• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
09 Сәуір, 2014

Ислам банкі: оның қаржыландыру ерекшеліктері неде?

2213 рет
көрсетілді

Ислам банкі жүйесінің ел экономикасына дендей енетін күні алыс емес. Осы орайда, исламдық қаржыландырудың тұтас экономикамызға берер пайдасы қандай деген сұраққа жауап беру үшін алдымен оны терең түсінуіміз қажет. Дәс­түрлі банкинг жүйесіндегі сая­сатты барынша түсіне қой­майтын бұқара үшін бұл жолы барынша сауаттылық керек-ақ. Өйткені, ислам бан­кин­гінің принциптерінің бірі – адам­гершілік пен адалдық. Осы орайда, қаржы саласында 20 жыл­дан астам еңбек өтілі бар, МВА дәрежелі FCCA мүшесі Талант ҚАЛИЕВАҒА исламдық қар­жы­ландыру жөнінде бірнеше сұрақ қойған едік. – Талант Мұханбетжанқызы, ислам банкі жүйесінің дәстүрлі банк жүйесінен артықшылығы неде деп ойлайсыз? – Жалпы, ислам қаржыландыру жүйесіне деген жаңа, жақсы көзқарас әлемдік экономикалық дағдарыс толқынынан соң күшейе түсті. Өйткені, ислам қаржылық институттары дағдарысқа қарсы тұра алатындығымен әлем назарын аудартты. Оның басты себебі, шариғат бойынша ислам  банкингінде қаупі жоғары активтерге, жоғары тәуелділікті ипотека мен деривативке инвестиция салуға тыйым салынған. Исламдық қаржыландырудың жаһандық өндірісінде 1 трлн. 300 млрд. доллардан астам қаржы айналады екен, оған сенімділігін қосыңыз. Әлемде исламдық қаржыландырудың жүйе ретінде қалыптасқанына 40 жылдан астам уақыт өтсе де, біздің елімізде ол енді ғана аяққа тұрып келеді. 2011 жылы Астанада өткен Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумында Елбасы ислам экономикасын дамыту барысында әріптестікті жолға қою шаралары қабылданғанын жеткізген болатын. Сол жылы осы қаржыландыру көзінен алдағы 5-7 жыл ішінде 10 млрд. доллар қаржы тарту көзделгені тура­лы ақпарат таратылды. Елбасы Н.На­зарбаев көптеген елдердің ислам­дық қаржыландыруды өз дамуы үшін белсенді түрде қолда­нып жатқандығын атап өтті. Біз Ел­басы белгілеген бағыт бойынша, ел экономикасының кемінде 20 пайы­зын осы исламдық қаржы­лан­дыруға көшірсек, тұрақты даму көр­сеткішіне қол жеткізе аламыз деп нық сеніммен айта аламын. Өйт­кені, мен бұл салада 20 жылдан астам жұмыс атқарып келемін, ма­ман ретінде елге тигізер пайдасын жоққа шығара алмаймын. Тек кішігірім бизнес өкілдері ғана емес, тұтас ауыл шаруашылығын көтеру үшін біз осы исламдық қаржыны тартуымыз керек. Қаржы нарығын және қар­жы ұйым­дарын реттеу мен қада­ға­лау агенттігі қазақстандық екін­ші деңгейлі банктердің айна­лы­мын­дағы 18 трлн. теңгенің тең жартысы жұмыс істемей жатқанын, ондағы күмәнді несиелердің алатын үлесі 30 пайыз, үмітсіз несиелердің үлесі 20 пайызға жеткендігін жариялады. Ал 2013 жылғы айналымдағы қаражат 2005-2007 жылдың мәліметтерімен деңгейлес. Ал еліміздегі алғашқы ислам банкінің портфелінде бір де бір күмәнді несие жоқ. Осы деректің өзі-ақ түсінген адамға көп ақпарат. Еліміздегі ірі банктер санатындағы екі банк болса тұтынушыларға несие беру барысында жылжымайтын мүлікті кепілге алады. Дәстүрлі банк жүйесіндегі бір қателік, егер тұтынушы несие алғысы келсе, орнына беретін кепілдік пайда түсіріп тұрған кепіл болуы қажеттігін ескермеу. Төлей алмаған жағдайда банк тұтынушыдан өзі тұрып жатқан баспанасын қалай тартып алады? Ел банктері нарықтан сұраныс түсуде, экономика өсіп жатыр деген желеумен ипотекалық несие беруді еркіне жібере салды. Міне, осы тұрғыдан алғанда ислам банкі жүйесінің артықшылығы – қаражат өнім өндіретін активке ғана жұмсалады. Банк