Атырауда қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, халық қаһарманы Хиуаз Доспанова атындағы арнаулы стипендияның алғашқы иегері анықталды. Бұл туралы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов хабарлады.
Екінші дүниежүзілік соғыста әуеге 300 рет көтеріліп, жауға қарсы ұрыста ерен ерліктің үлгісін көрсеткен қазақтың батыр қызы Хиуаз Доспанованың есімін есте қалдыру мақсатында қолға алынған игілікті шараға облыстық ардагерлер кеңесі ұйытқы болып отыр. «Біз бұл мәселені былтырдан бері ойластырып, демеушілер іздестіре бастағанбыз. Жақында демеушілермен кеңесіп, Хиуаз Доспанова атындағы арнаулы стипендияны тағайындауды ұйғардық. Арнайы құрылған комиссияның талқылауынан кейін батыр атындағы арнаулы стипендияның алғашқы иегерін анықтадық»,- деді Қатимолла Ризуанов.
Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова атындағы арнаулы стипендия Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Гүлнәз Жолболдықызына берілді. Бір ерекшелігі, әскери ұшқыш атындағы стипендияға ие болған студент аталған университетте «Алғашқы әскери дайындық» мамандығында оқиды. Оған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Ризуанов арнайы сертификат пен стипендияны тапсырды.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Атырау облысы.
Дереккөз: Қ. Ризуанов.
Фото: Автор.