Батыс Қазақстан облысында жол жөндеу жұмыстарының кешігуіне байланысты «QAZAVTOJOL «ҰК» АҚ және ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің қызметкерлері жауапқа тартылды, деп хабарлайды Egemen.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысының Батыс Қазақстан облысындағы жолдарды жөндеу бойынша тапсырмасын уақытылы орындамағаны үшін «QAZAVTOJOL «ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Әмір Кәрімбаев жұмыстан босатылды. Бұдан басқа әкімшілік сипаттағы шаралар QAJ орталық аппараты мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің басшылықтағы бірқатар қызметкері мен мамандарына қатысты қолданылды», делінген хабарламада.
Бұған дейін аталған себептерге байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев қызметінен шеттетілген болатын.