Тәуелсіздік алғаннан кейін құқықтық реформаларды жүргізу барысында құқықтық статистиканың бірыңғай органын құру қажеттігі туындады. Ол кезде статистиканы әр орган өздері қалыптастыратын, араларында ешқандай жүйе болмаған. Бұл еліміздегі қылмыстылықтың жағдайына дұрыс және толық баға беруге мүмкіндік бермеді.
1997 жылғы 22 сәуірде Мемлекет басшысы осы мәселеге қатысты шешім қабылдады. Ішкі істер, Әділет министрліктерінің және бұрынғы Мемлекеттік тергеу комитеті Криминалдық ақпарат орталығының статистикалық қызметтерінің базасында Бас прокуратураның жанынан Құқықтық статистика және ақпарат орталығы құрылды.
Осылайша, өз тарихында алғаш рет құқықтық статистика қадағалау органының қарамағына берілді. Бұл саланы мұндай қайта құру ол кезде тек Қазақстанда ғана болды. Қазірдің өзінде ТМД елдерінің арасында бақылау-қадағалау функциялары бар біздің комитетке ұқсас мекеме жоқ. Бұл – қазақстандық прокуратураның және жалпы еліміздің құқықтық жүйесінің айрықша ерекшеліктерінің бірі.
Бастапқыда құқықтық статистика органдарының міндеттері шектеулі еді. Бірақ мемлекетіміздің дамуы және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі құқық қорғау міндеттерінің кеңеюі комитеттің жұмысын көркейтіп, прокурорлық қадағалау мен IT технологияларды үйлестіре отыра, заманауи ақпараттық органдардың біріне айналды.
Сапалы басқару шешімдерін қабылдау үшін, комитет қылмыстың жай-күйі, құқық қорғау органдары мен соттардың қызметі туралы құқықтық ақпаратты қалыптастырудың бірыңғай тетігін ұйымдастырды. Арнайы есепке алуды жүргізу, анықтамалық және мұрағаттық жұмыс ретке келтірілді, салалық заңнаманың негізгі нормалары қабылданды. Қазіргі таңда комитет қылмыстық, азаматтық және әкімшілік салаларда 23 статистикалық және талдамалық есеп қалыптастыруды қамтамасыз етіп отыр. Соттылығы туралы, теріс себептермен жұмыстан шығарылған, іздестіріліп жатқан қылмыскерлер, борышкерлер, хабар-ошарсыз кеткен және т.б. мәліметтер бойынша арнайы есепке алудың 24 түрі жүргізіледі.
Ақпараттық жүйелердің көмегімен қазір соттылығы және қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны туралы мәліметтердің барлығын жедел алуға болады. Бұл өз кезегінде жаңа құқық бұзушылықтарды болдырмау, алдын алу, сондай-ақ күдіктілердің іс-қимылына және олардың мүлкіне шектеу қою бойынша жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Құқықтық ақпарат азаматтар мен заңды тұлғалар үшін ашық және қолжетімді.
Бүгінде қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, сондай-ақ есептен жасырылған қылмыстарды анықтау комитет жұмысының басым мақсаттарының біріне айналды. Бұл бағыттағы жұмысты қамтамасыз ету үшін заманауи ақпараттық жүйелерді қолдана отырып, ақпараттық-статистикалық жүйе дамытылды.
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап тергеу және прокуратура органдары кезең-кезеңмен қылмыстық іс бойынша негізгі шешімдерді электронды түрде реттеп отыруға көшті. Енді күдікті деп тану, оның іс-әрекетінің және қылмыстық құқық бұзушылықтың саралануы, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін үзу, тоқтату туралы шешімдер, сондай-ақ айыптау актісі прокурордың келісімінсіз заңсыз деп есептеледі. Бұл өзгерістер күдіктілердің де, жәбірленушілердің де конституциялық құқықтарын қорғап, тергеудің объективтілігі мен тергеушілердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ электронды келісім тергеу органдарының басшылығы мен қадағалаушы прокурор қылмыстық істердің тергеу барысын онлайн режімінде бақылай алады.
