• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Театр 26 Сәуір, 2022

Шабыт пен шеберлік үйлесімі

768 рет
көрсетілді

Театр әлеміне өзгеше құбылыс болып келген талантты режиссер, Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі Фархад Молдағалидың «Құлагер» дастанын драма тілінде сөйлеткеніне де биыл үшінші жылдың жүзі толыпты. Бәйге мен бақталастықты, аламан мен арпалысты тұлпар тұяғының дүбіріне сыйдырған «Құлагер» спектаклі сахналанған күннен бастап сыншы біткеннің бағасын алып, сахна сайыстарында топ жарумен келеді. «Алдынан ұмтылғанда аң құтылмас, артынан жөнелгенде жетпес жылқы». Құлагердің өлеңдегі өр сипаты шабыт пен шеберліктің үйлесімінен туған спектакльден де көрініс тапты.

атр­ла­рының арасынан тарихта тұңғыш рет А.Чехов атындағы дүниежүзілік театр байқауына жолдама алған, ТМД, Балтық, Грузия елдері арасында Ташкентте өткен халықаралық Жастар форумына қатысып алыс-жақын шетелге танымал болып үл­гер­ген «Құлагер» спектаклі әлі талай қою шаңның арасынан қара үзіп жеке-дара келетін қуатын толықтай танытып отыр.

Театр өміріне тың серпіліс әкеліп, шығармашылық табыспен жүріп жатқан соқталы қойылымды жақында қайыра бір тамашалаудың мүмкіндігі туды. Атақты «Гималайында» «Аспанның төсін арда еміп» деп өзі жырлағандай, Ілиястың арда еміп өскен ауылы – Ойтоған. «Күй», «Күйші», «Дала» секілді өлеңдерінде ұлттық ұғымның байлығын бейнелеген сәтті суреттер, қыруар теңеу, табиғат кө­рі­ніс­терінің жарқын бояуын жырлаған дүлдүл ақын ең алғаш осы сұлулықтың бәрінің жұпар иісін, дәмін, қасиетін өзі туған ауылдың ауасымен бірге сіңіріп өсті. «Қыран ғана самғап шығатын биікке Ілияс қалай қалықтап шықты?» деген сұрақ туғанда, ең алдымен құдай берген талантына қоса, бойына дархан дарын дарытқан туған жерінің шексіз құдіреті қолтығынан демегені анық.

Адал жүрегінен ақтарылып шыққан ақиқат жырларының қайнар-бастауы, түгін тартса, майы шығатын Жетісудың жеті өзенінің бірі, тасқын суы сар­қы­раған арынды Ақсу­ды жа­ғалаған жұрт ішін­де Ілияс­пен бір ауылда туғаны­на мақтанбайтын қазақ жоқ. Ілиястың прозасы мен поэзиясындағы прототиптерді, жер-су атауларын жазбай танып отыратын ауылдағы кәріқұлақ қариялардың көзі кеткенімен, шығар­маларына шырақшы бол­ған ұрпақтан, сабыла іздеп, са­ғы­нып жырға қосатын өрен­дер­ден Ілияс туып-өскен ауыл ешқашан кенде болған емес.

Ақынын іздеген, алыста жатып «Құ­ла­гер» қойылымының дүбірін естіп, дөңбекшіп жата алмай Алматыны бетке алған сол ақсулық азаматтардың бір шо­­ғы­ры жастар театрының же­тек­ші қо­йы­лымына айналған туындыны арнайы келіп тамашалады. «Сен Алматыдасың ғой, өзің де ауылымыздың бір баласысың, қал­май кел, – деді «Бөрібай» қо­ғамдық қорының төрағасы Берікбол Қасымов спектакльге кел­г­енімді қатаң тапсырып жатып. – 1972 жылы М.Әуезов атындағы академиялық драма теа­трында қойылған ақын Құдаш Мұқашевтың «Дала дас­та­ны» спектаклінен кейін елу жылдан соң Ілияс атамыздың үлкен сахнаға шығып тұрғаны осы. «Құлагердің» қойылғанын естіп тұрып, жата алмадық. Ақ­судан бір топ делегация ке­ліп, рес­пуб­ли­калық дең­гей­­де­гі театр­дың сах­насына шығар­ған ре­жиссерге Ілиястың ауыл­дас­­тарының атынан алғыс айтып, өнерлі азаматтарды мара­пат­та­ғы­мыз келеді».

