Ата заңға өзгертулер енгізбей, өзгерістерді тиімді жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл туралы AMANAT партиясының кезектен тыс XXIII съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Өздеріңіз білесіздер, бір айдан астам уақыт бұрын Жолдауда саяси реформалардың ауқымды бағдарламасын ұсынған болатынмын. Ол қоғамда белсенді түрде талқыланып, сарапшылар тарапынан, оның ішінде AMANAT партиясының алаңында жан-жақты сарапталды. Толықтай алғанда, бағдарлама жылдар бойы қордаланып қалған әлеуметтік сұраныстарға лайықты жауап ретінде азаматтар арасында кеңінен қолдауға ие болды», деді Президент.
Бұдан соң, Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасымен Конституцияға түзетулер жобасын дайындау жұмысы кідіріссіз басталғанын сөз етті.
«Ата заңға өзгертулер енгізбей, белгіленген ауқымды өзгерістерді тиімді жүзеге асыру мүмкін еместігі түсінікті. Конституциялық реформаның мақсаты - елді бұдан әрі саяси реформалауға мығым іргетас қалау. Өткен аптада түзетулер жобасы Конституциялық кеңеске жолданды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.