Әсілінде, теориямен шектеліп қалған дирижерлер аз емес қой. Олардың білігі мен білімінің зор екеніне сөз жоқ. Әйткенмен мамандар тәжірибесі кемшін тартып тұратынын айтып жатады. Ал Нұрлан Байкөзовтің артықшылығы – еркіндігі. Ол қандай да бір шығарманы түзесе де, табиғат берген мінезін қырып-жойып, құбылтпайтын. Нұрланның дирижер ретінде сахнаға шығуының өзі мереке еді. Ол музыкалық аспап біткенді сезініп қана қоймай, айналасындағылармен, залмен байланыс орнатады. Көрерменді түгел «оятып» жібереді. Мүмкін содан да шығар, көпшілік оны «болмысы бөлек дирижер» деп атап кеткен еді. Иә, ол туралы енді «еді» деген сөзді көп қолданатын болдық...
Нұрлан Байкөзовті елі де, мамандар да «қазақ эстрадасының маэстросы» атап кеткелі қашан?!
Байкөзовтің Қазақстанда джаз жанрына жан бітірген адам екенін бәрі біледі. Иә, бұл – музыканың еркін, күрделі әрі адам жанын тез баурап алатын айрықша бағыттарының бірі. Қазақстанда джазға ғұмырын арнаған орындаушылардың, композиторлардың, музыканттардың есімі көп ескеріле бермейді. Елімізде өткен ғасырдың 70-жылдары кеңінен таралған жанрды қазақтың болмысына икемдеген Нұрланның есімі бірден ойға оралатыны содан шығар.
Өнердің қай түрін алып қарасаң да, ауқымы кең. Көбінесе әншілер мен композиторлардың танымалдылығына қарағанда, аспапты музыканттар, эстрадалық-симфониялық оркестр, ансамбль құрып, оған жетекшілік еткен азаматтардың есімі өз ортасында әңгіме болғанымен, көпшілік арасында тасада қалып жататыны бар…
Талай биікті бағындырған Байкөзов өнер әлеміне жастайынан қадам басқан көпқырлы талант иесі еді. Жетпісінші жылдары Шымкент музыкалық училищесінде оқып жүргенде «Степные маки» («Қыр қызғалдақтары») атты вокалдық-аспапты ансамбль негізін қалаған. Арада аз уақыт өткенде ұжым Мәскеуде ұйымдастырылған өнер аламанында үздіктер қатарынан көрінеді. Кейін кезінде дүркіреп тұрған «Гүлдер» ансамблінің бес жылдай бас дирижері болса, атақты «Дос-Мұқасан» ансамблінің музыкалық жетекшісі де болған, 4 жыл Мақпал Жүнісова құрған «Назерке» ансамбліне көркемдік жетекшілік етеді. Елімізде тұңғыш рет цирк өнерін әнмен әрлеп, сазбен тербеген де – Нұрекең.
Нұрекеңді композитор ретінде өнерсүйер қауым жанындай жақсы көрді.
Ғажап әндері тыңдарманның жүрегіне жетті. Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған «Қорықпаймын түсінігі жоқтардан…», Мақпал Жүнісованың орындауындағы «Деме сен», «Ғашықтар мұңы», «Назерке», М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Үш бақытым» секілді әндерін ешкім ұмытпақ емес. Сонымен қатар симфониялық, эстрадалық-симфониялық оркестрлерге, аспапты ансамбльдерге арналған шығармалары да баршылық. Бірқатары Еуропа елдерінің сахнасында шырқалған да болатын.
Байкөзовтің шығармашылық концерттері аспапты музыканттардың мерекесіне айналып шыға келеді. Өйткені Нұрлан – кәсіби гитарист болатын…
«Армансыз адам – қанатсыз құспен тең». Расында, әр адамның арманы болады. Нұрлан Байкөзовтің қол жеткізген жетістіктеріне қарап, оның бар мақсаты музыка шыңын бағындыру болған деп ойлауыңыз мүмкін. Жоқ, олай емес.
