• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Өнер 19 Сәуір, 2022

Аңызға айналған ансамбль

538 рет
көрсетілді

Жетісу мекені – қазақ ән-өнерінің қарашаңырағы. Кешегі Кенендердің кеудесіне қонған киелі бұлбұл құс Ұлы даланың төсінде еркін қалықтап, адамзаттың жүрегіне келіп тұрақтады. Сол даңқты дауыстан қуат алған халықтың жаны көне әндердің күмбезіне айналды. Бүгінде домбыраға сала қалса жайлы, жұмсақ һәм сазды келетін әуезді әуендер – бір үлкен мектеп. Ал біз бүгін сол мәуелі мектептен сабақ алған, мұралы мәдениетімен сусындаған «Жетісу» студенттер ән-би ансамблі жайында айтпақпыз.

Жетісу мектебі дегенде, ал­дымен көз алдымызға аты мәш­һүр Жамбыл, Кенен, Қапез, Пішан, Дәнеш Рақышевтар келе­ді. Бұл ретте Жетісу ән мекте­бінің кәсіби тұғырын қалаған Жәнібек Кәрменов өз алдына бөлек әңгіме. Міне, сол ізгі са­бақ­тастықты жалғаған Ілияс Жан­сүгіров атындағы Жетісу уни­верситетінің тарихында ал­тын әріптермен жазылған бір жарқын кезең бар. Ол – аты аңызға айналған «Жетісу» сту­денттер ән-би ансамблі. Жас­тардан құралған әйгілі өнер ұжы­мы аз уақыттың ішінде Бү­кіл­­одақтық байқаудың лауреаты атанып, министрліктің Құр­­мет грамоталарымен марапат­талды. Сонымен бірге Кеңес кәсіподағының бірнеше медаліне ие болды. Бұл туралы бізге университет ішіндегі «Рухани жаңғыру» ғылыми-білім беру орталығының бас әдіскері Клара Тәжиева баяндап берді.

Әлқисса, ансамбльдің алғаш­қы шығармашылық жолы 1978 жылдың 8 мамырынан басталды. Осыдан табаны күректей қырық төрт жыл бұрын, көктемнің шуақ­ты күнінде І.Жансүгіров атын­дағы Мәдениет сарайының сах­насында өнер ұжымының тұсауы кесілді. Ансамбльдің тұрақ­ты жетекшісі сол кездегі инс­титуттың ректоры, тумысынан ұлтқа жанашыр Мырзатай Жолдасбеков еді. Ол әрбір ансамбль мүшесіне бағыт-бағдар беріп, шығармашылығына шабыт сыйлайды. Ал көркемдік жетекшісі музыка факультетінің деканы, ҚазКСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, оқу ісінің үздігі Ақсұлу Манаспаева болды. Өнерлі студенттерге елге белгілі хормейстерлер Сергей Морозов пен Отто Рефиниус музыкалық жетекші болып қызмет етті. С.Мо­ро­з­ов ән айту және музыка кафед­расының меңгерушісі, өнер әлемінен хабары мол болумен бірге жастарға көп қамқорлық көрсетті.

Ансамбльдің құрылуына шы­ғар­машылық жағынан қолдау танытып, демеушілік жасаған – КСРО халық әртісі Нұрғиса Тілендиев. Сонымен бірге ақын Қадыр Мырзалиев, белгілі балет әртісі Дәурен Абиров, өнер майталмандары Меңтай Тілеубаев, Кенжебек Күмісбеков, Галина Хасанова, Амантай Есімбеков сынды қайраткерлер студенттердің алғашқы аяқалыс­тарын қолдап, болашақ бағыт-бағдарын айқындап отырды. Жастардың өнерін сол кездегі Талдықорған облыстық партия комитеті мен кәсіподақ кеңесі де жоғары бағалап, әрі қарай жандануына мүмкіншілік жасады.

Өнер ұжымының тарихы сан қатпар. 1977 жылы облыс ор­талығында бірінші Бүкіл­одақ­тық фестиваль дүркіреп өте­ді. Оған институттың ректоры Мырзатай Жолдасбеков қаты­сады. Фестиваль өздігінен құрылған көркем шығармашылық ұжымдарына арналды. Сонда ректор халықаралық фестивальдің жеңімпаздарын облыстық комсомол комитетіне шақырып, Талдықорған педагогикалық институтына (қазіргі ЖУ) оқуға түсуге ұсыныс жасайды. Оқу орнының басшысы өнерлі қыз-жігіттерге оқытушыларды бір­ден бекітіп, қорытынды емтихан тапсыру үшін «Қарлығаш» спорттық сауықтыру лагеріне жібереді. Емтиханнан 22 өнерпаз жоғары баға алады. Олардың ішінде Татьяна Полтавская, Айжан Әбілмәжінова, Владимир және Александр Гейнц, Галия Арапова, Әкімжан Тоқтақынов секілді талантты өнер иелері бол­ды. Бұлардың бәрі жаңадан ашылған музыка-педагогика факультетінің студенттері атанады.

