Нулы да сулы өңір қайсы десе, Күршім дер едік. Түстігінен Ертіс жылыстай ақса, Марқакөлден Қалжыр құлайды. Алтайдың ақ бас шыңдарынан бері күркіреп Күршім ағады. «Аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмайды» демекші, өзен-көлдің ортасында отырған Күршімнің бес-алты ауылы неше жылдан бері егістікке су шығара алмай әлек. Былтыр көктемде Күршім өзеніндегі «Мойнақ» бөгеті жырылып, салдарынан шаруалар шығынға ұшыраған. Бұл мәселе биыл да шешілмейтін секілді.
Бөген бұзылды, халық сусыз. Ал «Қазсушар» мекемесі көмейден су шықпай жатқанымен, шаруалардан төлем алып отыр. Су шайып кеткен бөгетті жөндеуге де құлық танытпаған. Зейнеттегі гидротехник Әділхан Тұрсынхановтың айтуынша, бөген шлюздің уақтылы тазаланбағанынан бұзылған. Демек құзырлы органдардың салғырттығынан қаншама халық жапа шегіп отыр. Рас, өзен жағасында отырып, бау-бақшасы, егістігі құрғап жатса, жапа шегу емей немене?!
Қазірдің өзінде тоғанның кеңірдегінде күл-қоқыс кептеліп тұр. Өзен өз арнасымен ағып жатыр. «Қазсушар» мекемесі Жауғашты каналын 2016 жылы қарамағына алса, «Мойнақ» бөгетінде ие жоқ. Жауапты мекеме болмаған соң бір-біріне сілтейді.
Жергілікті тұрғындардың сөзіне қарағанда, Кеңес өкіметі кезінде су каналдың бетімен-бет болып шүпілдеп, ел-жұрттың егістігі, бау-бақшасы жайқалып тұрған екен. Әу баста каналды ауыл жұрты қолмен қашап жүргізген. Кейін колхоз-совхоздар техниканың көмегімен үлкен канал салған. Сол уақыттан бері жөндеу көрмей келе жатқан бұл тоғанның тозығы жетті де. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, бөгенді бір жаңартудың уақыты келіп-ақ тұр. Оны осы тоғанда 30-40 жыл гидротехник болып қызмет еткен Әділхан Тұрсынханов ақсақал да айтып отыр. Су шығарудың әдіс-тәсілін әбден меңгерген ақсақал тоғанның сызбасын қағазға түсіріп те қойған.
– Биылша тасқын су өтіп кеткен соң ауыл тұрғындары қоқыстан тазартатын шығар. Ал келешекте өзеннің арнасын бұрып, сол арнадан су шығаратындай бөген жасау керек. Ол іске гидротехник инженерлер кіріссе, жөн болар еді. Ынта болса, қазірдің өзінде жұмысты бастай беруге болады. Тасқын су өз алдына ағады. Сөйтіп, керек суды бөгеннен реттеп алуға болады. Сонда ғана бұл мәселе біржола шешіледі, – дейді зейнеттегі гидротехник.
Бес бірдей ауылдың суармалы алқабын сумен қамтитын Жауғашты каналының ұзындығы – 23-24 шақырым. Канал алқаптардан бөлек Сарыөлең округіндегі сегіз жасанды көлді толтыратын. Ертеректе ол көлдерде балық өсірілген. Бүгінде жердің соры шығып, көлдердің суы тартылған. Тоғаннан су шықпаған соң жерасты суы да түсіп, аулалардағы құдықтар суалып қалуда.
– Жауғашты арнасы Бірлік, Барақ, Сарыөлең секілді бес ауылды сумен қамтиды. Алғабастың шабындығы мен егістігі де осы арнадан суарылатын. Былайша айтқанда, ауданда дайындалатын мал азығының 80 пайызы осы тоғанға тәуелді. Кейінгі жылдары астық егілмейді, шабындықтар кеуіп жатыр. Яғни 12-13 мың гектар жерді игере алмай отырмыз. Қыл аяғы бау-бақша егуден қалдық. Жол бойындағы ағаштардың бәрі қурап кетті, – дейді шаруашылық жетекшісі Ержан Қойлыбаев.
Аңқасы кепкен алқаптарға алаңдаған ауылдықтардың мәселесі бүгін-ертең шешімін таба ма? Күрмеуі қиын бұл сұрақты «Қазсушар» кәсіпорны облыстық филиалының директоры Нұржан Әміржановқа қойғанбыз.
– Жауғашты каналын Күршім ауданы әкімдігі қабылдаған соң бізге, яғни республиканың меншігіне тапсырады. Тапсырылған соң барып жобалық-сметалық құжатты дайындап, қайта жаңғырту үшін бюджеттен ақша сұраймыз, – деген филиал директоры аталған тоғанға қатысты ресми ақпаратты ұстатты қолымызға.
Шолып шықтық. Ресми деректерде жазылғандай, 2021 жылдың мамырында тасқын судың салдарынан Жауғашты каналында пайда болған кептелек кезінде Күршім өзеніндегі ағысты бағыттайтын бөгеттің 30 метрге жуық габиондық торы жыртылып кеткен. Соның кесірінен каналдағы су деңгейі 10 текше метрден 0,5 текше метрге дейін төмендейді. Сөйтіп, каналға тәуелді шаруалардың жері құрғайды.
Айтқандай, апаттық жағдай бойынша 2021 жылғы 9 тамызда Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Д.Бекмағамбетовтің төрағалығымен көшпелі кеңес өткізілген. Онда ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданыпты. Ол үшін «Қазсушар» РМК Шығыс Қазақстан филиалы мамандары 6 281,735 мың теңге сомасына жобалық-сметалық құжат жасапты.
Сондай-ақ «Қазсушар» РМК Шығыс Қазақстан облыстық филиалы мамандары берген мәліметтерден түсінгеніміз, Күршім өзенінің тасып жатуына байланысты дамбаның қиыршық үйінділері шайылып жатыр. Габиондық тордың шайылып кету қаупі де жоқ емес. Алайда елді мекендерді су басу қаупін тудырмайды. Қазіргі уақытта Күршім өндірістік учаскесі қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып отыр. Алда-жалда су арнасынан асқан жағдайда арнайы техникалар бар. Ол үшін 475 литр дизель, 610 литр бензин қарастырылған. Апаттың алдын алу үшін 300 дана қап әзірленді. Су тасқыны басылған соң шайылған үйінділер қайта қалпына келтіріледі.
Айта кетерлігі, жуықта Мәжіліс депутаттары Е.Саиров пен Е.Жаңбыршиннің төрағалығымен өткен көшпелі кеңесте су тасқыны кезеңінен кейін бөгеттің шайындысын қалпына келтіріп, 2022 жылдың қазанында Күршім ауданының коммуналдық меншігіне Жауғашты каналын беру туралы шешім қабылданды.
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы