• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Сәуір, 2022

Еркін Дүсіпов: Елге деген құрметті жоғалтпау қажет

562 рет
көрсетілді

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бірінші вице-ректоры Еркін Дүсіповпен әңгіме.

– Еркін Шажаұлы, мектепті бітір­геннен кейін медициналық мамандық бойынша Ресейге оқуға түскен екенсіз. Алайда бірінші курста жүріп-ақ адас­қаныңызды сезіп, оқудан бас тартыпсыз. Себебі не?

– Алдымен бұл сұрақтың мен үшін қиын екенін айтқым келеді. Себебі сол қадамым тағдырымды да күрт өз­герт­ті. Арман қуып 1979 жылдың жазын­да Алматыға келдім. Техникалық маман­дық­ты таңдасам деген ойда болдым. Ауыл­дың баласы ретінде құжат тапсырып едім, конкурстан сүріндім. Екінші кезең­де медициналық мамандықты таңда­дым. Сол жылы оқуға қабылдандым. Мек­теп­ті өте жақсы бітіргендіктен шығар, «Тіс емдеу» мамандығына түсу қиынға соқ­пады. Ақтөбедегі медициналық инсти­тутына құжатымды тапсырғаннан кейін ондағылар елімізден бірнеше азаматты Ресейге оқуға жіберіп жатқанын жеткізді. Қысқасы, «Ресейге барасыз ба?» деген са­­­уалды төтесінен қойды. Үйдегі үлкен­дер­­­мен ақылдасқаннан кейін Ресейге аттандым.

Оқып жүрген кезімде ол мамандық ма­ған ұнамады. Үш рет деканның алдына бардым. Өтініш жазып, мамандық­тың ұнамайтынын жеткізгеніме қарамас­тан, үшеуінде де қайтарып жіберді. «Сіз бірінші кезекте жолдамамен келіп тұрсыз. Шәкіртақы сізге қай кезде де беріледі. Неге қашып отырсыз?» деді. Мәселені тү­сін­діріп, мамандықтың жаныма жақын еместігін түсіндірдім.

Арманым – заң мамандығы. Ол үшін бес жыл еңбек өтілің болу керек. Тағы басқа талаптары жеткілікті. Қыс­қасы, Мәскеудегі оқудан өз еркіммен кетіп, 1981 жылы ҚазҰУ-дің заң факультетіне тап­сырдым. Алайда конкурстан тағы сүрін­дім. Барлығы ойдағыдай болғанына қара­мастан, оқуға түсе алмадым. Онда­ғылар еңбек өтілімнің жоқтығын алға тартты. Содан соң 1981-1983 жылдар аралығында Мәскеу маңындағы Иваново деген қалада әскери борышымды өтедім.

– Заң мамандығына аңсары ауған азамат әскерде құқық бұзушылық жасамауы керек қой...

– Ол ойды мен санамнан ілкі сәтке де шығарған емеспін. Өйткені оқу қай кезде де ойымда болды. Қалайда әске­ри бөлімнен жолдама алу керектігін түсіндім. Әскери борышымды өтеген­нен кейін жолдамамды алып, құжаттарым­ды қайта тапсырдым. «Құжатыңыз түгел емес» деген желеумен тағы қабылдамады. Қысқасы, 1984 жылы қайта келдім. Тағы да сынақтан сүріндім. Сол жылы ауылға қайтпай, дайындық курсына келдім. Білікті ғалым Алма Қыраубаеваның қолдауымен алғашқы сынақты сәтті тапсырдым. Қазақ тілі мен әдебиетінен әңгімелесуді сол кісі жүр­гізді. Қойған сұрақтарына мүдірмей жа­уап берген соң атымды сұрады. Со­ңында «Сауатты екенсіз, қанша жыл өті­ліңіз бар?» деді. «Бес жыл» деп үн қат­тым. Ол кісі 11-12 жылдық өтілмен келіп жат­қан­дардың бар екенін, қиын болатынын айтты. Қараша айында өткен әңгімелесу де оңайға соқпады. Бірінші болып құжат тапсырғаныммен, мені шақырар емес. Неге бұлай деп, заңды құқығымның бұзылмауын талап ете бастадым. Жауапты хатшы құжаттарымды іздеп тапты. Басқа сейфте тұр екен. Қысқасы, әңгімелесуге кіріп едім, тағы да Алма апайым отыр. Маған еркін және тұрақты сөз тіркесіне қатысты және Сәкен Сейфуллиннің «Альбатрос» поэмасы туралы, сосын жаңа экономикалық сая­сат жайлы сұрақ қойылды. Бәріне жауап бердім. Ол кісі қолдайтынын айтты.

«Прокурор боламын» деген арман кө­кейде тұрмағанда, ертеректе оқуға тү­сер ме едім, кім білсін?! Уақыт өтті. Алма­ты­да зайыбыммен бірге нәтижені күтіп отырмыз. Дайындық бөліміне жиыр­ма тың­­даушы ғана қабылданады. Фа­милия­ларды атап жатыр. Тағат таусы­лып барады. Он тоғызыншы болып мені айт­­қанда, маңдайдан тер бұрқ ете қал­ды. Қуаныштан үйленген кезде тақ­қан сақинаны қатты қысып, майыстырып жібе­ріппін. Осылай­ша 1990 жылы маман­дыққа адалдық таны­тып, оқуды бітірдім.

