• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Сәуір, 2014

Дін және қоғам

2226 рет
көрсетілді

Дін істері агенттігі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының жетекші ғылыми қызметкері Асан ОМАРОВПЕН жүргізген сұхбатымызға дін құбылысы аясындағы мәселелер арқау болды. Белгілі абайтанушы зайырлы қоғам, діннің үш аспектісі, діни таным жүйесі, діни тәлім-тәрбие төңірегінде сөз қозғайды.

Дін мазмұны – иман – Асан аға, Ата Заңымызда Қазақ­­­стан – зайырлы мемлекет делінген. Қысқасы, дін мемлекеттен бөлінген. Бірақ, діннің қоғамнан бөлек бола алмасы анық қой. Жалпы, зайырлы қоғам, зайырлылық дегеніміз не? – Әуелі тарихтың түңлігін түре кете­лік. ХVІІ-ғасырда Батыс Еуропа елде­рінде мемлекет шіркеуден іргесін бөлек­теді, яғни мемлекеттік билік пен дін билігі ажы­ратылды. Ғылым мен өнердің қарыш­тауына жол ашқан, міне, осы жәйт. Соны­мен бірге, бүгінгі күнгі Батыс өрке­ние­тінің рухани құлдырау себебі де айтылмыш саяси уақиғаға тіреледі. Қысқаша айтқанда, «зайырлы мемлекет», «зайырлы қоғам» түсініктері осылай пайда болған. – Енді «зайырлылық» ұғымына келейік. Бүгінгі таңда оны дін мен қоғам арасын жалғай алатын алтын көпір деуге бола ма? – Бұл өзі күрделі де нәзік мәселе. Пікірлер де екіұдай. Кейбіреулер зайырлылықтан кешегі кеңестік дәуірдегі атеистік қоғам ұстанымын көргісі келеді. – Олай болса, мәселені нақтылай түссеңіз. – Діннің мынадай үш аспектісі бар: мазмұны, формасы және өмір сүру формасы. Бұлардың шеңбері, атқаратын рөлі әртүрлі. Жеке-жеке тоқталайын. Дін мазмұны – иман. Мақсаты – пенденің мінезін түзеу, қоғамда ар-ұждан дәнін себу. Дін мазмұны күллі адамзатты қамтиды. Шәкәрім: «Дін адамды бір бауыр қылмақ еді», дейді. Енді дін формасы (қауашағы) дегенге келер болсақ, оның шеңбері белгілі бір конфессиядан аспайды. Өзіңіз де білесіз, әр діннің Құдайға құлшылығы, сыртқы ғибадаты өзгеше. Абайдың «Ол ғибадат (иманның) күзетшісі еді» дейтіні сол. Үшінші – діннің өмір сүру формасы деген не? Әр ұлттың төл мәдениеті, әдебиеті, поэзиясы, биі, қолөнері, кәсібі болатыны ешкімді таң қалдырмайды. Діні де солай. Ешбір өзгешеліктер болмауға тиіс деген «жаңалықты» уаххабилік жат ағымдар ғана жариялап әуре. «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» демекші, әр елде діннің өзіндік өмір сүру формасы болуы, меніңше, заңды құбылыс. Мінеки, дін феномені бойынша анық деп айтарлық үш нәрсе осылар. Абай «жаратқан көлеңкесі» деп жа­рық дүниені, материалдық әлемді меңзеген – Дін – мазмұн мен қауашақтан дегенге ешкімнің таласы бола қоймас. Бірі – іші, бірі – сыртқы қауызы деген­дей. Бірақ діннің өмір сүру формасы деге­ніңіз біртүрлі құлаққа тосын есті­летін жаңаша ұғым тәрізді. Таяуда бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы «Дін және дәстүр» деген тың бас­­таманы көтерді. Сіздің де көтеріп отыр­ғаныңыз осы құбылыс емес пе? – Тап солай. Әңгіме дін мен дәстүрден шығады. Дін тарихынан мәлім, әлемдік діндер жергілікті халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін өзіне сіңіру жолымен төл дініне айналып отырды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-нің хадисі: «Ислам 73 ағымға бөлінеді» деген. Әдетте хадисті 73 ағымның біреуі ғана тура жолда, өзгелері адасқандар деп тәпсірлеуде. Өз білуімше, «ағымға бөлінеді» деген сөзде адасу емес, ислам 73 ұлт-ұлыстарға таралады деген астар болуы мүмкін. Кәне, күллі адамзатқа бір ортақ сипатты діни салт-сана орнасын делікші. Онда барлық ұлт-ұлыстар өз болмысымен қош айтысқан, ислам шеңберінде қарағанда, ондаған этностар арабтанған ахуалға тап болар едік. Осы жаратылыс заңына да, діни танымға да қайшы келетін жәйт емес пе. – Бақсақ, діни таным дегенді әркім өзінше ұғады. Адасудың басы осы арада сияқты. – Діни танымды термин ретінде нақтылау аса маңызды іс. Ол дін мазмұ­нынан тамыр алады. Сол үшін діннің ішін ашып көрсетпей болмайды. Діннің ішін ұлы Абай: «...Неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат Құдайға лайық деген» (45-сөз) деуімен ашады. Құдайдың әмір, заңдары көп. Солардың ең ұлығы мейірім, әділет екен. Мұны Абай: «Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан Тәңірінің ісі», деуімен бекітеді. Ал, соңғы өсиет өлеңінде: «Осы үш сүю болады имани гүл» деп тағы бір тұжырады. – Демек, дін мазмұны деген әділет, махаббат болғаны ғой... – Үшінші категория және бар. Ол – ғылым. Жаңағы сөзінде Абай: «Біз Жара­тушы (Өзін) емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз» дейді. Даныш­пан «жаратқан көлеңкесі» деп мына жарық дүниені, материалдық әлемді меңзеген. Оны ақыл, ғылымсыз танып-білу мүмкін емес. Сөйтіп, ғылым, мейірім, әділет Құ­­­­­­­­дайдың бұлжымас үш заңы. Діни таным көмбесі осы деп білу – жеке адамға да, қо­ғамдық сана үшін ерекше маңызды нәрсе. «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі...» – Демек, діни таным Тәңірінің заты мен хикметтерін танып-білуге, теологияға тіреледі десек дұрыс па? – Мәселе сонда, Жаратушы Иеміздің затын тұтас тануға адам баласының өлшеулі ақылы дәрменсіз, оған абсолютті субстанция, көп құдай, үшжүзді құдай т.с.с. ілімдердің пайда болуы дәлел. Ислами жат ағым өкілдерінің «біз таухидті меңгердік, бір Құдайдың затын танып-білдік» деп жүргендері бос сөз. Алды, арты, асты, үсті, оң, солы жоқ, Ауыз, мұрын, аяқ, бас, көз, қолы жоқ. Еш нәрсеге ұқсамайды Ол, еш нәрсеге, Кітаптың айтқанынан ойлама көп. Ғұлама ойшылымыздың бірі Мәшһүр Жүсіп Құдайдың затын тану мүмкін емес­тігін осылайша жеткізеді. Иманды болудың осы заманғы шарты жоғарыда сөз етілген Тәңірілік үш феноменді (ғы­­лым, мейірім, әділет) мойындау, оларды күн­­делікті өмірде нық ұстану деген ойда­мыз. – Зайырлылық ұғымына қайтып оралсақ... – Халықтық педагогиканың да, діни тә­лім-тәрбиенің мақсаты – ғылымды азық қылған мейірімді, әділетті адамды тәр­бие­леу. Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі. Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі, деп Абай білмесе айтар ма еді. Көпті бақытты қылу жолы осы, басқа ештеңе де емес. Арабтың әдебиет (төркін сөз – «әдеп») сөзі де пенденің мінездерін түзеу, қалыптастыру деген мағынаны білдіреді. Ежелден жас буын тәрбиесі ата-ана, ұстаздардың ғана емес, көкірегі ояу барша қауымның (ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, ақсақалдар) ортақ ісі болған. Жалпысында, имандылық пен адамгершілік тәрбие жас талғамайды. Сондықтан, қоғам балабақшадан жоғары оқу орындарына дейін қамтылатын діни таным жүйесін жолға қоюға мүдделі. Әлбетте, мемлекет дін құбылысына осы тұрғыдан араласады, көмек қолын созады. Міне, зайырлылық дін мен қоғам арасын жалғай алатын алтын көпір деуіміз осымен өз түсінігін табады. – Ал қазіргі Қазақстан жағдайында зайырлылықтың ерекшеліктері қайсы? – Қоғамда шынайы зайырлылық негізі отандық теологияны дамыту арқылы қалыптасады. Бұл ретте біздің қазақ үшін тамаша мүмкіндіктер бар. Ескілікте әл-Фараби, Ясауи, Баласағұни бабаларымыз, жаңа заманда Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіптер дінтанушылар емес, ұлы теологтар болған. Отанымыз Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде өркендеуіне жағдайлар жасалуы үшін ғұлама ойшылдарымыздың мұрасы мен ұлтымыздың дәстүрлі рухани құндылықтарын идеология биігіне өрлету керек. Бір сөзбен айтқанда, Қазақ елінің зайырлылығы өз топырағынан тамыр алады, өсіп-өнеді деген ойдамын. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».