• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Сәуір, 2014

Шырайлы шаһар

1080 рет
көрсетілді

Шымкенттің 2200 жылдығын рәсімдейтін кез келді

Елбасымыз: «Оңтүстік – ұлттың уызы ұйыған өңір», «Оңтүстікте бақ-береке болса, бүкіл елімізде бақ-береке болады», «Оңтүстік – қазақтың қаймағы бұзылмаған жер. Бұл өңір шуақты күнімен, халқының жомартты­­ғымен, меймандостығы­­мен, салт-дәстүрге беріктігімен, ең бастысы – еңбексүйгіштігімен ерекшеленеді», деген пайым-пікірлерді Тәуелсіздігіміздің әуелгі жылдарында айтқан, жазған. Кейінгі бес-алты жылдан бермен қарата шырайлы шаһарыңыз Шымкент­­тің бүкіл байтағыңыз­­дағы үшінші ірі қала, мерейлі мегаполис болатынын айрық­шалап жүрген. Шымқа­лаға келген сайын. Осылайша көп жағдаяттарды таразылап, талдап отырып, ерекше екпін түсіретін. Шымкен­тіңізге. Кейде көпшілікті көңілді күлкіге кенелтіп, әзілдеп те қоятын.   Енді, міне, «Қазақстан жолы – 2050: бір мақ­сат, бір мүдде, бір болашақ» Жолда­уын­да мынадай жолдар бар: «Инфрақұрылымдық үштаған – агломе­ра­цияның, көліктің, энер­гети­каның қарқынды дамуын қамтамасыз ету керек. Агломерациялар – Қазақстанның ғылыми қамтымды экономи­касының ұстыны. Елдің орасан зор аумағын, халықтың орналасу тығыздығының төмен екенін ескерсек, агломерациялар қалыптастыру мен дамыту – маңызды мәселе. Қазақстанның алғашқы заманауи урбанистік орталықтары ірі қалалар – Астана мен Алматы, одан соң – Шымкент пен Ақтөбе болады. Олар халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталықтарына айналады, сапалы білім беру, медицина, әлеуметтік-мәдени қызметтер көрсетеді». Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов те Елбасы тапсырмалары ішінде Шымкенттің үшінші қалаға айналуы ең алдыңғы орынға қойылатынын сөзбен де, іспен де дәлелдеуге ұмтылады. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 2010-2014 жылға арналған бағдарламасы бойынша былтырдың өзінде айтарлықтай жұмыс атқарылды. Төрт жылда 36 өнеркәсіптік кәсіп­орын іске қосылып, 3267 жаңа жұмыс орны ашылды. Шымшаһарыңызды агло­мерациялық орталыққа айналдыру, жан-жақты дамыту мақсатында қаланың жаңа бас жоспары бекі­тіліп, шекарасы 2,5 есе ұлғайтылды. Сайрам, Төле би, Ордабасы аудандарынан 40 елді мекен облыс орталығының аумағына қосылып, халық саны 1 миллионға шамалап үлгерді. 1 миллион тұрғынды әлеуметтік әлеует­пен, инженерлік инфрақұрылыммен қам­тып, жасыл аймақ жасау қарқыны жаман емес. Екі жылдай бұрын жалпы аумағы 364 гектар жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы мен тұрғын үйлер кешендерінің құрылысы қызу басталған еді. Өткен жылы облыстық «Отырар» кітапханасы мен «Көрмелер орта­лығы» ғимараттары пайдалануға берілді. Былтыр Елбасымыз келгенде кәсіпкерлер мен зиялы қауым өкілдерін осы орталықта қабылдаған. Шымкентіңіз шағын және орта бизнесті жандандыру жөнінен бүкіл байтағыңызға үлгі бола алады-ау. Қазірдің өзінде жүз мыңнан астам адам осы бағытта білек сыбанған. Қалалық бюджетіңіздің 30 пайызға жуығы аталмыш саладан саулап құйылар. Елбасының