• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Әдебиет 20 Сәуір, 2022

Сөз зергерінің құтханасы

589 рет
көрсетілді

Қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның халық жазушысы Ғабит Мүсірепов­тің Алматыдағы өзі 17 жыл (1968-1985) тұрған үйі 1991 жылы музей-пәтер болып ашылған еді. Алғашында Орталық Мемлекеттік музейдің бір бөлімшесі болса, кейіннен «С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешені» болып құрылды (1999). Ал 2015 жылдан бастап, Алматы қаласының музейлер бірлестігіне қарайды. «Мүсіреповтің музейдегі мұрасы» деген алғашқы мақаламды 1992 жылы жазған екенмін («Халық Кеңесі», 08.08.1992). 2002 жылы жазушының 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО Шешімімен, Үкімет қаулысымен кең көлемде аталып өтілетін қарсаңда музейде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, экспозициясы жаңадан жасақталған еді. Одан бері де 20 жыл өте шығыпты. Биыл Алматы қаласы әкімдігінің, Мәдениет басқармасының қолдауымен Ғ.Мүсірепов музейі әдеби бөлімінің экспозициясы қайта жаңартылып, заманауи технологиямен жабдықталып, жаңаша тыныс ала бастады.

*Суреткер туралы сөз. «..Жара­тылысынан жомарт талант­тың қағазды куә, қаламды қару санаған сағатынан бас­тап ұстанған шарты – сөз киесіне дес беру. Сөз атаулының сөлі мен нәрін, иісі мен дәмін, оның химиялық құрамы мен атомдық салмағын айнытпай анықтауда Ғабеңнен көреген жазушы бізде сирек», дейді Қалтай Мұхамеджанов. «Ғабит Мүсірепов – ардақты ат! Мүсірепов туралы мың сөзден «Мүсірепов» деген бір сөздің мағынасы әлдеқайда бай. Мүсіреповті мақтаудың керегі жоқ, Мүсіреповпен мақтану керек!», деген академик Зейнолла Қабдолов. «Қыз Жібек» филь­мінің сценарийін Ғабит Мүсірепов жазбағанда не болар еді? Соны ойласам кейде зәрем қалмайды. Ғабең әрбір актер мен режиссердің тірлігіне тікелей араласпағанда, мұндай классикалық туынды тумас еді. Ғабең «Қыз Жібек» арқылы қазақтың бостандығын, еркіндігін, сұлулығын және ақсүйектікті сахнаға да, экранға да шығарып кетті», дейді Дулат Исабеков.

Музейдің әдеби бөліміндегі экспози­ция­ның жаңартылуы он бес тақырыптық қабырға-тақталар (стенділер), үш сенсорлы экран (Touch Panel) және шағын кинозал арқылы жаңа мазмұнмен байыды. Жазушының ататек шежіресі, әке-шешесі, туыс-туғандары туралы деректер, балалық шағы, білім сапары, ұстаздары, отбасы мен ұрпақтары, жазушылық және қоғамдық қызметі, суреткер туралы замандастары қалдырған пікірлер, хаттар мен фотосурет­тер, тұтынған заттары, т.б. тұтастай алған­да алуан сыр ағытатын дереккөздер жиын­тығы десек те болады. Ғ.Мүсірепов 1902 жылы 22 наурызда дүниеге келген. Жазу­шының өз сөзімен айтсақ: «…ескіше жыл басы деп есептелетін «Наурыз күні» киіз үйде туған». Солтүстік Қазақстандағы Елтін­жалда кіндік қаны тамған. Ғабеңнің: «Мен әлемнің көптеген елдерінде болдым. Бірақ солардың бірде-бірінде ең алғашқы қадамымды басқан туған жердегі дала жол­дарындағыдай жүректі ауыртатын, тебі­рентетін сезімді бастан кешпедім»,  деген сағыныш сөзі экспозициядан орын алған.

