Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Бас прокуратураның 1-қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қаңтар оқиғасы кезінде Шығыс Қазақстан облысының екі ірі қаласында агресивті 2500 адам мен полицияның қақтығысы бір уақытта болған. 5 қаңтар күні Семей қаласының әкімдігі басып алынды, 12 полиция автокөлігі зақымданды, «Тигр» арнайы көлігі ұрланды. 124 полиция қызметкері мен Ұлттық гвардияның әскерилері дене жарақаттарын алды», деді Е. Қилымжанов.
Оның айтуынша, Өскемен қаласында шабуылдаушылар әкімдіктің, Халық банкінің, «Сулпак» дүкенінің ғимараттарына, коммерциялық нысандарға және 10 қызметтік автокөлікке зақым келтірген. «Бекет-2» стационарлық полиция бекеті жойылған.
«Осы кезеңде облыста 7 адам қаза тапты. Полиция ғимараттарында қайтыс болған 3 азаматқа қатысты тергеуді Бас прокуратураның арнайы прокурорлары жүргізіп жатыр. 4 адамның мәйітіне қатысты деректерді полиция органдары тергеуде», деді Бас прокуратура өкілі.