Алматыда жылыту маусымы кезінде 37 адам табиғи газдан уланып қалды. Оның басым бөлігі балалар, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы брифинг барысында қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Самат Асаинов айтты.
Департамент өкілінің сөзінше, жеке тұрғын үй секторын аралау бойынша рейдтік іс-шаралар үздіксіз ұйымдастырылады. Алайда, жүргізілген жұмыстарға қарамастан, биыл 37 адам, оның ішінде 25 бала табиғи газдан уланып қалған.
«Осыған орай, ведомства шарт міндеттемелерін орындамаған қызмет көрсететін компанияларға шара қолдану мақсатында тұрғын үй саясаты басқармасымен бірге «Алматыгаз АРЦ» ЖШС жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде газ қазандықтарына техникалық қызмет көрсету бойынша жұмыстарды сапалы қамтамасыз етпегені және уақтылы орындамағаны үшін «Алматыгаз АРЦ» ЖШС ҚР ӘҚБтК-нің 299-бабы 4-бөлігі бойынша 100 АЕК (306 300 теңге) айыппұл салды», деді Самат Асаинов.
Аяна Тоғанбек