Атыраудағы орта мектептердің бірінде туберкулездің ашық түрімен ауыратын психологтың жұмыс істейтіндігі анықталды. Бұл деректі газет тілшісіне Атырау облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының бөлім басшысы Арай Қайсенғалиева жеткізді.
Жалпы жұртшылық, соның ішінде мектеп жасындағы балалар үшін өте қауіпті жұқпалы дертке шалдыққан психолог жыл сайын медициналық тексерістен өтіп тұрған. Тек биылғы тексерістен өткенде ғана туберкулездің ашық түрімен ауыратындығы анықталған. Алайда, психолог жұмыс істеген мектепте карантин жарияланған жоқ. Қазір мектепке дезинфекция жасалған. Сонымен бірге, сырқатқа шалдыққан психологпен қарым-қатынаста болған 114 қызметкер мен 154 оқушы тексерістен өткізілуде. Өйткені, туберкулездің ашық түріне шалдыққан психолог жоғары сыныптарға өзін өзі тану пәнінен де сабақ беріп келген екен.
Сонымен бірге, Мақат ауданының орталығы Мақат кентіндегі бір балабақшаның және Доссор кентіндегі екі мектептің асханасынан ішек таяқшасының бактериялары анықталып отыр. Мектептер мен балабақшадағы санитарлық жағдайдың талапқа сай еместігін анықтаған Мақат ауданының прокуратура қызметкерлері 936 баланың құқығын қорғап қалды. Әйтпегенде, осынша бала ішек таяқшасы бактериясын жұқтыруы әбден мүмкін еді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.