Соның ішінде, бұл мәселе ауыл шаруашылығында алаңдаушылық тудырып отыр. Техникалық колледждер дайындауға тиісті кәсіби жұмысшылардың жетіспейтіндігі де көзге ұрып тұр.
– Енді осы мәселелерді қалай шешу жөнінде ұсыныстар туды ма? Қандай мүмкіншіліктер мен резервтерді іске қосу керек деп ойлайсыздар?
– Біз нақ осы мәселені басшылыққа алып, маман кадрлар жетіспеушілігінің сырын ашуды және соны шешуге ұсыныстар жасамақпыз. Елбасы өзінің биылғы Жолдауында «таяудағы 2-3 жылда дуальді, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру керек. Келешекте жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіруге көшіруді қарастыру қажет», деп атап айтты. Сонымен бірге, ол Үкіметке үстіміздегі жылдың 1 маусымына дейін осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар жасауды тапсырды. Біздің де міндетіміз осы талаптың орындалуына өз тарапымыздан атсалысу болып отыр.
Ең бірінші мәселе, ауыл шаруашылығына кадрларды тұрақтандыруға ойысады. Өздеріңізге белгілі, жоғары оқу орнын бітірген білікті жас ауылға барғысы келмейді. Өйткені, инфрақұрылым мүмкіндігі төмен. Жол жоқ, мектеп бастауыш қана, тұратын үй жоқ. Бізге анықтама берген Ауыл шаруашылығы министрлігі де өздерінше сарап жасаған екен, сонда олар кадрлардың ауыл шаруашылығына тұрақтамайтындығының мынадай себептерін анықтапты: біріншіден, бұл саланың еңбекақысы төмен, екіншіден, біз айтқандай, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым төмен, үшіншіден, ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек басқа салаларға қарағанда әлдеқайда ауыр. Өйтпей ше? Қаладағы еңбек белгілі сағаттарда тоқтайтын болса, мұнда кейде тәулік бойы жұмыс істеуге тура келеді. Мәселен, егін орағы кезінде агрономдар әрбір қолайлы күнді тиімді пайдаланып қалу үшін екі, кейде тіпті үш ауысыммен оратын диқандармен бірге 18-20 сағат бойы егістіктің басында болатынын білеміз. Зоотехник, веттехниктер де төл алу сияқты қауырт науқандардың кезінде үйіне келіп тамақ ішуге қолдары тимей жатады. Міне, осындайларды білетін маман қалтасына күректей диплом салып алғанымен, басқа салаға ауысуға ұмтылып тұрады. Ондайлардың көбі, әсіресе, әлеуетті органдар жағына жиі ауысады екен. Алдымен бір кіріп алған соң осында жүріп сырттан оқу арқылы екінші дипломға қол жеткізеді.
– Сонымен, мамандарды тұрақтандырудың қандай жолдары бар?
– Ол үшін ауыл шаруашылығы мамандарын ынталандыру жүйесін жақсарту керек. Ең біріншіден, насихат құралдары бұл сала мамандарының әлеуметтік маңызын арттыратын, беделін көтеретін мемлекеттік саясат ұстануы керек. Насихатсыз, идеологиялық қолдаусыз салаға жақсы мамандарды тұрақтандыру қиын. Ауыл шаруашылығы мамандарына БАҚ көбірек көңіл бөліп, озаттарын жиі көрсетіп отырса, адамның құлшынысы да артады. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығына барған мамандарға кезектен тыс қызмет көрсету сияқты ынталандыру жүйесін енгізу қажет. Мысалы, медициналық көмек көрсетуде ауыл шаруашылығы маманы аудан, облыстардағы емханаларда кезектен тыс қабылданғаны жөн. Сонымен қатар, олардың балаларына ЖОО қабылдауда жеңілдіктер берілуі керек.
