Өңірде қоңыр аңды суық көздің сұғынан, аңшының қандауыз мылтығының қарауылынан қорғайтын «Киік» акциясы ұйымдастырылды. Мамандардың есептеуіне қарағанда, желдей еркін, сары сағымдай азат киік саны кейінгі жылдары күрт көбейіп келеді.
Көз ұшына қара ілінбейтін Жақсының жалпақ даласы. Көзі жіті адам ту-ту алыстан орағытып, ақ шілтерлі Арқа сағымының етегінен шығып, жөңкіліп бара жатқан ұлы көшті аңғарар еді. Киік көші, киік табыны. Өңірде Жақсы, Атбасар, Егіндікөл, Қорғалжын аудандарында соңғы жылдары киік басы көбейді. Енді мамыр айының орта шенінде «құралайдың салқыны» басталады. Міне, сол сәтте Егіндікөл ауданының жалпақ жоны құтты киіктердің перзентханасына айналмақ. Неге екенін кім білсін, әлденеше ауданның аумағында желмен жарысып жүрген киік біткен осы арада тоқайласпақ. Тылсым табиғаттың біз түсіне бермейтін бір жұмбағы.
– Осы акция барысында біз киік көп жүретін аумақтарды кірпік қақпай күзетеміз. Негізгі күшті Егіндікөл ауданындағы киік төлдейтін жерге жұмылдырамыз. Ұлттық байлықты ерекше бақылауға алмай бола ма? – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Арман Тұрымбаев.
Соңғы санақ бойынша солтүстіктегі төрт облыстың төңірегінде 285 мыңға жуық киік бар. Бір дәтке қуаты, соңғы үш жылда киелі киікке мылтық кезеніп, бағалы мүйізін пайдаға жарату дерегі тіркелмеген.
– Киіктерді қорғау үшін заң қатайғалы қылмыс та күрт азайды, – дейді инспекция басшысының орынбасары, – заң бойынша киік атқандар үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Облыста екі бекет ұйымдастырылған. Бұл жерде кезекшілік қолға алынып, бірнеше топ жұмыс істейді.
«Киік» акциясы ұзын-ырғасы бір айға дейін жалғасын табады екен. Оған дейін құралай да аяқтанып кетеді. Киік табыны мол болғанымен, жаппай төлдеу небәрі екі-үш күнге ғана созылады. Кәнігі мамандардың айтуына қарағанда, оның өзіндік сыры бар. Ең бастысы, өзге жануарлардай емес, киік кез келген құралайды емізіп, бауырына ала бермек. Сондықтан жалпақ жондағы мыңғырған табын ішінде жетімсіреген құралай болмайды. Тағы бір айта кетуге тұрарлық қызықты жай. Мамыр айының ортасы ауғанда ел аузында «түйетабан» деп аталатын өсімдік бүр жармақ. Жап-жалпақ, сәл жасылдау, негізінен қызғылт түсті жапырақтары әлі еркін аяқтана қоймаған құралайларды сырт көзден жасырып тұрмақ. Айсыз қараңғы түнде жарты бидайды көре алады дейтін қасқырдың өзі құралайды көре алмай қалады екен. Табиғаттың жанашыр пейілінің ғажаптығын айтсаңызшы. Ендігі бір кереметі, құралайлар аяқтанған соң әлгі жанашыр түйетабанның қауызы тарылып, біржола жабылып, көзден таса болады.
Ал құралайдың салқыны басталған кезде күн ересен суытпақ. Дәл осы кезде жемтік іздеген жыртқыш та бұйығы күйге түсіп, апан түбінде жатады. Ежелгі аңшылардың айтуларына қарағанда, құралайдың аман қалуына бұл да сеп. Әлгі бұйығы кейіп үш-төрт күнге созылса жетіп жатыр. Бойы тез ширап, тез жетілетін құралай аяқтанып кеткен соң аттылы адамға жеткізбей, атқан оқтай зулайтын болады.
Киелі жануар туралы көптің есінде сақталған ескі әңгімені көңіл таразысына салып бағамдағанда, бір-бірінің лағын емізе беретіндігі қайран қалдырады. Бауырмалдылық пен жанашырлықты киіктен үйренуіміз керек шығар.