жаңа Жолдауындағы заманауи урбанистік ірі орталықтарда, оның ішінде Шымкентте сапалы білім беру, медицина, әлеуметтік-мәдени қызметтер жөніндегі міндеттер де бірте-бірте биіктей бермекші. Шаһарда екі бірдей Назарбаев зияткерлік мектебі жұмыс істейді. Барлық мектептер сол екі алтын ұяның оқыту және тәрбиелеу деңгейіне жетуге ұмтылады. – Былтыр 700 орындық үш балабақша ашылса, биыл жаңа жобалық алты балабақша құрылысын жүргізуге облыстық бюджет есебінен 1,8 миллиард теңге бөлінді, – дейді қала басшысы Дархан Сатыбалды мырза. 2011 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік өңірі бойынша арнаулы тілшісі ретінде Қызылорда облысының Арал ауданын аралап қайттық. «Қызылорда – Көкшетау» пойызының сегізінші вагонына жайғасқанбыз. Шымкентіңізге қарай. Сөйтсек, вагонның барлық купелері, тіпті, тоғызыншы вагон да тұтастай қызылордалықтарға толы екен. Қы­­зылордалықтар болғанда, бәрі де түгел­­­­­­­дей дерлік Шымкентке бара жатыпты. Отба­сы­ла­рымен бірге. Әулеттерімен қосылып. Достар ұйымдасып. Жаңадан үйленген жас жұбайлар жоспарласып... Бірталайымен тілдестік. Шымшаһарыңызға қыдырмаққа, демалмаққа, қаланың көрікті жерлерін, атап айтқанда, Абай атындағы саябақты, Асқаров атындағы дендросаябақты, Орталық саябақты, «Жеңіс» саябағын, «Тәуелсіздік» саябағын, «Даңқ» мемориалын, «Оңтүстік-циркті», өлкетану және саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайларын, опера және балет театрын, Шәмшідейін ән падишасына арналған айрықша аллеяны, тағысын-тағы таңғажайып орындарды аралайтындарын айтады-ай. Қызылордалықтар. Қазалылықтар. Қармақшылықтар.Терең­өзектіктер. Аралдықтар. Шиеліліктер. Жаңа­қорғандықтар... «Әрине, базарларыңызға да барамыз ғой», деседі әзілқойлары. «Мей­рамханаларыңыз бен кафелеріңіз де керемет қой, шіркін. Тамақтарыңызға теңеу жоқ. Тойханаларыңыз тамаша!» дегенді қосады пойыздағылар. Иә, солай. Шымкентіңіздің шашлығын, яғни кәдімгі кәуабын жеп қайтып, қайта-қайта айтып жүретіндер жүдә көп. Кәуап қана емес, Шардара мен Бөгеннің балығынан жасалған тағамдарды, әрине, Шымкентше қазы-қарта мен етті, нарынды, түшпәра мен мәнтіні, палау мен қуырдақты, тағысын-тағы тәтті-дәмді тағамдарды тамсана мақтайтын қызылордалықтар ғана емес. Тиіп тұрған Таразыңыздың тұрғындары да, алысырақтағы алматылықтар мен астаналықтар да аз деп айта алмайсыз. Осындай жағдаяттарды тәптіштей отырып, мынадай бір мәністі мәселеңізге оралсақ. Жөні бөлек, жосығы ерек жаңа Жолдауда өзгеше аталған үшінші шаһарыңыз – Шымкентіңіздің жасы қаншада өзі? Бірыңғай бойлықта, ен­шілес ендікте жатқан Ташкентіңіз 2500 жыл­дығын, Таразыңыз 2000 жылдығын осыдан 15 жылдай бұрынырақта рәсімдеп, атап өтті. Бір кездері біздің облыстық газеттегі журналистер: «Ойбай, Шымкент Мәскеумен жасты болып шықты, қаламыздың аты ХІІ ғасырдағы жазбалардан бастап кездеседі екен», десіп, біраз мақалалар жазған. КСРО-ыңыздың тұсында, яғни кеңестік кезеңде. Ол кездері Мәскеумен түйдей құрдастық – теңдессіз мерей-мереке ғой. Ал, қазіргі археологиялық дереккөздеріңіз Шымкент қаласына ең кемі 2200 жыл толғанын дәлелдейді. Бұл жөнінде академик Карл Байпақов «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жасаған есебінде 2005 жылы анық түрде мағлұмдап жазған. Шымшаһардың тарихи жасын айқындау жөнінде Ә.