Сонымен қатар биылдан бастап қылмыстық процестің үш буынды моделінің екінші кезеңі енгізілді, онда тергеушілерге сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есептерді және прокурорларға аса ауыр істер бойынша айыптау актілерін енгізуге өкілеттіктер берілді. Бұл ретте құқықтық статистиканың дәйектілігін қадағалауды қашықтан жүзеге асыру және уәкілетті мемлекеттік органдарды, сондай-ақ қылмыстық процеске қатысушыларды объективті құқықтық ақпаратпен қамтамасыз ету процесі дамуда.
Соңғы бес жыл ішінде комитет басқа органдармен бірлесіп, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында бес жобаны енгізді. Олар: электронды қылмыстық іс, әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімі, тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі, электронды өтініштер және талдау орталығы.
Электронды қылмыстық іс жобасы- ның шеңберінде сот ісін жүргізу электронды форматқа ауыстырылды, бұл істерді тергеп-тексеруге және оларды цифрлы жүйелер арқылы сотта қарауға мүмкіндік береді. Бұл жобаны енгізу сотқа дейінгі тергеу органдарының және қылмыстық процестің барлық қатысушысының жұмысын оңтай- ландырды. Осының арқасында қылмыстық процестің ашықтығы қамтамасыз етіліп, іс материалдарына онлайн қолжетімділік, sms хабарламалар арқылы сотқа шақырту алу мүмкіндігі пайда болды.
Қылмыстық процестің барлық қатысушысы, оның ішінде адвокаттар, электронды қылмыстық істердің материалдарына Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінің (СДТБТ) «Жария секторы» арқылы онлайн қол жеткізе алады. Ол үшін qamqor.gov.kz порталында электронды цифрлы қолтаңбаның көмегімен авторлану жеткілікті. Онда іс жүргізу құжаттарының көшірмелерін көруге, өтініш беріп және оған жауап алуға болады.
Өткен жылы комитеттің ақпараттық жүйелерін Жоғарғы соттың «Төрелік» бағдарламасымен біріктірілді. Осының арқасында қылмыстық істер материалдары мен санкциялар сотқа электронды форматта жолданатын болды. Осыған ұқсас жұмыс Әділет министрлігінің «Е-Заң көмегі» және «Е-Сараптама» жүйелерінде де жүргізілді. Нәтижесінде, мемлекет кепілдік берген заң көмегі шеңберінде адвокаттарды және сот сараптамаларын тағайындау автоматты түрде жүргізіле бастады.
Қылмыстық істерді электронды форматта жүргізу күннен-күнге ұлғайып келеді. Бүгінгі күні электронды форматта қаралған қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 88 пайыздан асты.
Әкімшілік істердің бірыңғай тізілімі жүйесі де сәтті іске асырылуда. Бұл жүйеде құқық бұзушылықты тіркеуден бастап, ол бойынша шара қолданып, жазаны орындаумен аяқталатын әкімшілік іс жүргізудің бүкіл процесі автоматтандырылды.
Бұл жедел әрі ашық процесті, азаматтарға айыппұлдарды тез және ыңғайлы төлеуді, сондай-ақ адами факторды болдырмай, процессуалдық қателіктерге жол бермеуге мүмкіндік мол. Цифрландырудың арқасында мемлекеттік органдар қызметкерлерінің де, азаматтардың да уақыты едәуір үнемделді.
Бұрын полиция қызметкеріне қағаз хаттаманы жасауға 20-30 минут қажет болса, қазір он есе аз уақыт жұмсалады. Іс бойынша мән-жайлар планшетте толтырылады, ал құқық бұзушыға айыппұлды бірден, 50% жеңілдікпен төлеуге мүмкіндік беріледі. Айта кетерлігі, егер 2010 жылы айыппұлды төрт құқық бұзушының біреуі ғана төлесе, ал қазір төрт құқық бұзушының үшеуі өтейді.
Осы әкімшілік жүйеге қосылған бейнетіркеу құралдарын жаппай енгізу «жазаның бұлтартпастығы» қағидатын сақтаудың тиімді құралдарының біріне айналды. Барлық бұзушылықтар «Процессинг» орталығында тіркеледі, ал оларды жасаған азаматтар қысқартылған өндіріс тәртібімен әкімшілік айыппұл төлеу қажеттігі туралы sms хабарламаны автоматты түрде алады. Айыппұлды төлеу Қазпошта немесе 20-ға жуық банктің мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі таңда әкімшілік хаттамалардың 88 пайызы электронды форматта жасалады.