Алғашқы әсер бөлек те, ара­ға уақыт салып, суытып барып көр­ген спектакльдің сый­лай­тын сезімі, оятар ойы тым басқа. Әл­­бетте, театрға келген қара­пайым кө­рер­­мен «Құлагер» қо­­йыл­ымын «ат туралы спектакль» деп келетіні анық. Жыл­қы бейнесіне жасырылған тарпаң қазақтың мінезін соңыра барып таниды. Астындағы атын баладай өбектеген Ақанның Құлагерінен айрылғандағы қасіреті арқылы талант­тардың топшысынан қақ­қан қоғамның әділетсіздігін си­пат­­таған спектакль басталған сәт. Аламан бәйгенің алдын берме­ген Құлагерін же­тек­теп Сағы­най­дың асына келген Ақан­ға деген елдің көңілі алабөтен. Ежелгі дәстүр бойынша астың алдында ата сал­тымен аруақтарға Құран оқылып жат­қанда, Ақанның келгенін ту сыртымен сезіп отырған жұрт аят пен сүренің со­ңы­на қарамай, қо­лымен бетін сипап үлгермей жа­тып серіге сәлем бермекке жү­гі­ріп алдынан шығады. Ақтық сапарға аттанған адамның артынан жасалатын көне ғұрыптың салтанат-сәні жетіп артылатыны белгілі, бірақ басы артық декорациясыз, қызылды-жасылды фоль­клорлық элементтерсіз-ақ қазақтың бай дәстүрі мен салты сахналық минимализмге сы­йып кеткен. Режиссер астағы оқиғаны сюжет етіп ала тұра, «торқалы той, то­пы­рақты өлім» дейтін қазақтың астың өзін той­ға бергісіз өткізетін салтанат-салты­ның бірін де кірістірмеген, соған қа­ра­мастан, сахнада ұлт­тық тұрмыс-тір­ші­ліктің барлық бедер-нақышы тұтас­тай қам­тыл­ған. Фархад пьесаның инс­цени­ровкасын жасағанда Жан­сү­гіров поэмасының мәтінін көп өзгертпеген, солай бола тұра, кейіпкерлердің аузында артық сөз жоқ, поэмадағы Ілиясқа ғана тән екпінді жыр шумақтары, аллитерация, ассонанс, гипербола дейтін көркем тәсілдің орнына режиссер пластиканы, хореография мен музыканы пайдаланып, шешімді осы төңіректен табуға ты­ры­сады.

Асқа жиналған жұрт қақ жары­­лып, жар­тысы Ақанның жанына топ­тасып, жар­тысы Баты­раш бағ­ланның шашба­уын кө­теріп әлек. Жиналған жұрт Ақан әкелген атты келекелеп, мазақ етіп жат­қанда, сыртынан бас­­палап келіп, тұр­қын байқаған Кү­реңбайдың «...Жаман сұры!» деп шошынып селт еткізетін сұм­дық сөзі алдағы тартыстың салмағын аңдат­қан­дай. Бес жыл бойы бәйгенің алдын бермеген Батыраштың жал-құйрығы ке­ліс­­кен Көктұйғыны адам тілімен сөй­лей алмағаны болмаса, театрдың белді актері Ерлан Кә­рі­баевтың шебер сомдауы нәти­жесінде «бәйгемді шаппай бер» дейтін сұлу жүрісіне көрермен ерік­сіз арбалады. Әсі­ре­се бауыры жазы­лып шапқан сәйгүліктердің бәйгесін бей­нелеген сахна – ұлттық театр ре­жис­­сура­сындағы тың тәсіл. Жо­ға­рыдан ар­қанға байланған тұяқ­тарды түсіру ар­қылы топ аттың тұяғының дүбірін бер­гені, ала­ман бәйгедегі Құлагер мен Көктұй­ғын­ның бірде озып, бірде қалып, кейде құйысқан түйістіріп қатар шапқан делебе қоздырар жарысы вокалмен, музыкамен сүйемелденгенде, әсері тіпті үс­те­меленіп, арасында қиқулап отырған көрермендер де болды. Сахнада тартыс-талас, күрес-қақтығыс болмайынша, оқиға шиыр­шық атпайды. Спек­такль­дегі қақтығыс – Батыраштың Құлагерге қастандық жа­са­ғаны. Қарақшының қолынан мерт болған жүйрігін жоқтаған Ақан­ның зары мен күйініші Ерден Жақсыбектің сай-сүйек­ті сыр­қы­рата шырқаған «Маң­маң­гер» әнімен үйлесімді естілгенін атап өткен орынды. Ақын поэзиясына тән арындылық пен тегеу­рінділікті режиссер тіпті те­рең­детіп, әріге сілтеген. Спек­такль­де эпостық атмосфера бар. Құ­ла­гер­дің екпін-қуаты әр сахнадан сезіледі.