Музейге келушілер ұлы жазушының шығармаларын біршама біледі: оқыған, танысқан, естіген... «Қазақ солдаты», «Оянған өлке», «Кездеспей кеткен бір бейне», «Ұлпан», «Жат қолында»... Ал әкесі, анасы, аға-бауырлары кімдер еді деген сауал әрқайсысының тіл ұшында тұратыны сөзсіз. Әкесі жайында Ғабең өзінің «Автобиографиялық әңгімесінде» былай деп жазады: «Әкеміздің шаруасы тайға артқан қоржындай бұлтылдап, кедей мен орташаға кезек ауысудан көз ашқан емес. Анда-санда орташаға жа­қындап шырт түкіре бастағанда әке­міз оп-оңай кедей болып қалушы еді. Бай болуды қанша ұнатқанымен, ол бір ішін­де кеткен арманы болу керек?». Әкесі Махмұт Кәжімбайұлының (1871-1936) фото-суреті сақталмаған. Ғ.Мүсіреповтің ағасы Хамиттің ұлы Екпін Махмұтовтың суреттеуі бойынша: «Атам шағын дене­лі, көп сөйлемейтін, арабша оқыған, Құраннан түсінігі бар, мәсі тігетін, қамшы өретін, аз уақыт ауыл старшины ретінде атқамінер болған кісі еді. Кескін жағынан оған ұқсайтыны менің әкем, ал Ғабит шешесіне көбірек ұқсайды, әсіресе ашу қысқанда, бірдеңеге ренжігенде кескіні ақ сұрланып кететін қасиеті». Ғабиттің анасы – Дина Оңғарбайқызы (1877-1957) 81 жасқа қарағанда өмірден озған. Дина әрі С.Мұқановтың кіндік шешесі. Сәбең ол туралы: «…мінезі биязы, пейілі кең, асы дәмді, абысын-ажынға қадірлі кісі болған», дейді. Ақ кимешек киіп отырып түскен фото-суреті бар. Ғабит Мүсіреповтің ағасы Хамит Махмұтов ұзақ жылдар ауыл­да мұғалім, ағасы Сәбит Махмұтов бригадир болып жұмыс істеген. Інісі Баязит Махмұтов Қостанай об­лысында МТС-та, облыстық газет редак­циясында, өмірінің соңғы жылда­рында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры болып қызмет атқарған. Інісі Қажым тым ерте, 5-ақ жасында өмірден озған. Қарындасы Гүлсім Махмұтқызы Жанғожина – бар өмірін мұғалімдікке арнаған, осы қызметі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Сол кезде оқушысы, әйгілі әнші Ермек Серкебаев құттықтау жеделхатын жолдаған екен. Кіші інісі Әшім Махмұтов Алматыда «Қазақстан көркем әдебиет баспасында» жауапты корректор болып, соғыс басталған 1941 жылы еліне – «Жаңажолға» келіп, қара шаңыраққа иелік еткен. Шеберлік, ұсталық жұмыстар атқарған. Ғабеңнің ағасы Хамиттің ұлы Екпін: «Ғабе, осы біз бәріміз Махмұтовтармыз. Тек өзің ғана қалай Мүсірепов атанып кет­тің?», деп сұрайды. Сонда Ғабең: «Прес­ногорьковтағы мектеп­ке барға­нымда менен «фамилияң кім?», деп сұра­ды. Фамилия дегенді білме­сем керек. «Атаңның аты кім?» деп сұ­ра­ды. Кә­жім­байдың баласы болып жүрген­діктен, «атам Мүсіреп» деп жауап бердім. Солай­ша Мүсірепов атандым», дейді.

*Суреткер туралы сөз. «Мен кітап­­ты оқығанда белді, арқасы жайлы, көп­­шікті ермен ерттелген жорғаға мінген­дей, асықпастан, жайбарақат теңселіп отырып, «Өлкеден» асқанымды бір-ақ сездім. Шаршағаным жоқ. Ұзақ жол жүріп шаршағаным жоқ... Жалпы айтқанда, тілің жақсы. Оған қазақ түсі­неді. Қазақтан шыққан министр мен миллионер түсінбейді. Е, бақытсыз жазушы, мен сені аяймын...», деген екен Бауыр­­жан Момышұлы. (Ғ.Мүсіреповке жаз­ған хатынан. 20.04.1955 ). «Ғабең өмірі­мен де, өнерімен де ешкімге ұқсама­ған, халқымыздың тағдыр-талайына сирек бітетін дара тұлға. Өмірді сұлу­лық заңдылықтарымен игеріп, ақыл-парасат жолымен танудың Ғабең соқ­қан алтын күмбезі ғасырлар төрінен жар­қырай көрініп, ұрпақтардың рухани бағдаршысы болады». Ақселеу Сей­дім­­беков. («Күнделіктен». 31.12.85). «Мү­сі­­репов жалпақ жұртқа көркем дүние­ні қалай жазу керек екенін өзі дәлел­деп қана қойған жоқ, жазу өнеріне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Ең бастысы, ол кейінгі қаламгерлерге «Соқыр көретіндей, саңырау еститіндей етіп жаз!», деп аманат қалдырды. Ғабеңнің бұл салмақты сөзі әдебиетіміздің қай толқыны үшін де өмірлік өсиет болуға тиіс». Бауыржан Омарұлы.