Елдің жоғары бағасын ала бастаған ансамбльге кейінірек Гүлмайдан Сүндетова, Ғалым Сүлейменов, Әмина Айтова, За­мира Тілешова, Азат Құсайынов, Асқарбек Бозамбеков, Фарида Құдайбергенова, Сталик Райы­беков сынды талантты өнер­паздар келіп, ұжымның абыройын одан әрі асқақтатты. Ансамбльдің аз-кем құрылу тарихы осындай. Ұжым тек ән салып қоймай, би өнерін де паш етті, хормен танылды, вокалды халық аспаптарында ойнады.

Сол кездегі облыстық «За­ря коммунизма» газетінің тіл­шісі ансамбльдің алғашқы шы­ғар­машылық концертін: «Ан­самбль мүшелері концертін Нұрғиса Тілендиевтің «Жетісу» шығармасымен бастады. Онда жетісулықтардың еңбек жолы көрсетіледі. Концерттің «Туған ел» деп аталуы да тегін емес. Ансамбльдің репертуарында ән өнерінің бай қоры бар. Таңдалған әндер мазмұнында Отанға деген махаббат, Жетісуға деген сүйіспеншілік сезіледі. Концертте С.Мұхамеджановтың «Жорық жыры», М.Төлебаевтың «Кестелі орамалы», Е.Рахмадиевтің «Хо­ралы» шырқалды. Әсіресе, А.Гейнцтың, К.Жарқынбаеваның, Б.Әлібаеваның таланттарына еріксіз таңданасың. Көрермендер әншілерді ерекші ықыласпен қабылдады», деп тебірене жеткізеді.

Студенттердің бағдарлама­сын­да көпшіліктің жүрегіне жол тартатын өнер туындылары көп болды. Атап айтқанда, «Балбырауын», «Қосалқа» се­кілді Құрманғазының күй­лері, Нұрғиса Тілендиевтің «Же­тісу», «Өз елім», «Ақ шаға­ла», «Ғанилар ешқашан өл­мей­ді», «Шаттық жырлары», «Жеңіс салтанаты» музыкалық шығармалары, Талдықорған қызылшашыларының маршы көпшілік сүйіп тыңдайтын туындыларға айналды. Ан­самбльдің аты одақтас елдер арасына және алыс-жақын шетелге кеңінен тарады. Әнші, бишілердің, аспаптарда ойнайтын шеберлердің дарыны расында да ерекше еді. Әр жылдары өнер ұжымының концерттік бағдарламаларына Мәскеудің, Латвияның, Германияның, Ис­панияның, Ресейдің, Болга­рияның, Өзбекстанның, Фран­цияның және Қытайдың көрер­мендері тәнті болды.

1990 жылдың жазында Алма­ты қаласында «Азия дауысы» фестивалі өтеді. Оған 15 мемлекеттен өнерпаздар қатысады. Сол байқауда ансамбль мүше­лері елге танымал өнер жұлдыз­дарымен бірге сахнада ән шыр­қайды. Республикалық «Қа­зақ­телефильм» телеарнасы ан­самбльдің тынысы жайлы «Же­тісудың жастығы», «Жетісу» атты деректі фильмдер түсіреді. Соңғы фильм қазіргі таңда ЖУ-дің музей қорында сақтаулы. Өнер ұжымының жекелеген әншілері талай телебағдарламаларға түсіп, әннен шашу шашты. Олардың ішінде әйгілі «Алтыбақан», «Тамаша», «Ақындар айтысы» бағдарламалары бар.

«Жетісу» халықтық ән-би ансамблі – көпшілікке кеңінен танымал ұжым. Университеттің ғана емес, республиканың есімін әлемге әйгілеген ұжымнан Т.Полтавская, Г.Сүндетова, Ғ.Сүлейменов, Ж.Таубалдиева, С.Әжібекова, Х.Валитова сынды танымал өнер жұлдыздары түлеп ұшты. Бүгінде ансамбль құрамында болған бірқатар өнерпаз аталған білім ордасының қабырғасында абыройлы еңбек етуде. Олардың еңбегі мемлекет тарапынан еленіп, биік белестерді бағындырған. Мәсе­лен, Ғ.Сүлейменов Мәдениет қайраткері, профессор болса, Е.Теміров білім беру ісі­нің үздігі. Ал Ж.Таубалдиева, А.Құрсабаев, Г.Сарбалина, С.Күнтуғанова, С.Шыныбаевтар ғылым саласында жемісті ең­бек етіп жүрген сан қырлы талант иелері. Бұдан бөлек, жоға­ры оқу ордасында танымал дири­­жер Е.Тоқтаров, доцент Х.Вали­това, сазгер С.Әжібеков, әнші А.Бүркеева, оқытушылар Г.Ара­пова, Ж.Акпарова сияқты ансамбль мүшелері қызмет атқарды.

Бүгінде тарихы терең ансамбль өз жұмысын жалғас­тыруда. Оған университет басшы­лығы тарапынан қолдау да көрсетіліп келеді. Жан-жақ­ты ізденістің нәтижесінде 2018 жылы ансамбль өзінің қы­рық жылдық мерейтойын да атап өтіпті. Музыкаға әуес, ұлттық өнерді ұстынына бала­ған шығармашыл жастардың шоғырына айналған атақты ансамблдің әлі де қоғамға берер пайдасы мол. Осы қалпынан танбаса өнер ұжымы Жетісу ән-өнерін өлтірмейді.