• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
10 Сәуір, 2014

Адам терісінен жасалған портмоне

295 рет
көрсетілді

Ажалдан ешкім қашып құтыл­май­ды, сондықтан адам баласы оған мойынсынып, ерте ме, кеш пе әйтеуір бір келетінін ойлаумен өмір сүреді. Тек, өлімнің де тілегі бар, ол – о дүние­ге жаны қиналмай, азап көрмей аттану, қара жер қойнына он екі мүшесінің сау баруы. Ұлы Отан соғысы миллиондаған адамның өмірін қиған, осыншама отбасыға тауқымет азабын тарттырған қасіретті сойқан ретінде тарихта қалды. Оқ тескен ішек-қарны шұбатыла еңбектегендер, жарықшақ тиіп қақ айырылған басымен сасқаннан жандәр­мен жүгіргенде сап-сары миы жан-жаққа ша­шырай ақтарылған жауынгер, бір өзінен 20-ға тарта оқ жарықшақтары алынған майдангер, тағы басқа соғыстың жантүршігерлік қасіретті оқиғалары ардагерлер аузымен естелік ретінде айтылып, кітаптарда қанға малынған сиямен жазылып келеді. Тағдырдың айдауымен тұтқынға түскендердің лагерьлерде қандай азаптаулар көргендігі де  өз алдына зерттеуді қажет ететін үлкен әңгіме. Лагерьлерде түрлі азаптаулардан, ауру-сырқаудан, аштықтан көз жұмғандардың шаштары мен терілерінен әйелдерге арналған биік өкшелі туфли, сөмкелер дайындалғаны туралы деректерді де әр жер-әр жерден көзіміз ша­лып қалып жүр. Сөйтсек, Ұлы Отан соғысы жыл­дарында адам терісінен, дәлірек айтсақ, жауынгер терісінен тігілген бұйымның бірі Маңғыстау облыс­тық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы екен. – 1995 жылы Жеңіс мерекесінің 50 жылдығына орай мұражайда арнайы көрме өткізген едік. Көрмені тамашалауға келген көрермендер арасынан Ақтау қаласының тұрғыны Лесицын өзінде адам терісінен жасалған портмоне бар екендігін айтып, арада көп уақыт өтпей мұражайға әкеліп тапсырды, – дейді Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қор бөлімінің бас қор сақтаушысы Жадыра Кетеева. Жадыра әдемі қорапшадан шығарып үстел үсті­не қойған қоңырқай түсті портмонені қолға ұстау­дың өзі қиын. Тітіркенесің. Әйтсе де, ұстадық... Тігінен ашылатын портмоненің ені 10 см., ал ұзындығы 15,5 см. екен. Дизайны сол кездің өлшемімен алғанда тәп-тәуір – іші төрт бөліктен тұрады. Бір бетінде қалташа бөлік­терді бекітетін арнайы белдігі де бар.  Ішкі бетін, яғни портмоне астарын матамен ызған. Бұл – соғыс жылдарындағы атыс-шабыс былай тұрсын, адами құндылықтарды, ар-иман атаулыны жиып тастап, адамды айуандықпен жазалағандығының бір дәлелі. Атасын, әкесін, бауырын жоғалтып қанша жан «аһ» ұрды, қанша ана ұлын күтумен өтті өмірден, қанша ұрпақ хабарсыз кеткен бабалар туралы бір дерек табылар ма екен деп әлі де ғаламтор сайттарына үңілуде. Ал, сүйегі өртеліп, сыпырылған терісі бұйымға айналған бейбақ кім екен?! Бұл – соғыстың ашылмайтын мәңгі жұмбағы... Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.