Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің University Sports Centre спорт кешенінде БАҚ өкілдері арасында футзалдан екі күндік «МИИР PRESS CUP» турнирінің ашылу салтанаты болып өтті. Іс-шараға ҚР ИИДМ аппарат басшысы Ерболат Мұқаев, ведомствоның баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан және Л.Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлы қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұйымдастырған турнир қазақстандық БАҚ өкілдерінің басын біріктіріп, журналистер мен редакциялардың шығармашылық ұжымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында өткізіледі.
Турнирге Қазақстанның әр өңірінен 18 команда қатысуға ниет білдірді. Жеребе қорытындысы бойынша олар 4 топқа бөлініп, әр топтағы екі мықты команда плей-оффқа жолдама алады. Турнир 23 сәуірде аяқталады деп жоспарлануда. Барлық ойындар «University Sports Centre» кешенінде өтеді.
BAQ liga журналистер лигасы — БАҚ командалары арасында мини-футболдан тоғыз маусым көлемінде және волейболдан чемпионат өткізген, БАҚ ұжымдарына арналған кездесу алаңы. Жалпы BAQ liga өткізген жарыстардың барлық маусымына еліміздегі 70-ке жуық БАҚ-тан 700-ден астам журналист қатысты. Турнир серіктестері — Qazaq geophysics және Kazakhmys barlau компаниялары.
«University Sports Centre» — бұл ауданы 7 мың шаршы метрден асатын, волейбол, баскетбол, шағын футбол, гандбол, күрес сияқты спорт түрлері бойынша жаттығу сабақтарын өткізуге, сондай-ақ арнайы спорт секциялары бойынша жарыстарға арналған заманауи кешен. Спорт кешені 2021 жылдың 25 мамырында Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің 25 жылдығын мерекелеу аясында ашылды.