қаражат сұрап келіп тұрған адамның бастамақ ісі кейін өнім ретінде қайтатын болса ғана беріледі. – Елге келгеніне 7 жылдан астам уақыт өтсе де ислам бан­кингі тамыр жайып кете алмай отыр. Мұның себебі неде? – Иә, 2007 жылдан бастап ис­лам банкингі жүйесінің Қазақстанға бет бұруы басталды. Алайда, Үкімет немесе Ислам даму банкі тарапынан болсын, белгілі бір шаралар мақсатты түрде қолға алынғанда дағдарыс жылдарындағы қиын мәселелерді бастан кешпес едік деп ойлаймын. Ендігі жерде көпшілік ислам банкінде үстеме пайыз төлемейді екен деп үстірт түсінеді де, шын мәнінде оның қандай механизммен жұмыс істейтінін біле бермейді. Түсіндіру жұмыстарын жүр­гізу қажет. Ол үшін мамандар жеткіліксіз. – Ислам банкингін қыс­қаша сипаттап өтсеңіз. – Ислам банкі жүйесі де ком­мерциялық құрылым. Сон­дықтан олар да өз пайдасын табуы қажет. Ислам банкингі дінге негіз­делген құндылықтар мен нор­малар жүйесіне, сондай-ақ, ислам әлеміндегі дәстүрлерге арқа сүйейді. Онда рибаға (үстеме пайыз, өсім) қойылған тыйым 1400 жылдан бері бар, бүгінде исламдық банк ісінің негізгі қағидаттары шариғат заңдарын барлық қар­жы­лық операцияларға қолдану болып табылады. Ислам банкі жүйе­сін нақтылайтын заңдар жи­нағы негізінде ссудалық өсімді алуға, басқаша айтқанда, несие үшін төлемге тыйым салынған. Бірақ бұл коммерциялық займдар қайырымдылық құралы деп ұқпаған жөн. Ислам заңы бойынша шынайы пайда есебін есептемей тұрып, кез келген өсім алуға жол жабық. Ислам экономистері несиенің пайдаланылу сипатына баса мән береді. Оның үстіне алкоголь, темекі, құмар ойындары, қару-жараққа байланысты кез келген өндіріске қаражат беруге тыйым салынған. Сонымен қатар, тәуекелі нақтыланбаған немесе алыпсатарлық қызмет түрлеріне де жол берілмейді. Қаржылық жобаларда банк пен тұтынушының әріптестік қағидаты ислам банкингі жүйесіндегі берік негіз болып табылады. Мысалы, дәстүрлі несие беру барысында компания кез келген жағдайда нақтыланып қойылған өсімі бар несиені қайтаруға міндетті. Ал ислам банкингінде кәсіпкердің жобасы жүзеге аспай, шығынға тап болса, банк компаниямен бірге қаржы жоғалтады. Яғни, банк кіріс алу үшін жоба қатысушысы ретінде кәсіпорынның пайдасы мен шығынын бірдей көтеріседі. Ал егер сауда-саттық арқылы қар­жылық операция жүргізілсе, тауар­дың өзіндік құны мен жеткізіп беру кезінде қосылған құннан пайда көре алады. Дәстүрлі банкте несие беру ба­ры­сында банктер ешқандай тәуе­келге ұшырамайды, үстінен тек пайдасын көреді. Бұл дұрыс емес. Ислам банкингінде екі жақ та тәуекел етеді, пайдасын да бірге көреді. Жоқ болса екеуіне де жоқ. Ең қызығы, ислам ғана емес, басқа діндерде де үстеме пайызға тыйым салынған. Біреуге ақша беріп, оның үстінен өсім алу барлық дінде де харам екендігі айтылады. 2007 жылы «Understanding the Іslam finanse» деген атаумен шыққан кітапта әлемде орын алып жатқан экономикалық құбылыстардың келеңсіз нәтижеге тап болуының негізі ашкөздікте делінген. Банк жүйесіндегі ашкөз­дік, байыған үстіне баюды көздей­тіндер, қанағатсыздықтан деп атап көрсетеді. – Исламдық қаржы­лан­ды­ру­дың негізі неге құрылған? – Исламдық қаржыландырудың ең алдымен, алға тартатыны екі та­раптың арасындағы бизнестік қарым-қатынастың тең, әділетті болуы. Ислам банкингіне қанша адам қаражат сұрап келсе, соның бар­лығына бірдей жағдай жасап, тең қарым-қатынас көрсету. Сондықтан экономиканы өсіріп, тұрақтандыру, тұрақты өсімге қол жеткіземіз деп айту үшін, ең алдымен, кез келген байлықты бөлуге төңкерістік