Құлагерді көргеннен көңілін күйік шалып, қабағы ашылмай, иығына ілген қамқа тоннан ауыр қозғалатын Баты­раш­тың бейнесі Рахман Омаровтың кейіп­теуінде тым салмақты. Бірақ байсалды мінез Құлагерді көргенде байыз таппай аласұрады. «Спектакльде мен екі рет «қап-қап» деймін. Бірі басында, бірі соңында айтылатын осы екі «қап-қаптың» арасында Батыраштың бар болмысы көрінеді. Менің кейіпкерім де мыңғыртып мал айдаған бай, жылқы танитын қазақ. Бірінші рет Көктұйғын атыма Көкшеден кел­ген кеселді көріп тұрып, ішім­ді іштарлықтың қызыл құр­ты тырнап «қап» деймін. Екінші рет спектакль соңында Құлагерді омақастырған соң өкініш өзегімді өртеп «қап» деп опынамын. Баты­раштың өкінетін себебі, ол тарихта мәрттігімен аты шыққан мыр­за адам болған. Жақсының қадірін білген, жағалата сый берген, мыңдаған адамды жо­март­тығымен жарылқаған елі­не қадірлі азамат. Қазіргі біз­дің тү­сінігімізде – меценат. Алай­да Құлагердің шын жүйрік екенін көргеннен кейін талай жыл көзге басса да, қолы жетпеген жануарға қызғанышы оян­ған Батыраш амалсыз арам әрекетке барады» дейді актер кейіпкержандылығын көрсетіп. Спектакльдің шарықтау шегіне жеткенде, Құлагер Баты­раш бай­дың қарақшысының қо­лынан жазым болып, жан тап­сырғалы жатқанда, тұлпарға кенет тіл бітіп, өзінің классикалық монологына қоса, Сұл­тан­махмұт пен Мағжандардың өлең­де­рі­нен үзін­ді оқиды. Қойылым арқа­ла­ған мұраттың түйіні де осы арада шешіледі.

Поэманың 1936 жылы жазылып, ал­ғаш­қы тараулары нақ осы жылдары жарыққа шыға бастағанын ескерсек, бұл нағыз репрессия машинасының ұлт май­талмандарын аяусыз турап жатқан кезеңі. Әдебиет пен өнерге таптық тұрғыдан қарайтын кеңестік кезеңде Ақан сері образына көбірек мән беріліп келді, ал режиссер Құ­ла­гер бейнесіне тұңғыш рет тарпаң таланттардың ешкімге бас имеген өршіл рухын жинақтап көрсетті. «Қазақ – ол Құлагер. Біз Құлагер образы арқылы қазақтың шын жүйріктерін көрсеткіміз келді. Қазақ пен жыл­қы – егіз, екеуі ажырамастай бір ұғым. Құ­лагер – сталиндік террордан зардап шеккен Әлихан Бө­кей­ханов, Ахмет Байтұрсынов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мір­жақып Дулатов сияқты тарихи тұлғалардың сим­волы» дейді Фархадтың өзі. Құла­гер – биікке ұмтылған адамдардың жинақ­тал­ған бейнесі. Ал ондай адамдарға тасада тұрып оқ атып, тобығынан қағатын зұ­лым жандар мен әділетсіз орта қашан да табылады. Ол тек шы­ғар­машылық адамдары емес, оза шауып бәйге алған спортшы да, әлемге ұлы жаңалық әкелген ғалым да болуы мүмкін. Ілияс ақынның ажалы да өзі жырлаған Құлагердің ажалына ұқсас болып шықты. Құлагер-тағдыр ке­шіп қапыда кетсе де, ірілігімен, ісімен, батыр­лы­ғымен ел есінде қалған ерлер ешқашан ұмыт болмайды.

«Құлагер» қойылымына ақ­сулық делегацияны бастап кел­ген ауданның қадірлі азаматы Берікбол Қасымов, Ой­то­ған ауылының әкімі Венера Бе­рікқызы, елінің көркеюіне ең­бегі сіңген білікті басшы Роза Кәрібжанова, облысқа танымал белді кәсіпкер Сабыр Қадырұлы, белгілі суретші-шебер Естай Даубаев және Ілиястың ұлы Болат Жансүгіровтің жары Қарлығаш, қызы, Генетика және цитология институтының бас директоры Ләйлә Жансүгірова қатысты. Б.Қа­сымов дара тұлғаны бір ғана қойылыммен көрерменмен қайта қауыштырғаны үшін театр басшысы Талғат Есенәлиевке Ақсу ауданы әкімінің Алғысхатын, режис­сер Фархад Молдағали мен Рахман Омарға «Бөрібай батыр» медалін, ал қойы­лым­ға қатысқан өзге әртістерге «Ілияс Жансүгіров» төсбелгісін табыстады. Ақсу­лық өнерпаз Ербол Оразбеков жырдан шашу шашып, өнер мен мәдениеттің мәуелі бағындай ұлы мәртебелі театрға туған жердің ыстық ықыласын арнау айтып жеткізді.