АҚШ-тың Вашингтон қаласында 1921 жылдан бері тұрақты жарық көріп келе жатқан Science News атты журнал бар. Бұл басылымда ғаламды елең еткізерлік әртүрлі жаңалықтар жарық көреді. Жуықта журналдың электронды нұсқасынан ҚХР батысындағы Тарым ойпатынан археологиялық қазба жұмысы кезінде табылған, ғұмыры 3000 жылдық жәдігер-шалбар жайлы айтылыпты.
Бұл бұйымды неміс археологы Майки Вагнер 2014 жылы тапқан екен. Жәдігерге ғылыми сараптама жасаған неміс археология институтының оқымыстылары: «Бұл шалбар тек археология ғылымы ғана емес, күллі әлемді елең еткізерлік үлкен жаңалық» десе, Вена қаласындағы Табиғат тарихы музейінің ғылыми маман реставратор-тігіншісі Карина Грёмер, көне шалбарды тігуге пайдаланған жүн-мата құрамын зерттеп, бұл жәдігер осыдан отыз ғасыр бұрын жасалды деген қорытынды шығарған екен.
Бір таңданарлық жағдай – бұл шалбардың стилдік формасы киюге өте қолайлы, бұты кең, ауы мен балағы адамның еркін қозғалысына үйлесімді жасалған және аса шеберлікпен пішіліп, жүн матадан тігілген. Ең бастысы, атқа мінуге өте ыңғайлы. Осы орайда біздің дәуіріміздің 460 жылы туған ежелгі грек дәрігері Гиппократтың: «Шалбарды алғаш киген көшпенділер, олар әрқашан ат үстінде жүреді» деген тұжырымы еске түседі.
Сонымен қатар бұл бұйымды зерлеу-кестелеу шеберлігіне қатысты болжам айтқан Вашингтон университетінің антрополог ғалымы Майкл Фрачетти, бұлай болғанда Тарым ойпатында гүлденген мәдениет күллі Еуропаға әсер еткен болуы әбден мүмкін, десе, Лос-Анжелес қаласындағы Батыс колледжі ғалымы Элизабет Барбер: «Бұл шалбарды тіккен адамдар өте нәзік көп түрлі зерлеу-кестелеу технологиясын қолданғаны байқалады. Соған қарағанда, олар біз ойлағаннан әлдеқайда мәдени өмірге бой ұрған» депті.
Жуықта Фрау Халлгрен бастаған немістің жаңғырту ісінің шеберлері шалбардың дәлме-дәл көшірмесін жасап шықты. Осы орайда бұл іске көппен бірге атсалысқан тоқымашы-дизайнер Моа Халлгрен: «Шалбар үш бөліктен құралып, тігілген. Мұны жаңғыртып шығу үшін көне тоқыма белдігін қолдандық. Сонымен қатар қой жүнінен иірілген жіпке арнайы тапсырыс бердік. Бұл шалбар атқа мініп жүру үшін жасалғанына көз жеткіздік. Жәдігерді жаңғырту барысында, тізесіндегі оюды жасап шығу оңай болған жоқ. Ол тым күрделі екен және шалбарға сәйкес мата табу да қиын болды» депті.