қа­рым-қатынас қажет дейді. Басты идея­ларының бірі осы. Банк саясатын алайық. Көп жағ­дайда дәстүрлі банкинг жүйе­сінде қала тұрғындары сана­тын­дағы тұтынушыларға оң көз­бен қарайтыны жасырын емес. Қа­лалық пәтер адам тұрып жатса да кепілге алынады. Ал, ауылдық жер­дегі үйді кепілге қойғысы кел­се қабылдамайды. Ең нашар жері, халқымыздың 45 пайызы ауылдық жерде тұрып жатыр. Дәстүрлі банктің клиент ала­лауын, тең дәрежеде қызмет көр­сет­пей­тіндігін байқауға болады. Эко­номика барлық адамға бірдей қызмет көрсетуі тиіс, тең жағдай жасауы керек. Алайда, бізде басқаша көзқарас қалыптасқан. Ауылдық жерлерге жаны ашитын, шалғай ауылдарда экономиканың қайтсе дұрысталатынын ойлап жатқан адамның жоқтығынан әлі күнге дейін жалғасып келеді. Аталмыш кітапта былай көрсетіледі: кешегі экономикалық дағдарыстар мен бұған дейін өткен тоқыраулардың қорытындысы біреу-ақ. Өнімнің өсуі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың түзелуіне әкелмейді. Экономикада ондай заңдылық жоқ. Бәрі өсуде, өнім де, өзге де. Бірақ әлеуметтік жағдай өспеуі мүмкін, тіпті, кері кетуі ғажап емес. Капитализм жолындағы елдердің барлығы осындай алшақтықты бас­тан кешіріп отыр. – Исламдық қаржыландыруды қай өндіріске бағыттаған дұрыс деп ойлайсыз? – Исламдық қаржыландыруды елде қысқа емес, ұзақ мерзімге пайда беретін өнімге назар аударып, сондай салаға бағыттаған дұрыс. Қазақстан жағдайында ел әлеуетін көтеретін бірден-бір сала ауыл шруашылығы деп ойлаймын. Дұрыс өнім өндіре алатындай жері бар біздің ел секілді мемлекеттер көп емес. Сондықтан ең алдымен нәтижесі ұзақ жылдарға баратын ауыл шаруашылығын аяққа тұрғызып алу қажет. Ауыл­шаруа­шылық технологиясын әкеліп, жатпай-тұрмай соны дамытқан дұрыс. Бізде мұнай саласы өз-өзімен дамып жатыр, ондағы жағдайды өзгерте қою қиын. Ал ауыл шаруашылығы мемлекет көмегінсіз дами алмайды. Кез келген елде солай. Оның үстіне бізде Кеңес Одағынан қалған тозған құрал-жабдықтар, дұрыс өңделмеген жер секілді «ескі мұра» бар. Ауыл шаруашылығына қарасты жерлерді тиянақты бөліп, мал жаятын жерді, егін салатын үлесті, бау-бақша өндірісіне арналған жерді, реттеп алуымыз керек. Игере алмайтындай Қазақстанда жер соншалықты үлкен емес. Алған өнімді Индонезия, Пәкістан, Сауд Арабиясы сияқты тұр­ғын халқы көп елдерге шы­ғаруы­­мыз керек. Бұл бізге гео­гра­фиялық жағынан да тиімді. Егіс­тік жерлерінде мүмкіндігі жоқ ел­дерге шығару қажет. Бізге ол үшін артық ештеңенің қажеті жоқ. Ма­мандарымызды жинап, шо­ғыр­лан­дырып мақсатты түрде ке­мін­де 5-6 жыл жұмыс істесек, ар­ғы жағында жұмыс өзін өзі алып кетеді. Ауыл шаруашылығын дамыт­қанда, ИЫҰ-ға мүше екендігімізді пайдаланып, әріптес елдерге өнім шығару керек. Яғни, әрі қаржы тартамыз, әрі экономика жағдайын дұрыстап аламыз. Жер нақтылы активке жатады, солармен үлесте болып, инвестицияны тартып, шын мәнінде адал тауар аламыз. Тағам адал болған жерде барлық нәрсе адал болады. Екіншіден, исламдық банкинг инвестор ретінде экологияны сақтауға тырысады, ол да зерттеледі. Ауыл шаруашылығы дамыған елдерге сараптама жасап, солардың технологиясын әкелуге ислам елдерінің инвесторын тартуға тырысу керек. Ауыл шаруашылығын бекер айтып отырған жоқпын, өйткені, оның өнімін әр адамда қолданады. Ше­телде тауар ұзағырақ сақталу, та­сымалға жарамды болу үшін не­ше түрлі химиялық нәрселер қо­­са­ды. «Мәрмәр етті» алу үшін бір­­неше технологияны қолданады да, өзіндік құны шарықтап кетеді. Ал та­биғи таза өскен өнім бағасы ар­зан, әрі денсаулыққа