• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
09 Сәуір, 2014

Сүгір жырау ұрпақтары бас қосты

1710 рет
көрсетілді

«Ауылға да Сүгір келді деп» басталатын Сүгір жыраудың толғау термесі қазақтың кең жазира даласынан асып, мұхиттың арғы жағындағы елдердің өнер тыңдармандарын еріксіз мойындатқанын ел-жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Ал, бұл терменің авторы – Сүгір Бегендікұлының өмір жолын, қилы тағдырын көпшілік біле бермейді. Сүгір жырау – әлі зерттелмеген тың тақырып. Оның өмір жолын бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Сол себепті жыраудың өміріне қысқаша тоқталып өтелік. Сүгір Бегендікұлы Маңғыс­таудың Қаратауындағы Өгіз өреу­лі жерінде 1894 жылы дүниеге келген. Сүгірдің әкесі Бегендік екі рет қажыға барған діндар, қасиетті кісі болған. Сүгір алғаш 16 жасында қолына домбыра алып, алқаға түсіп елге танылған. 1910-1930 жылдардың арасында Маңғыстаудың жиын-той, астарының көркіне айналған. Бұл уақыт өнерінің ең бір шарықтау кезеңі болды. 1930 жылғы кеңестік қызыл қырғында туған жері Маң­ғыстаудан еріксіз көшкен. 1930-1968 жылдар арасындағы 38 жыл өмірін түрікмен, өзбек, қарақалпақ жерінде өткізген. Сүгір қайда жүрсе де қазақтың өне­рін өзгелерге мойындата білген. 1968 жылы қасиетті туған жері Маң­ғыстауға көшіп келіп, 1974 жылы 80 жасында туған топырағында дүниеден озды. Атақты жырауды ел жұрты түгел жиылып қасиетті «Шопан ата» қауымына жерледі. Қазақ жырауларының соң­ғы тұяқтарының бірі – Сүгір Бегендікұлы десек, артық айтқан­дық болмас еді. Жырау ата «Қы­­­рымның қырық батыры» дастанынан бастап, Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған, Әбубәкір, Аралбай, т.б. ақын-жыраулардың артында қалған мол мұраларын бүгінгі ұрпаққа аманат етіп жеткізіп кетті. Жыраудың жырлары, сан құбылған саздары тыңдармандарын еріксіз баурап алып, шабыттандыра түседі. Артында осыншама мол рухани қазына қалдырған Сүгір атаға әлі күнге дейін мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінбей келеді. Біз, Сүгір атаның жыр-тер­­мелерін, күйлерін, қолжазбаларын, үн таспаларын толық жинақтап, елге танытып жүрміз бе? Жырау атаға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінді ме? Сүгірдің 12 түрлі ма­қам сазы түгенделді ме? Сауал көп, жауап аздау болып тұр. Биыл Сүгір жыраудың туғанына 120 жыл болса, дүниеден өткеніне 40 жыл толып отыр. Бұл датаны ескермесек, елеусіз қалдырсақ елдігімізге сын, азаматтығымызға мін, аруаққа қиянат болар еді. Әрине, Сүгір жырау ескерусіз қалатын тұлға емес. Жақында Маң­ғыстаудың кәрі шаңырағы Шет­пе кентінде жыраудың ұрпақ­тары, Ескелді ауылының белді аза­маттары Ақмұрат Сүйеуов, Қыр­лы­бек Өтетілеуов бастамасымен ұйым­дастыру жиыны өтті. Бас қосуға Ескелді ауылының ақсақалдары, ел азаматтары жиналып, ортақ пәтуа жасасты. Сүгір жыраудың 120 жылдық мерейто­йын қыркүйек айында өткізу жос­парланды. Мерекелік шараны өткізуге халық, үкімет, жы­рау­дың ұрпақтары болып атса­лысу керек десті. Бірінші – Сүгір жырау­дың атына қор құру. Екін­шіден, оның ел ішіндегі, мұра­ғатта­ғы қол­жаз­баларын жинақтап, жырау­дың үнтаспаларын қалпына келті­ріп, басқа да жәдігерлерінің көшір­ме­сін жасап, мұражайларға тапсыру. Үшіншіден, ауылдық, аудан­дық, облыстық деңгейде Сүгір жырау атындағы жыршы, терме­шілердің, жазба, айтыс ақын­дардың жарысын өткізу. Төртіншіден, теледидар, бас­пасөз арқылы жыраудың өнерін, өмір жолын насихаттау болып табылады. Ұйымдастыру алқасы бұдан да басқа іс-шаралар жөнін­де ақылдасты. Жиынның қоры­­­тын­дысын елге белгілі халық шежі­решісі, Маңғыстаудың құрметті азаматы Жетібай Жылқышыұлы  былайша түйіндеді: «Сүгір Беген­дікұлы – тек Маңғыстаудың жырауы ғана емес, берісі қазақ­тың, арысы алты Алаштың мақта­нышына айналған тарихи тұлға. Бұл шараны министрліктен бастап, облыс, қала, аудан әкімдері қостап, кең деңгейде өткізу керек», деп ақ тілегін айтып, бата жасады. Иншалла, ақсақалдың ақ батасы қабыл болғай! Қуаныш ЖӘНІБЕКҰЛЫ. Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы.
Соңғы жаңалықтар