Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жер қойнауын пайдалану саласында 2021 жылдың қорытындысы бойынша энергетика секторындағы жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларын, жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерін сатып алудың жалпы көлемі 4,69 трлн теңгені құрады. Жергілікті қамту үлесінің орташа салалық көрсеткіші 2,9 трлн теңге сомасына 61,8 пайыз болды. Оның ішінде: тауарлар - 24,3, жұмыстар - 76,4, көрсетілетін қызметтер - 53,6 пайыз. Жалпы, сатып алу көлемінің шамамен 75 пайызы 3 ірі операторға – Теңізшевройл, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг және Норт Каспиан Оперейтингке, 13 пайызы «Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобына және 12 пайызы қалған жер қойнауын пайдаланушыларға тиесілі», деді министр.
Осы ретте Болат Ақшолақов тауарлардағы жергілікті қамту үлесін ұлғайтуға мүмкіндіктер бар екенін, ол үшін министрлік екі бастаманы іске асырғанын айтты.
«Бірінші, «Шеврон» компаниясы өзінің республика алдындағы қайта инвестициялау міндеттемелері аясында Қазақстанның кірісті кәсіпорындарына 248,5 млн АҚШ долларын бөлуді қарастырып отыр. Екінші, «Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы» құрылды. Ол 3 ірі оператордың мұқтаждығы үшін жергілікті тауарларды дамыту бойынша жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда орталық үш тауар тобы: тиек арматурасы, бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика және электр-техникалық жабдық бойынша өндірісті оқшаулау бойынша жұмыстарды бастады. Таяудағы 10 жылда осы тауар топтары қажеттілігінің жалпы сомасы 400 млн АҚШ долларын құрайтын болады», деді ол.
Министрдің дерегінше, орталық осы тауар топтарына мамандандырылған еліміздің 13 өңіріндегі 60 зауытты аралап, 35 мыңнан астам тауарды талдаған. Оның ішінде 19 тауар түрі жақын болашақта операторлар неғұрлым талап ететін тауарлар ретінде айқындалды.
«2022 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін операторлар 9 келісімшарт беруін көздейтін жол картасы бекітілді. Бүгінгі таңда 4 өндірушімен келісімдер жасалып, олар Қазақстандық серіктестермен жобаларды іске асыруды бастады. Бұл Honeywell – газ детекторларын, температура түрлендіргіштерін және басқару жүйелерінің шкафтарын өндіру, Petrol Valves - бекіту арматурасын өндіру, Sigma Solutions - электр тарату қораптарының жаңа өндірісі және электр жылыту жүйелерінің өндірісі және Elektro Serve - сорғылар, азот генераторлары және электрлік айналмалы машиналар өндірісі. Аталған жобалардан күтілетін нәтиже - шамамен 4,9 млрд теңге инвестиция тарту және 300 жаңа жұмыс орнын құру. Сонымен қатар, орталық қазіргі уақытта операторлармен бірге оқшаулауға арналған келесі тауарлық топтарды анықтады: технологиялық сүзгілер, сорғылар мен тығыздағыштар, құбыр өнімдері, жылу, желдету және ауаны баптау жүйесі. 37 отандық тауар өндіруші қазірдің өзінде оларды оқшаулауға мүдделігін білдірді», деді министр.