пайдалы болмақ. – Дәстүрлі банктерде орын алып жататын банкроттық ислам банкингінде кездесе ме? – Ислам банкі де шығынға ұшырауы мүмкін. Бірақ бұл тек теориялық тұрғыда ғана. Өйт­кені, бұрын-соңды мұндай жағдай орын алмаған. Тіпті, экономикалық дағ­дарыс шарпып өткен 2007-2008 жыл­дары әлемге әйгілі банк­тер банкротқа отырғанда, ислам банктерінің жұмысы өрлей бер­ген­діктен, ол өзіне еріксіз назар аудартты. Халықаралық валюта қорының зерттеуіне қарағанда, ислам банктері батыстық әріптестеріне қарағанда жоғалту және төлем қабілеттілігі, тәуекел мәселелеріне қатты ұшырамайды. Салымшылар мен кредиторлар қаржысын алыпсатарлыққа қолданбай, нақты инвестициялық жобаларға құю кезінде өте жоғары пайда табуға, қағаздық капиталдануды өсіріп алуға мүмкіндік бермегенмен, соның өтемі тұрақ­тылық пен тығырықтан шыға білу қасиетімен қамтамасыз етті. Әрине, ислам мемлекеттерінің қаржы жүйесі қаржылық дағ­дарыстан шет қалған жоқ, дегенмен, ислам банкингінің батыс қапиталының енуіне жол жабық болғандықтан дағдарыс әсерін азайтты. «Аты бар, заты жоқ» жобаларға қаржы берілмейді. Тіпті, қарастырылмайды да, өйткені, заңда (шариғатта) тыйым салынған. Басты талабы – кез келген қаржылық операция шынайы активке негізделген болуы керек және үстінен алатын өсім (банктің табар пайдасы) тек шы­найы активтің берер өніміне негіз­делуі тиіс. Ислам нарық пен жеке адамдардың бизнестегі еркіндігін мойындайды және сыйлайды. – Исламдық қаржыландыру таза әділеттілікке құрылса, өз­дері­не түсер пайда не деген заңды сұрақ туады... – Дәстүрлі банктер жүйесі се­кіл­ді ислам банктері де өз тұ­тынушыларына құрал бере отырып, пайда табады. Өйткені, бұл банк те қаржылық құрылым. Бірақ дәстүрлі банкте бұл операция үстеме пайызға негізделіп жасалса, ислам банкі оны сауда-саттық операциялары арқылы жүзеге асырады. Өйткені, ислам дінінде сауда-саттыққа тыйым салынбаған. Ислам банкі сізге былай дей алады: «Сізге қандай машина қажет? Оның қай салонда тұрғанын айтыңыз. Біз барамыз да, сол машинаны сатып алып, сізге сатамыз». Яғни, ислам банкі машинаны, қазақы жалпақ тілмен айтқанда мың долларға сатып алады да, тұтынушысына 1150 долларға сатады. Тұтынушы өз кезегінде 36 ай ішінде төлеуі керек. Банк несие бермейді, бірақ машинаны 1150 долларға сату-сатып алу туралы келісімшарт бар. Дәстүрлі банктерде тұтынушы өз ақшасын сақтағаны үшін, мысалы, 5 пайыз үстемеақы алып отырады. Ислам банкінде де дәл солай. Бірақ клиент үстеме пайыз ала алмайды, банк тапқан пайдадан үлесін алады. Сіз өз қаражатыңызды ислам банкіне апарып сақтайсыз. Олар бұл қаражатты өздерінде бар өзге қаржы құралдарына апарып қосады. Банк қаражатты тұтынушыларына беретін ақшадан өзге құралдары арқылы бизнес жүргізуіне көмектеседі. Жылдың аяғында ислам банкі сізге өз кірістерін қорытындылап, түскен пайдасынан сізге уәде етілген бес пайызды, одан аз немесе көп үлес төлеуі мүмкін. Бұл үлес таза, адал жолмен келген үлес болып табылады. Тағы бір түрі, түскен пайдамен бөлісу моделі. Бұл сипаты жөнінен инвестициялық қорға ұқсайды. Егер мен бизнеске инвестиция салып, иесіне одан түсірген пайдасынан бөліс аламын, ал кіріс түсіріп пайда таппай, керісінше, шығынға ұшыраған жағдайда оны да бірге көтерісемін, дейді. Қазір сарапшылар ислам банктерінің өз капиталын жедел дамып келе жатқан, тиімді факторлары бар елдерге салғысы келетіндерін айтуда. Сондықтан бұл мәселеде біздің де іркіліп қалуымызға болмайды. Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан».