Қызылордалық шаруалар машина-трактор паркін жаңарта алмай отыр. Олар өңірге жұмыс сапарымен барған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысынан көмек сұрады. Шаруалардың шағын және орта бизнесті дамыту, субсидия бөлу бағытындағы проблемалары да шаш-етектен.
«Атамекенді» трансформациялау аясында өңірлерді аралап жүрген палатаның басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нариман Әбілшайықовқа жергілікті шаруалар бетпе-бет келіп отырған мәселелерін жеткізді. Кәсіпкерлердің пікірінше, ауыл шаруашылығына қажетті техникаларға берілетін мемлекеттік қолдауды қайта қарау қажет.
– Геосаяси жағдайларға байланысты доллар бағамының өзгеруі ауыл шаруашылығы техникаларын қымбаттатып жіберді. Бұған дейін шетелдік күріш жинау комбайндарының бағасы 130-140 млн теңге шамасында болса, қазір 170-200 млн теңгеге жетті. Мемлекеттен техникаларға берілетін инвестициялық субсидияның ережесін қайта қарау керек. Себебі техника құнының 25 пайызына дейін субсидиялауды көздейтін қолданыстағы ережеде рұқсат етілген көлем ескі бағамен көрсетілген, – дейді «Ысамаддин» шаруа қожалығының төрағасы Жанарбек Нұрымбетов.
Кәсіпкердің айтуынша, фермерлердің мойнында бұдан бөлек утиль алым және кеден салығы бар. Несие жүктемелері де көп. Оның үстіне техниканың қымбаттауы мен субсидияның азаюы салдарынан саладағы кәсіпкерлер машина-трактор паркін жаңарта алмай отыр.
Өңірлік кеңес мүшелері «Бастау Бизнес» жобасына, пайызсыз немесе 2 пайызбен несие беру, салықтық жеңілдік және коммуналдық төлем шығындарын субсидиялау, несиені екінші деңгейлі банктермен қатар шағын қаржы ұйымдары арқылы беруге қатысты ұсыныстарын білдірді.
– Бүгінгі экономикалық ахуал кәсіпкерліктің барлық дерлік саласына ықпал етіп отыр. Сондықтан айтылған мәселелердің бәрі Үкімет деңгейінде талқыланады. Сондай-ақ ұлттық палатаның трансформациясына қатысты ұсыныстар ескеріліп, мамырда қорытынды құжат уәкілетті органға жолданады, – дейді Н.Әбілшайықов.
Айта кетейік, ұлттық палата басқармасы аймақтағы кәсіпкерлермен кездесіп, трансформациялауға қатысты ұсыныстарын талқылап жатыр. Бұған дейін төралқа төрағасы Райымбек Баталов Ақтөбе облысы, Нұр-Сұлтан қаласының бизнесмендерімен кездескен болатын.