Қытайдың жоғары оқу орнын енді ғана тәмамдаған қос қандасымыз Мұхаммед Нұхтархан мен Қайырымбек Кәкімнің бастамашы болуымен «Әз баба» маркалы қазақтілді смартфон жасалып, Қытай базарына шықты, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
«Бұрыннан бері жеке сайтымызда қазақтілді андроид бағдарламаларын жасап жүрген біздер үшін «Әз баба» маркалы қалта телефонын жарыққа шығару аса қиынға түскен жоқ. Жарым жылға жуық уақыт ішінде бағдарламаларын жасап, терминдерді бір ізге келтіріп, ең алғашқы төте жазулы смартфонды дүниеге әкеліп отырмыз», дейді Шанши педагогика университетін биыл ғана бітірген Мұхаммед Нұхтархан.
Қазақ тілін білетіндер ғана қолдана алатын аталмыш смартфонның басты ерекшелігі – онда ұлттық ойындар орнатылып, төл тағамдарымызды даярлау тәсілдерін техника тілінде тамаша сөйлете білгендігінде. Сондай-ақ, екі дос ұлт руханиятында орны ерекше қазақша кітаптар мен діни сауаттылықты дамытуға арналған әдебиеттердің электронды нұсқаларын да телефонға енгізген екен.
Жеке сайттарының өзі «Әз баба» (www.azbaba.com) деп аталатын бауырларымыздан неге бұл атты таңдағандарын сұрап білгенімізде, олардан: «Атам заманнан әз бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен ат үстінде жүріп қарсы келген дұшпанды жойып, елді, жерді қорғады. Сол рухты жалғасақ деген ниетпен ат құлағында ойнамасақ та, осынау техника заманында өзгеге есемізді жібермей компьютер әлемін меңгерсек дедік. Сондықтан ең алдымен «Әз баба» сайтын құрып, андроидтық жүйедегі барлық бағдарламаларды қазақшалап қана қоймай, тың дүниелер жасауға кіріскенбіз. Сол жұмысымыздың арқасында әз Наурызда «Әз бабаны» базарға шығардық», деген мазмұндағы жауап алдық.
Ал, Мұхаммедтің айтуынша, «Әз баба» сайтында техника тілін қазақша «сайратуды» мақсат тұтқан бір топ қазақ жастары жұмыс жасайды екен. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендейін, жаңа телефонның жарыққа шығуына осы достарым көп еңбек сіңірді. Оларға айтар алғысымыз шексіз!», дейді ол.
Одан бөлек қазақы үлгідегі флешкалар мен балалар ойыншығын жасап шығарып, халыққа таралуына атсалысып жүрген жастар «Әз баба» ұялы телефонының екінші жаңарған нұсқасын да әзірлеуді жоспарлап отыр. «Енді біз «Әз баба» сенсорлы телефонының жаңартылған үлгісін жасамақпыз. Әсіресе, келесі нұсқасын ою-өрнектермен әшекейлеуді көздеп отырмыз», – дейді Қытай Экономика университетінің түлегі Қайырымбек Кәкім.
«Егемен-ақпарат».