Прокуратураның тағы бір басым міндеттерінің бірі – бизнесті заңсыз тексерулерден қорғау. Осы бағытта комитет арнайы Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі жүйесін жүзеге асырып, кәсіпкерлерді бақылаушылар тарапынан негізсіз қысымнан қорғаудың құралын жасады. Бұл жүйеге тексерулерді тағайындау туралы актілер, олардың мерзімдерін ұзарту туралы құжаттар және электронды форматтағы тексеру нәтижелері енгізілген.
Комитет әзірлеген Qamqor мобильді қосымшасы арқылы кәсіпкер тексерудің заңдылығын, оның мәні мен мерзімін біле алады, сондай-ақ тексерушілер туралы мәліметтерді көреді. Егер кәсіпкер тексеру барысымен келіспесе, ол прокуратураға онлайн шағым жібере алады, оған арнайы мобильді топтар жауап береді. Қосымшаны қазірдің өзінде 110 мыңнан астам кәсіпкер пайдаланды.
Келесі жоба – прокуратура органдары мен мемлекеттік органдардың міндеттерін шешу үшін көпфункционалды талдау құралы ретінде әзірленген Талдау орталығы. Әкімшілік, азаматтық және қылмыстық құқықтық салалардағы барлық ақпарат бірыңғай платформаға шоғырландырылған. Осы орталық арқылы белгілі бір уақыт аралығында, аумақтар, талдау түрлері мен объектілері бойынша құқықтық статистиканы бақылауға және салыстыруға болады. Бұл құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын жедел қабылдауға, елдегі қоғамдық қауіпсіздік пен заңдылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Комитет 2021 жылғы 1 шілдеден бастап Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірге «е-Өтініш» ақпараттық жүйесін іске қосты. Бүгінде бұл жүйені барлық мемлекеттік орган мен 180 мыңнан астам адам пайдаланады. Бірыңғай платформа өтінішті тіркеуден бастап, жауап жолдауға және оны қарау сапасын бағалауға дейінгі бүкіл процесті автоматтандырады. Оны мобильді қосымша немесе ақпараттық жүйенің жеке кабинеті арқылы көруге болады. Барлық жоба 2021 жылдың соңында өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді.
Президент азаматтардың проблемаларын уақтылы шешу және дұрыс құқықтық ақпаратпен қамтамасыз ету үшін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында талдау құралдарын дамыту бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды. Біздің тәжірибемізді кейбір шетелдік әріптестер назарға алып, қазақстандық үлгі бойынша өздерінің цифрлы жүйелерін құруда.
БҰҰ сарапшыларының айтуынша, Қазақстанның бірыңғай құқықтық статистикасы қылмысты бақылаудың тиімді құралына айналды. Ресей Ішкі істер министрлігінің Бас ақпараттық-талдау орталығының мемлекетаралық ақпараттық банкімен, Еуростатпен және АҚШ Әділет министрлігінің Статистика бюросымен тығыз өзара іс-қимыл жүргізілуде.
Қазіргі таңда БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен тығыз ынтымақтастықтың арқасында комитет қылмыстарды жіктеудің халықаралық тәжірибесін енгізуде. Бұл Қазақстандағы қылмыс туралы статистикалық деректерді басқа елдермен жүйелеуге және салыстыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек комитет балаларға қатысты зорлық-зомбылықты өлшеуге арналған талдамалық құралды әзірлеу жөніндегі халықаралық сараптамалық жұмыс тобына кірді. Топ құрамында әлемнің 107 елінің өкілдері бар.
Бүгінгі күні комитет басқа да көптеген маңызды жұмысты қолға алып келеді. Біздің жетістіктеріміз – барлық құқық қорғау органымен өзара іс-қимыл жасай отырып, құқықтық статистиканы қалыптастыратын ведомствоның әр қызметкерінің нәтижелі жұмысы. Комитет қызметкерлері уақыт талабына сәйкес құқықтық статистика жүйесін цифрландырудың бастамашысы болды деп айтуға толық негіз бар. 25 жылдығымыз қарсаңында құқықтық статистика органдарының ардагерлері мен барлық қызметкерін құттықтаймын.
Сәбит НҰРЛЫБАЙ,
Бас Прокуратураның
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы