Суперорта салмақта әлемнің абсолют чемпионы Сауль «Канело» Альварес (57-1-2, 39 КО) өзінің жаттығу лагерінде жүрген қазақ боксшыларды мақтады, деп хабарлайды Egemen.kz Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
«Канелоға» ресейлік Дмитрий Биволға (19-0, 11 КО) қарсы жекпе-жекке дайындалуға Айдос Ербосынұлы (16-0, 11 КО) көмектесті. Сонымен қоса мексикалықтың лагерінде өзге де қазақстандықтар бар. Олар Евгений Павлов, Бек Нұрмағанбет, Данил Семенов, Абылайхан Жүсіпов пен Әбілхан Аманқұл.
«Қазақстанда жақсы боксшылар көп. Бір-екі апта бұрын біздің лагерьге бірнеше қазақстандық боксшы қосылды. Өте мықты боксшылар, жалпы Қазақстан мықты боксшылары бар жақсы ел. Сіздердің елге міндетті түрде барғым келеді. Бұл қазақтар жуырда чемпион болады, бұған күмәнім жоқ. Алға, Қазақстан», деді С. Альварес.