Марғұлан атындағы Археология институты да, М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті де әжептәуір жұмыстар жүргізгені мәлім. Сол 2005 жылы республикалық баспасөз беттерінде Шымкенттің жасы ең кемі 2200-ге толып отырғаны едәуір жазылды. Бертініректе, 2008 жылы облысымыздың орталығында «Еуразияның ежелгі және ортағасырлық урбандануы және Шымкент қаласының жасы туралы» деген тақырыпта арнайы басқосу да өткізілді. Өкінішке қарай, ол конференция тек қалалық әкімдік деңгейімен ғана шектеліп қалды. Ашығын айтқан абзал, Шымкент қала­сын археологиялық тұрғыдан зерттеу­де 2003-2008 жылдары қыруар шаруалар атқа­рыл­ды. Мінекиіңіз, 2012 жылы Алматы қала­сынан Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бауыржан Байтанаевтың «История Шымкента. 2200 лет по археологическим источникам» деген көлемді кітабы жарық көрді. Қалың жинақ сегіз тараудан тұрады. Алғашқы тарауда Шымкент қаласын зерттеудің тарихы, екіншісінде қытай, араб, парсы, орыс, ағылшын дереккөздері зерделенеді. Келесі тарауда Шымкенттің негізі Нуджикеттен басталғаны байыпталып, нақты дәлелденеді. Төртінші және бесінші тарауларда Шымкентіңіздің стратиграфиясы мен хронологиясы қазба материалдар арқылы түсіндіріледі. Кейінгі тараулар шаһардың түрлі бөліктері мен арнайы аумақтары және айнала-төңірегі туралы дәйектерге толы. Сон­дай-ақ, қазба материалдардың, оның ішінде керамикалық кешендердің осыдан 2200 жыл бұрынғы шаһардың ақиқат қалдықтары екені, Нуджикеттің, оның маңайындағы Сайрамның, тағы басқа да елді мекендердің жағдаяттары жан-жақты сараланып, сарапталады. «Түйін» бөлімінде шығарушылар былай дейді: «Кітапта сирек кездесетін фотографиялар мен суреттер ерекше орын алған. Оларды автор ұзақ уақыт бойы кітапханалар мен мұрағаттардың сирек қорында жұмыс істеуде жинаған. Сонымен қатар, Өзбекстан Республикасының Ә. Науаи атындағы Ұлттық кітапханасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасы мен Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінен алынған графикалық материалдар пайдаланылған». Біз-дағы түйіндейік. Шымкент Елба­сының жаңа Жолдауында елеулі түрде ерекшеленді. Бірсін-бірсін өзгеше орталық­тардың бірегейіне айналады. Осынау Шымша­һарыңыздың жасы 2200-де екенін археологтар анықтап отыр. Біздің ойымызша, даңғаза іс-шаралардың, ас та төк тойдың түкке қажеті жоқ. Өркениетті де көркемниетті түрде халықаралық конференция өткізілсе. Шүкіршілік, баспасөз де, басқа сөз де (БАҚ-тың нешеме алуан түрлері) жетіп-артылады қазір. Солар Шымкентті шымшылай бермей, шын ниетпен, шынайы ықыласпен жан-жақты жазса, парасат-пайыммен көрсетсе, патриоттықпен насихаттаса, жетіп жатыр. Шырайлы шаһарыңыз Шымкенттің 2200 жылдығын рәсімдейтін кез келді, ағайын. Мархабат БАЙҒҰТ. ШЫМКЕНТ.