• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Сәуір, 2022

Төрт түлігін танымайтындар да бар

283 рет
көрсетілді

Биылғы 4 айда Павлодар облысында мал ұрлы­ғы­ның 19 фактісі тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезе­ңімен салыс­тырсақ, санда еш өзгеріс жоқ. Ал қылмысты ашу бойынша оң нәтиже байқалады. Бес емес, он емес, он сегіз қылмыстың «кейіпкерлері» қолға түсіпті! Десе де, тәртіп сақшылары жағымсыз жағдайды болдырмау маңызды екенін айтады.

Оңай олжаға кенелуді мақсат еткен барымташылар қыста да қысылмай, бораннан адасып кеткен малды құрығына түсіруге кет әрі емес. Көп жағдайда күзде мал семірген уақытта қулығын асыруға тырысатыны белгілі. Сандарды сараптап, тәртіп сақ­шы­лар қол қусырып отыр деуге келмес. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов алдыңғы жылдардағы қылмыстар базаға түсіп, сәйкесінше көрсеткіштер құбылып тұратынын айтты.

– Бұрын мал ұрлығы жал­ғыз учаскелік полиция қызмет­керінің жұмысы сияқты қаралатын. Бүгінде Ішкі істер министрлігі, Ауыл шаруашылығы министр­лігі, ветеринарлық қызмет және жергілікті әкімдік мамандарымен бірлесіп, кешенді жұмыстар атқарылуда. Нәтижесі жаман емес. Қараусыз қалған мал ұрланаты­нын ескерсек, төрт түлікті бақпай, бос жіберген мал иелеріне 3-10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Мәселен, осы жылдың 3 айында 435 хаттама толтырылды. Қала берді, Қылмыстық кодекске «Мал ұрлы­ғы» деген арнайы бап енгізіліп, дүние-мүлкін тәркілеумен 12 жыл­ға дейін бас бостандығынан айы­ру жазасы белгіленген. Әрине, жазаның күшейтілуі қылмыстың азаюына сеп болатыны түсінікті. Мал ұрлығымен айналысатындар жалғыз жүрмейді. Қылмыстық топ құрып, айласын асыруға тырысады. Әр ауылда сыбайластары бар болуы мүмкін. Оларды құрықтау мақсатында жедел алдын алу іс-шаралары жиі ұйымдастырыла­ды. Тұрғындармен де түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуде, – дейді Болат Нұрсейітов.

Қылмыстық топ демекші, былтыр қыркүйек айында Екібастұз қаласында 7 адамнан құрыл­ған әккі топ құрықталған. Олар базарда ресми түрде ет сатумен айна­­лысқандықтан әу бас­та кү­дік тудырмаған. Кейін жымыс­­қы әре­кеттері әшкере болып, қол­ға түсіп отыр. Белгілі бол­ған­дай, қылмыстық топ әр апта сайын жер­гілікті ірі шаруа қожа­лықтар­дан 1-2 қараны ұрлауды әдетке айналдырған. Олардың 8 қылмыс­қа қатысы бар екені анықталып, бү­гінде іс сотта қаралып жатыр. Ал Ақтоғай ауданында ұсталған қылмыстық топ мал етін көршілес орналасқан Ақмола облысына жө­нелтіп отырған.

– Жалпы, кешенді шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда мал ұрлығы 66,6 пайызға азайып отыр. Тәртіп сақшылары әрдайым базарларды, мал соятын орындарды, бұрын мал ұрлығына қатысы болған азаматтарды бақылауда ұстауда. Тұрғындарды да сақтық шараларын естен шығармауға шақырамыз. Ең әуелі жергілікті әкімдікпен бірге бақташы мәселесі шешімін тапса игі. Мал ұстаған ағайынның бәрі бірдей GPS-тре­кер орнатуға шамасы жетпес. Десе де, заманауи құрылғылар­дың ұрлықтың алдын алуға көме­гі көп екені дәлелденуде. Мал­ды сырғалау жұмыстары да жүйелі атқарылуға тиіс, – дейді Болат Нұрсейітов.

Өңірдегі төрт түліктің үштен бір бөлігі Баянауыл ауданына тиесілі. Сәйкесінше, мұнда мал ауруы да, ұрлығы да өзгелермен салыстырғанда көбірек. Былтыр күзде Күркелі ауылдық округінің тұрғындары мал ұрлығы өршіп тұрғанын айтып, дабыл қаққан еді. Елді мекен аумағында сиырдың басы табылған. Кейбір ауыл тұрғындары «менің сиырымның басына ұқсайды» деп байбалам салған соң, полиция қызметкерлері арнайы тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, өлген мал ауыл тұрғындарына тиесілі емес екені анықталыпты. Сөйтсек, Қарағанды облысының Баянауыл ауданына жақын орналасқан ауыл тұрғындары малдың етін Екібастұз қаласына тапсырады екен. Онда сиырдың басын сатып алмайтындықтан, орта жолда тастап кететін көрінеді. Бір ғана сиырдың басы бүкіл ауданның проблемасын айқындап бергендей. Мұнда сиырдың бағылмайтыны соншалық, тұрғындар өз малдарын танудан қалған. Ауыл тұрғындары өлген сиырдың басын ескерту деп қабылдағаны абзал. Бағылмайтын малдың қолды болмасына кім кепіл?

 

Павлодар облысы