Осындай жеңілдіктермен қатар мамандарды ауылда тұрақтандырудың тағы бір тәсілі – олардың қызмет орнының кепілді түрде сұраныста болуы. Оның мәнісі былай. Қазіргі ауылдық жерлердегі әкімшілік-аумақтық бөліністер бұрынғы кеңшардың аумағында құрылған. Қазір осы, ауылдық округтерде бір ветеринардың қызмет орны бюджеттің есебінен қаржыландырылады. Қалған мамандықтарды ауылдық округ есебінен ұстау қарастырылмаған. Кеңшар болса тарап кеткен, оның орнында 4-5 шаруа қожалығы егін егеді. Ал олар ауыл шаруашылық маманын өз қаржысымен жыл бойы ұстауға қауқары жете бермейді. Сондықтан кем дегенде 5 мың гектар астық егілетін ауылдық округте бір агроном және бір инженер ұстауға мемлекет тарапынан қаражат бөлінуі керек. Сол сияқты 1 мыңнан артық мал өсірілетін 3-4 қожалыққа кем дегенде бір зоотехник бюджет есебінен қаржыландырылғаны дұрыс. Оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін де мемлекет шешкені жөн. Ал 5 мың гектардан артық жерге егін себетін ірі қожалықтар кем дегенде бір агроном ұстауды өз қаражаты есебінен шешуі керек. Сол сияқты бір мыңнан артық мал ұстайтын қожалықтар да кем дегенде бір зоотехниктен ұстауы керек. Осының бәрі заңмен бекітілсе, ауыл шаруашылығына кадрдың баруына мүмкіндік ашылар еді. Әйтпесе, агроном, инженер сияқты мамандықты игерген кадрлар өздері сұранысқа ие болмайтын 3-4 айлық қыс айларында «ақысыз демалысқа» жіберілуден қорқады. Өйткені, олардың бала-шағасы бұл айларда да тамақ сұрайтыны сөзсіз...
Сонымен қатар «Жаңаның бәрі ұмытылған ескі» деген сөз бар. Бұрын ауыл шаруашылығының мамандары қызметтерін жақсы атқарып, жақсы нәтижелерге жетсе өздерінің қызмет баспалдағымен өсетіндіктеріне, ірі мансапқа қол жеткізетініне сенімді болатын. Кадр саясаты соны көздейтін. Ал қазір ондай мүлде жоқ. Аудан әкімдері мен оның орынбасарлары, облыстық мекемелердің басшы қызметкерлері, облыс әкімдері мен орынбасарлары ауыл шаруашылығы қызметінен өспейді. Олардың негізі тек бизнестің өндірістік емес, коммерциялық саласынан немесе құқық қорғау жағынан шыққандар. Сондықтан ауыл шаруашылығы маманы өзінің ешқашан карьера жасай алмайтынын біледі. Міне, осы қайшылықты да жойып, ауылдық аудандар мен саланың облыстық, тіпті, республикалық басшылықтарына міндетті түрде ауылда маман болып істеген жандардың ғана көтерілетініне кепілдік беретін заңнама керек. Сонда маманның ынталануы арта түсер еді. Міне, біз осы тәріздес нақты ұсыныстар дайындамақпыз.
– Ал ауылшаруашылық мамандарын дайындауда ЖОО-ларға қандай ұсыныстар жасар едіңіздер?
– Ауыл шаруашылық мамандарын дайындайтын ЖОО-лар өндіріспен тікелей байланыста болуы керек. Елбасы өзінің Жолдауында «жетекші университеттерді академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіруге жоспарлы түрде кірісу қажет», деген болатын. Мен шетелдерде ауыл шаруашылығы саласында оқитын балалардың аптаның бірнеше күнінде фермаларда жұмыс істейтінін білемін. Оларға шама-шарқынша еңбекақы да төленіп тұрады. Сонда болашақ маман әрі мамандықты игереді, әрі тамағына жететін қаражат та табады. Өкінішке қарай, бізде ол жоқ.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».