– Менде білім де, тәжірибе де баршылық. Қанша дегенмен халықаралық деңгейде өнер көрсеттік. Сол себепті деңгейді төменге түсіре алмаймын. Ақиқатына келсек, дирижер немесе композитор боламын деген арманның жетегіне ерген емеспін. Клоун болғым келетін. Қазірге дейін қасымдағыларды күлдіріп жүремін. Әзіл әңгіменің түбін түсіремін. Көзімнің жеткені – адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады.
Әскерде Абрамов деген еврей жігітпен азаматтық борышты бірге өтедім. Ол алты ішекті гитараны төгілдіріп ойнайды. Біздің білетініміз – жеті ішекті. Сол аспапқа қызыға қараймын. Үлкендер Абрамовқа гитара тартқызады. Сонда құлағымды түріп, тыңдап жатамын. Күндердің күнінде одан үйретуді өтіндім. Бір-екі ойнап көрсетті, лезде меңгердім. Сол кезде «медиатор», «аккорд» дегеннің не екенін білдім, – дейтін ол көзі тірісінде.
Нұрлан Байкөзов Таразға да, өзінің туған ауылы, Тұрар Рысқұлов ауданындағы Тереңөзек ауылына да жиі келіп тұратын. Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасын композитор Дүйсенәлі Бықыбаев басқарған кезде Таразда «Таразымның алтын күзі» атты фестивалі жиі ұйымдастырылатын. «Баласағұн» орталық концерт залына жиналған жұртшылық Нұрланның әдемі әндерін беріліп тыңдаушы еді.
Иә, Нұрлан Байкөзов өзі айтқандай, кәсіби маман еді. Ресейде, Украинада, Кавказда еңбек еткені де белгілі. Сосын ғой, елге оралғаны. Сыртта жүріп, ізденді, жаңа биіктерді бағындыруға талпынды. Өйткені жетпісінші жылдары бізде гитара аспабы кең көлемде танымал емес еді. Үйрететін кәсіби маман да тапшы болған деседі. Елге келген соң тұңғыш рет қазақ тілінде ән жазды. Мұхтар Шахановтың өлеңін музыка тілінде сөйлеткенін де ел ұмытпақ емес. Оған дейін тек орыс тілінде шығармалар жазып жүрген автор Қазақстанға келген соң жаңа тынысы ашылғандай күй кешіпті. Әрине, әуелде орысша ойлау жүйесі қалыптасқанын да жоққа шығармайтын. Онысын ылғи ашық айтып жүретін.
– Орысы бар, еврейі бар, мені «маэстро» деп атап, тік тұрып, қошемет көрсетеді. Қырық жылдан астам уақыт бойы тәжірибе жинақтап ізденгеніммен, білмейтін дүнием өте көп қой. Ақиқатына келгенде, оны ашып айтудан еш қаймықпаймын. Неліктен өзімді сурет салып – суретшімін, хабар жүргізіп – журналиспін, музыка жаздым екен деп – маэстро деп айтуым керек? Бұл – күнә, үлкен білместік. Адам баласы әрқашан ізденуі, жаңа дүниелерді білуі, меңгеруі керек-ақ, – деген Нұрлан Байкөзовтің жүрегінен өнерге деген адалдық есіп тұратынын байқайтынбыз. Енді оның бәрі де өткен шақта қалды.
Байкөзовтің байлығы – өнері. Өрелі адам ретінде ол биіктерді бағындырса да, аспанға атылған жоқ. Ол үшін шығармалары, сахнадағы бейнесі сөйледі. «Таулар алыстаған сайын биіктейді». Нұрлан Байкөзов те бақилық болды. Бірақ музыканы жанындай жақсы көретін азаматтар үшін ол өлген жоқ. Артында мол мұрасы қалды. Енді Тараз жерінде сол Нұрлан Байкөзов атындағы «Таразымның алтын күзі» фестивалі тоқтап қалмас па екен... Өзі кетсе де, көзіндей болып сапалы туындылары қалған азаматтың рухына құрмет толастамаса дейсің...