Дауылды нөсер салдарынан Кентаудағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің шатыры ұшып кетті. Қазір жалпы шығын көлемі есептеліп, қираған нысандарды қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Нөсер жауыннан Кентау қаласында шығын көп болған. Қалада 5 электр бағанының зақымдануынан тұрғындардың 10 пайызы жарықсыз қалды. 1 мектеп пен 1 балабақшаның шатыры ұшып кетті. 4 көлікке ағаш құлап, зақым келген. Екі көпқабатты тұрғын үйдің де шатыры құлады. Қалалық полиция бөлімінің ғимаратына да зақым келген. Қазір қаланы құлаған ағаштардан тазарту жұмыстары жүріп жатыр.
«Қаладағы «Жұлдыз» балабақшасының шатырын қалыпқа келтіргенше, балаларды балабақшаға қабылдамау жөнінде нұсқаулық берілді. Барлығы балалардың қауіпсіздігі үшін. №24-ші мектептің де шатырының құлауына байланысты балаларды оқыту/оқытылмау бойынша қосымша ақпарат беріледі», делінген қала әкімдігі таратқан хабарламада.
Қазір қала әкімдігіндегі жедел желі арқылы тұрғындар тарапынан хабарламалар түскен жағдайда қолға алынатын шұғыл іс-шараларға дайындық жүріп жатыр.
Аяна Тоғанбек