Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бірінші тоқсанның қортындысын жариялады. Ресми дерекке сүйенсек, 2022 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша салымшылардың шотында 13 трлн теңге зейнетақы жинағы қалыптасқан. Бір жыл ішінде қаражат 380,5 млрд теңгеге немесе 3 пайызға көбейген.
Зейнетақы жинақтарының негізгі бөлігі міндетті зейнетақы жарналары есебінен құралған – 12,6 трлн теңге (соңғы 12 айдағы өсім 2,6 пайыз). Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтары 376,6 млрд теңгені (өсім 19,2 пайыз) құрады. Ал ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы көлемі шамамен 1,8 млрд теңгеге тең.
Осы жылдың үш айында қор салымшылары былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 84,6 млрд теңгеге көп қаражат салған. 2022 жылдың 1 сәуіріне қарай салымшылардың шоттарына шамамен 383,5 млрд теңге көлемінде зейнетақы жарнасы түсті. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 28 пайызға артық. Жарналардың жалпы көлемінің 94,9 пайызы міндетті зейнетақы жарналарының үлесінде – 364,1 млрд теңге (соңғы 12 айдағы өсім 28 пайыз). Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша 19,1 млрд теңге (өсім 38 пайыз) түсті. Ерікті зейнетақы жарналары бойынша 304 млн теңге (өсім 87 пайыз) аударылды.
Салымшылардың жарналарынан басқа, зейнетақы жинақтарының өсімі таза инвестициялық табыс арқылы қамтамасыз етілген. 2022 жылдың 1 қаңтары мен 1 сәуірі аралығында бұл көрсеткіш 295,8 млрд теңгеге тең болды.
Осы жылдың 1 сәуіріне қарай қордағы жеке зейнетақы шоттарының саны 11,7 млн бірлікке жетті. Шоттардың ең көп үлесі міндетті зейнетақы жарналары есебінен ашылды – 10 868 993 бірлік. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары арқылы қалыптасқан шоттар – 562 481 бірлік. Ал ерікті зейнетақы шоттары есебінен қалыптасқан шоттар саны қазір 69 188 бірлікке тең.
Жыл басынан бері қор өз салымшыларына 886,7 млрд теңге төлеген. Оның басым бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту және емдеу мақсаттарына арналған біржолғы зейнетақы төлемдері құрайды – 822,1 млрд теңге. Жасына байланысты төлемдер – 26,8 млрд теңге, мұрагерлік бойынша төлемдер – 16,9 млрд теңге, Қазақстан шегінен тыс тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 12 млрд теңге, сақтандыру ұйымдарына аударымдар – шамамен 6,9 млрд теңге, жерлеуге арналған төлемдер – 1,4 млрд теңге және мүгедектік бойынша төлемдер – 0,6 млрд теңге.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан кесте бойынша ай сайынғы орташа төлем (зейнет жасына толуына байланысты) 29 372 теңгені, ал ай сайынғы ең жоғары төлем 707 326 теңгені құрады.