Бала Ғабит ауыл молдасынан сауа­тын ашады. Араб әрпімен қазақша жазу­ға төселеді. Ауыз әдебиетіне, қисса-дастан­дарға құштарлығын әкесінің ағасы Ботбай оятады. «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Көрұғлы» дастандарымен таныстырған сол. Алғашқы ұстазы Бе­кет Өтетілеуовтен қай кітапты оқу ту­ра­лы, қай автордың шығармаларына көңіл аудару керектігі жөнінде көп ақыл-кеңес, бағыт-бағдар алады. Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларымен сусындайды. Преснеогорьковтағы орыс мектебінде (училищеде) төрт жыл оқиды. Онда Мариамна Александровна Шехтер (Сильвия Михай­ловна) орыс әдебиетінен сабақ береді. Өзінің маңдайына жазушы­лық тағдыр жазылатынын алғаш болжаған осы мұғалімі болғанын Ғабең кейін аса ілтипатпен, құрметпен еске алады. Соңғы емтиханда он оқушының тоғызы өтіп, Ғабиттің мәселесі екі сағат талқыланады. Шығарма жазғанда әріп қателері өріп жүр. Соған қарамастан, Сильвия Михайловна: «Бұл бала болашақта жазушы болады!» деп қорғап, дәлелдеп, «бес» деген баға қойдыруға жанын салады. Директор басын шайқайды. Тағдыршешті сәт демеске лажыңыз жоқ! Училищені бітірген соң, 1921 жылы ол аз уақыт ауыл старшынының қағаз көшірушісі болып еңбек етеді де, одан соң еті тірі жас жігітті Таузар болы­сының әскери комиссариатына, әске­ри басқарманың жергілікті органына жұмыс­қа тартады. Бір жылдан соң Ғабит Благовещенка селосындағы аудандық милиция бастығының орынбасары болды. «Жиырма үшінші жылы күзге қарай Сәбит мені Орынборға әкелді. Он жетінші жылдан бері Сәбит үлкен қалаларда, мен ауыл төңірегінде болдым да, ол менен «озып» кеткен екен. ... Қазақстан мәселелері түгел алақанында сияқты. Наркомдармен тең отырып сөйлеседі. Өзі бас наркомның үйінде тұрады екен, мені де сонда алып келді. Сәкен Сейфуллин бұл кезде атағы шыққан ақын, революционер. Қалада екі-үш институт болса да, рабфак басты оқу орындарының бірі еді...», деп еске алады Ғабең. Мүсіреповтің тұңғыш әңгімесі «Тулаған толқында» рабфактың қабырға газетінде жарияланды. Жас қаламгердің алғашқы әңгімесіне Бейімбет Майлин батасын берді, ол бұл кезде республикалық газеттің жауапты хатшысы еді. Б.Майлиннің сенім артып, өзінің газетіне аудармашылық қызметке тартуы арқылы Мүсіреповтің шығармашылық жолы бас­талды. Мүсірепов 1926 жылға дейін өзінің рабфактағы оқуын аудармашылық жұмыспен қатар алып жүрді. Омбы ауыл шаруашылығы академиясына түскенімен, бір жыл ғана оқып, елге қайтады. Бурабай орман техникумында сабақ береді. Жас маманның жирен қасқаның тізгінін бос тастап отырып түскен суреті сақталған. 1927 жыл.

*Суреткер туралы сөз. «Ол – тари­хы­мыздағы, ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздегі ХХ ғасыр туғызған аса ірі, алып тұлғалардың бірі. Ғабит Мах­мұтұлы Мүсірепов меңгерген тақы­рыптар, қозғаған әлеуметтік, рухани өмірімізге қатысты мәселелер оның шы­ғармаларында терең көркемдік шешімін тапқандығы ұлттық әдебие­тімізде ғана емес, әлемдік әдебиеттің шең­бе­рінде де жоғары бағаланды». Зәки Ахметов. «Мүсірепов талантының бар­лау­шыларға тән байқампаздығы сонда – ол ылғи жаңа көктемнің алғашқы бүрін­дей көсегелі құбылыстарға назар аударады». Әбіш Кекілбаев. «Ғабит көптеген замандас тұрғыластары үшін жабық та жұмбақ адам болды». Медеу Сәрсеке.

