• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 26 Сәуір, 2022

Азаматтық қоғамды дамытудың алғышарты

292 рет
көрсетілді

Жұмыс сапарымен Алматы облысына келген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров Талғар аудандық мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті. Үш сағаттан астам уақытқа созылған ашық диалог барысында министр тұрғындардың барлық сұрағы мен ұсынысын тыңдады. Кездесу барысында Асқар Омаров министрліктің атқарған жұмысы туралы да қысқаша баяндама жасады.

Аудандық Мәдениет үйінде өткен кездесу барысында ақпарат саласын дамыту, азаматтық қоғам, жастар және отбасы саясаты, дін, этносаралық қатынастар, қоғамдық сананы жаңғырту мәселелері талқыланды. Кездесуге Алматы облысы әкімінің орынбасары Б.Байжұманов, Талғар ауданының әкімі Қ.Әбдіханов, қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар мен этно-мәдени бірлестіктердің жетекшілері, аудан тұрғындары мен жастары қатысты.

– Елімізде азаматтық қоғам институттарын дамыту бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда республика бо­йынша әлеуметтік маңызды жұмыстармен айналысатын 22 мың үкіметтік емес ұйым бар. Мемлекет тарапынан барлық үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетілуде. Осы бағыттағы жұмыстарға Алматы облысының тұрғындары да белсенді үлес қосуда, – деді министр А.Омаров.

Мәселен, былтыр Алматы облысында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша 92 жобаға 199 млн теңге қаржы бөлінген. Биыл бұл сома 495 млн теңгені құраған. Бұған 112 жоба қаты­сатын болады. Өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге өсім бары байқалады. Әрине, бұл іс-шаралар азаматтық қоғамды дамытуға серпін беріп отыр. Осы жерде азаматтық қоғамның қа­лыптасуы мемлекеттің дамуында айтарлықтай маңызға ие екеніне басымдық беруі тиіс. Сондықтан да, министр аудан тұрғындарымен кездесуде облыстық әкімдіктің азаматтық қоғамды дамытуға ерекше назар аударуы қажеттігін атап айтты.

– Қазіргі уақытта қоғамдық кеңестер құрамын нығайту бо­йынша жұмыстар жүргізілуде. Кейбір өңірлер бойынша минис­тр­лік тарапынан сын бар. Бірақ Ал­маты облысы бойынша кемші­лік жоқ, – деді министр еріктілер қозғалысына да ерекше мән беріліп жатқандығын сөз етіп.

Министрліктің маңызды жұ­мыс бағытының бірі – бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту екені белгілі. Мемлекет басшысының ха­лыққа арнаған биылғы Жол­дауында бұл бағытта айқын тапсырма жүктелді. Қазір сол бойынша бірқатар іс-шара қолға алынған екен.

– Біз қазір БАҚ туралы заңды қайта әзірлеу жұмыстарын жүр­гізіп жатырмыз. Жақында «Руха­ни жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты» алаң­ында Бас редакторлар клубы­ның мүшелерімен кездесуде БАҚ-қа қатысты бірталай мәсе­ле көтеріліп, ұсыныстар айтыл­ды. Қазіргі уақытта медиа сала­сындағы заңнаманы жетілдіру үшін жұмыс тобы құрылып, жұ­мы­сын бастады, – деді министр.

А.Омаров сөз кезегінде Ал­маты облысында БАҚ-ты дамы­туға баса назар аударылып отырғандығына да кеңінен тоқ­талды. Бүгінде өңірде 218 ақпарат құралы жұмыс істейтіндігін атап өткен министр сөз кезегінде мем­лекеттік ақпараттық тапсырысты уақтылы өткізуді қамтамасыз ету қажеттігін де құлағдар етті.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тағы бір бағыты еліміздің Жастар саясатын жүзеге асыру болып отыр. Дерек бо­йынша, Қазақстанда 3,7 млн жас болса, оның 40 пайызы ауылдағы жастар екен. Ал Талғар ауданында ресми статистика бойынша елді мекенде 49 мың жас азамат тұрады. Қазір жастарды қолдау бойынша көптеген механизм мен жаңа жобалар жүзеге асуда. Айталық, «Алғашқы жұмыс орны» және Zhas Project жобалары, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттарымен қаржыландыру шеңберінде тиісті іс-шаралар жүзеге аспақ. Осы жобалар бойынша еңбекке араласып, кәсібін ашудың мүмкіндіктері мол екендігі де егжей-тегжей айтылды. Өткен жылы бизнесті жаңа бастаған жас кәсіпкерлерге 30 грант бөлініп, байқау жария­ланған. Жобаға Алматы облысынан екі жас қатысыпты. Бірі Жам­был ауданындағы Әсет Бей­сеуов атындағы мектептің мұға­лімі биомеханикалық протез да­йындау үшін грант иеленсе, екіншісі жиһазды қайта қалпы­на келтіретін жобасы үшін грант ұтып алғандығын атап өтті. Грант­ты Президент өзі тапсырған.

Ресми жиыннан кейін министр А.Омаров аудан тұрғын­дарымен ашық диалогқа көшті. Министрмен кездесуге келген тұрғындарға сөз кезегі тиісімен ащы да болса ақиқатын іздеген ма­ңызды мәселелердің тиегі ағы­тылды. Ол әрине, алдымен көпбалалы аналардың баспа­наға қол жеткізе алмауы, үй алу кезегінің жылжымауы сынды жанайқайы болса, енді бірі ауыл жастарының жұмыссыз жүр­гендігін, кәсібін ашуға қолдау тап­пайтындығын алға тартты. Сондай-ақ қоғамдық кеңестің мү­шелерін қайта сайлау, ауылдағы ҮЕҰ-ның мәселелері, аккредитация, тіпті жол мен ауыз судың проблемалары да еш кедергісіз министр назарына ұсынылды.

Кездесуде Талғар ауданының тұрғындары, танымал қалам­герлер Мұса Жанәділов, Қор­ған­бек Аманжолов, Бексұлтан Көл­баев, Тұрсынбек Жалғасбаев, Камнұр Тәлімұлы, кәсіпкер-ұстаз Найля Үмбетова дін мен тіл, аудандық газетке қатысты өткір де өзекті мәселерді жайып салып, нақты шешім қабылдауға ықпал етуді сұрады.