Ел тағдыры талқыға түскен кезеңде Ғ.Мүсіреповтің үнсіз қалмағаны, бірнеше рет басын бәйгеге тіккені жөнінде кейінгі ұрпақ біліп өсуге тиіс. Ғ.Мүсірепов, М.Ғатау­лин, М.Дәулетқалиев, Е.Алтынбе­ков, Қ.Қуанышевтің 1932 жылы шілде айын­да ВКП (б) Қазақстан Өлкелік коми­те­тіне жазған хаты («Бесеудің хаты») соның бір дәлелі. Музейге келушілер хаттың толық мәтінімен және өзгеріске ұшырамаған нұсқасымен таныса алады. Хаттағы қабырғадан қойылған сауалдың бірі мынау: «...Мал басының қисапсыз кеміп кетуі мен көптеген қазақ аудандарын қамтып, адамдардың жаппай қырылуына әкеп соққан ашаршылық (қыстың екінші жартысынан бастап) жөнінде әлі күнге дейін ауыз ашпай отыру қаншалықты дұрыс... осы бір жеке мәселелер бойынша партия нұсқаулары мен оларды іс жүзінде орындау арасындағы алшақтықтың пайда болуының нақты себебі қандай және Өлкелік комитет осы нұсқаулардың орындалуын неліктен дер кезінде тексермеді?». Хат авторларының үшеуі қуғын-сүргінге ұшырайды... Кейінгі кезде «бұл хатты олар жазбаған, олар қол қоймаған, хат­тың авторы басқа біреу», дейтін болым­­сыз, ұсақ әңгімеге де нақты жауап осы музей қабырғасында беріледі. Ашар­шылық тақырыбына жазылған алғаш­қы көркем шығарманың бірі – Ғ.Мүсі­реповтің «Шұғыла» атты әңгімесі. Бұл да ақиқаттың алдында аласармаудың үлгісі. Ал Б.Майлин «Күлпашты» жазды. Ол жазықсыз қараланып, ұсталып бара жатқанда, партия жиналысында айтқан: «Бейімбет халық жауы болса – мен де жау­мын!», деген бірауыз сөзі Ер Ғабеңнің бейнесін көз алдымызға тағы да әкеледі!

*Суреткер туралы сөз. «Төл әдебие­тімізде жазудың биік мәдениетін Ғабеңнен үйрену керек». Әлібек Асқаров. «Ғ.Мүсіреповті юморист жазушы санау аз. Ол тұңғиық философ, сұңғыла психолог жазушы. Ғабең юморын ақылды юмор деу аз. Ол көреген, дана, мейірімді юмор. Ешкімді жасытпайтын, әлдекімді тасытпайтын, көңілді қуанышқа жетелейтін, адамның сезім-танымын арттыратын, тіршілікке құмарлығын еселеп күшейтетін шабытты юмор». Бақытжан Майтанов. «Ғ.Мүсірепов прозасының полифониялық сипаты айрықша. Жазушының өзіндік суреткерлік қолтаңбасы, өзіндік көзқарасы бар. Метафорлық-образдық жүйесі де өзгеше өрнекті тоқылады». Серік Негимов.

Қазіргі әдебиет музейлеріне аса қа­жет заманауи технологиялық құрал-жаб­дықтарды тиімді пайдаланудың бір көрі­нісін Ғабең музейінің жаңарған әдеби бөлі­міндегі шағын кинозалдан байқаймыз. Ғ.Мүсірепов сценарийін жазған кинокарти­налар: «Амангелді», (1938, реж. М.Левин); «Қыз Жібек» (1970, реж. С.Қожықов); «Кездеспей кеткен бір бейне» (1977, реж. В.Пұсырманов); «Тарғыл қауын» (1982, реж. В.Пұсырманов). Деректі фильмдер: Ғ.Мүсіреповтің Раяға жазған хаттары арқау болған «Классиктің кешіккен махаббаты» – «Поздняя любовь классика» (2006, реж. С.Әзімов) музейге келушілердің сұра­ны­сына қарай сенсорлы экраннан көрсеті­леді. Бұл фильмдердің шығу тарихы баяндалады. Мәселен, «Амангелдіні» алайық. 1936 жылы Ғ.Мүсірепов Б. Май­лин­мен және В.Ивановпен бірлесіп, алғаш дыбысталған қазақ фильмі – «Аман­гелдінің» сценарийін жазды. «Ленфильм» түсірді. 1938 жылы экранға шықты. Бірақ сценарий авторларының бірі – Б.Май­линнің есімі аталмады (сол жылы «халық жауы» деп атылды). Одақтық ба­сы­­лым­дарда Ғ.Мүсіреповтің де аты атал­­­май, тек В.Ивановтың авторлығы ғана көрсетілді. Әділеттілік көп жылдан соң, Бейімбет ақталғаннан кейін, кино­туын­ды «Қазақфильмде» қайта көшірі­ліп жазылғанда (1966) ғана қалпына келті­рілді. Ғабең либреттосын жазған «Қыз Жібек» операсының 1968 жылы 1000-қойы­лымы көрсетілген. Операда Қыз Жібек рөлін әр жылдарда К.Байсейітова, Б.Төлегенова, Ш. Бейсекова, Н.Үсенбаева, М.Мұхамедқызы, т.б. сахна шеберлері сомдады.

*Суреткер туралы сөз. «Ғабит Мүсіреповтің «Этнографиялық әңгіме» атты туындысында негізгі кейіпкерлердің аты-жөні жоқ. Бірақ олардың сөз сөй­леуі, кескін-келбеті, жүріс-тұрысы мен тамақтануына дейін барлығы бір мін­дет­ті атқарғандықтан, оқушыға керемет әсер етеді. Кейіпкерлерінің түрін «көрген» соң, оларды сөйлетпей-ақ қоюға да болады. Не болмаса сөйлетіп қойып, оның түріне қарамасаң да түсініп аласың. Бәрібір танисың. Бұл – Ғабеңнің үлкен шеберлікпен жазылған шығармасы». Қалихан Ысқақ. «Ғабиттің қосқан үлесі қайсы деушілерге айтарым – Ғабит Майлин ізімен, бірақ одан басқалау, роман­тикалық стильде әңгіме жанрын дамытып, сол арқылы күшті, татымды образдар галереясын жасады. Романға келгенде, ол қазақ топырағында тарихи-әлеуметтік роман жанрын жасауға зор үлес қосты. Драмада ол, бәлки, барлық үлкен суреткерлерден озық тұр». Әуелбек Қоңыратбаев. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мен «Қыз Жібек» – эпостық шығармалар. Осы дүниелерді драматургияға алып келіп, Шекспир драматургиясының деңгейіне дейін көтеру тек Ғабеңнің қолынан келді. Сосын Мүсіреповтің сахнадағы тілі өте шұ­райлы. Өкінішке қарай, қазір бізде ол кісі­нің деңгейінде жазатын драматург жоқ. Негізі, театрға анықтаманы Ға­бең­­нен артық ешкім берген емес. «Қас сұлу­дың көз жасындай мөлдір өнер – театр!», деген. Талғат Теменов.

Музейге келушілерді қызықтыратын тағы біраз сауалдар жазушының отбасы­лық жағдайына байланысты. 1922 жылы 20 жасында Ғабит бір байдың келіні Қан­шайымды алып қашып, оған некесіз үйле­неді. Екі жылдан соң аралары ажырап кетеді. Бала болмаған. 1926 жылы Ғабит екінші рет жиырма екі жастағы башқұрт аруы Хұсни Ягофарқызына үйленген. Қырық жыл жұбайлық ғұмырларында төрт қыз дүниеге келді: Энгелина, Роза, Ақмарал және Райхан. «Егер де менен «өміріңде нағыз махаббатты кездестірдің бе?», деп сұраса, мен «иә» деп жауап берер едім. Ол менің сүйікті Раям», дейді Ғабең. Олар танысқан 1962 жылдың мамыр айында Ғабең 60-та, Рая 23-те болатын.1964 жылы Хұсни дүниеден озды. Сол жылы Ғабит пен Раиса Мұхамедиярова бас қосады. Жазушы мен актрисаның сегіз жылдық жұбайлық өмірлері жүрек шымырлатар сүйіспеншілік пен көзсіз қызғанышқа толы болған... Бұл кезеңде олардың Гаухар және Гүлнар атты екі қыздары дүниеге келді. Ғабең айтқан екен: «Өмірде әр адамның керегі көп болады, ал егерде маған айтса, «Бар бай­лықтан тек үшеуін ғана таңда»десе, онда менің қалауым – денсаулық, сенімді дос, мәңгілік махаббат». Мүсіреповтің соңғы өмір серігі Ғазиза Бейсенова оның әдеби хатшысы-тұғын. Жазушы онымен ғұмырының соңына дейін бірге болды.

Ғабит Махмұтұлы жұмыстан қолы қалт еткенде әртүрлі ермек тапқан: биль­ярд ойнауды, аңға шығуды, ағаштан түрлі заттар жасағанды ұнатқан. Табиғат аясында сейілдегенде ол ерекше көрінген ағаш бұтақтарын тауып алып, содан таяқ жонған. Өзі тазалап, артық-ауыс бұтақтарын кесіп, қажет қалыпқа түсірген. Ол шалбарының балақтарын су орнына, әтір сепкізіп үтіктеткен. Аңшылықты жақсы көрген, қару-жарақтарын алып, апталап-айлап жоғалып кететін болған. 1936 жылы Бейімбет Майлинмен бірге курортта үш күн бойы думандатып, соның салдарынан Конституция күніне жоспарланған митингі өтпей қалған. Ғабит Мүсірепов бильярдты өте жақсы ойнаған және преферанс ойнаудың шебері болған. Музейдегі тағы бір жаңалық: әдеби залда Ғабеңнің өзі сүйіп тыңдаған «Гәкку», «Сегіз аяқ», «Атамекен», «Жұбайлар жыры», «Қыз–қарағай», «Тау ішінде», т.б. әндер мен Құрманғазының «Сарыарқа» күйі орындалып тұрады. Бұл әуендерді жазушымен бірге тыңдағандай күй кешесіз.

*Суреткер туралы сөз. «Ұлпан» – Ғабеңнің трагедиясы. «Ұлпан» – қазақтың трагедиясы. Өмірдегі Есеней анандай болған екен, мынандай болған екен. Өмірдегі Ұлпан анаңдай болған екен деген әңгімені көп естимін. Онда менің шаруам жоқ. Менің қабылдағаным – Ғабеңнің Ұлпаны. Менің қабылдағаным – Ғабеңнің Есенейі. Менің қабылдағаным – Ғабең санасында сомдалған қазақ даласының мың құбылған сұлу суреті. Менің қабылдағаным – Ғабеңе ғана тән мөлдір юмор...» Әкім Тарази. «...Өлеңдер оқыдым. Кетерде маған қалам сыйлады (алтын қалам). Қарт қартайған екен. Бүкіл үйде жалғыз өзі отырғаны қатты әсер етті маған... Кабинеті жұпыны, жазу столы тіпті жұпыны, басы артық дүниелер, әлеміш-жаламыштар жоқ. Ұзынды-қысқалы, бір түстес, үшкір ұшталған қара қарындаштар. Тілдей параққа арабша жазып тастапты, жаңадан жазылған, сірә. Қорапқа салған екі мылтығы тұр. Кіреберісте саятшының сауыт-саймандары. Ретін тауып, өзімен ұзағырақ сөйлесер ме еді? Біраз бірге болып, достасар ма еді? Тәңірім-ай, бұлар деген аяғын үзеңгіге салып тұрған адамдар ғой...». Мұқағали Мақатаев, («Күнделіктен». 17 наурыз 1973 жыл).

Мемориалдық бөлімдегі жазушының жұмыс кабинеті мен қонақ бөлмесі сол бұрынғы қалпында. Ондағы заттар ман мүкәммал-мүліктерге шаң тигізбей сақтаудың бір сыры – әрқайсысы туралы қозғалар әңгіме, шертілер сыр ұлы жазушының фәни жалғандағы тірлік тынысына қатысты: жазу үстелінің үстіндегі сиясауыт, қалам, қарындаштар, көзәйнек, мүштік, кітаптар, қолжазбалар... «Мүсірепов хатханасы – Письмотека Мусрепова» атты жинақты (көлемі 25 б.т., 300-ден аса хаттар енген) биыл жарыққа шығардық. Көптен бері қомақты «Ғабит Мүсірепов» атты тұлғалық энциклопедия­ны әзірлеудеміз.

Ғабит Мүсірепов – қазақ оқырмандары үшін оқылып бітпеген, оқылған са­йын тылсымына тарта түсетін ғажайып сурет­керлік әлем!

 

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ,

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені жетекшісі,

филология ғылымдарының кандидаты