– Алдымен өзіңіз білім алған оқу ордасында жұмыс істедіңіз. Алматы ол кезде еліміздің бас қаласы еді. Он екі жыл Алматыда еңбек еткен соң көне Таразға ат басын бұрыпсыз. Орталық пен өңірдің білім беру жүйесінде қандай айырмашылықты аңғардыңыз?

– Рас, ол кезде Алматының аты дүр­кіреп тұрды. Ғылыми жетекшім Әбді­манап Елікбайұлының айтуымен Тараз қаласына жол тарттым. «Еркін, Жамбыл да қазақтың киелі жері ғой. Бастапқыда кафедра меңгерушісі боласың. Қалғанын кейін көреміз», де­ді. Жетекшім бұл да бір өмірдің белесі екенін жеткізді. Мені қуантқаны – онда­ғы заң факультетінде ғылымның жолына түскен азаматтардың көп екендігі. Алайда, оларға үйрететін, білгенімен бөлісетін ғылым кандидаттары мен докторлары жоқ екен. Ең басты ерекшелік, адамдардың білімге деген құштарлығын айқын сезіндім. Студенттердің: «Ағай, түстен кейін бізге тағы сабақ өткізіңізші» деген өтініштеріне риза болғандықтан, оларға бар білгенімді үйретуге құлшына кірістім. «Азаматтық құқық» пәні бо­йынша төртінші курсқа дейін ала алма­ған білімдерін алса деген ниетпен жүр­дім. Сол азаматтар бүгінде үлкен қызмет­терде отыр. Ұлттық код па, әлде сол аза­маттардың бо­йына сіңген тәрбие ме, біл­медім. Олар үлкен қызметте жүрсе де, әлі күнге мені ұмытқан емес. Киелі Тараз жері мен үшін қашанда ыстық. Өсуіме, өркендеуіме бағыт берген қасиетті өңір деп есептеймін.

– Ұлдың кенжесі екенсіз. Қандай ортада өстіңіз?

– Мен тоғыз баланың ішінде ұл­дың кенжесімін. Менен кейін екі қарын­дасым бар. Әкем Шажа Екінші дүниежүзі­лік соғыс кезінде 16 жасында колхоздың төр­ағасы болған. Ол кезде ер адам жоқ, бәрі соғысқа кеткен еді. Колхоз совхозға айналған кезде әкем бас есепші қызметін атқарды. Анам Гүлжамал өмір бойы мектепте математика пәнінен сабақ беріп, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде зейнетке шықты. Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданына қарасты «Жаңа жол» кеңшарының Жағабұлақ ауылындағы әрбір күнімді ұмытпаймын...

Анам мұғалім болғандықтан тәртіпке бала кезден үйрендік. Мұғалімдердің ұрысқанын да, ұрғанын да біз дұрыс қабылдадық. Қазіргідей шу шығармадық. Өйткені тәртіптің аты – тәртіп.

– «Ауылдан адам кеткенмен, адамнан ауыл кетпейді» деген ән жолдары бар ғой. Ауылыңызға қаншалықты жиі барасыз?

– Ауылға жиі барып тұрамын. Себебі, әкем дүниеден өткенде әскерде болып, жерлеуіне де қатыса алмадым. Ауылда атам, әжем, әкем мен шешем қайтпас сапарға аттанған. Бойымдағы бүкіл қасиет шешемнен келген шығар. Балаға білім беруге құш­­тар болдым. Мектепте анамның атын­дағы класс аштым. Компьютермен қамта­масыз етіп, бөлме ішін жөндедім. Қажет­тінің бәрін әпердім. Сосын бір оқу­шыға анамның атындағы шәкіртақы таға­йындадым. Ол бала ҚазҰУ-ді біті­ріп, бүгінде жұмыс істеп жүр. Менің түсінігімде ауылсыз қазақ жоқ. Өйткені мықтылар да, ұлылар да ауылдан шыққан, шыға береді де. Ауыл – алтын қазығымыз, алтын бесігіміз.

– Ғылыми жұмысыңыздағы кей­бір ұсы­ныстар жер кодексіне қатысты екен...

– Ғылыми жұмыстарым негізінен мен­шікке қатысты. Тоқсаныншы жылдары «Жерге жекеменшік қажет пе, қажет емес пе?» деген сауал туындады. Бұл сұрақ бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. Жал­пы жер белгілі бір шектеулер арқылы Қа­зақстан азаматтары үшін жекеменшікте болуы тиіс. Кейбір жағдайда ауыл шаруа­шылық жерлері де меншікке немесе жалға берілуі керек. Қысқасы, жер пайдаланылуы қажет. Қазір кейбір азаматтар алып алған жерлер игерусіз жатыр. Сондықтан бұл мә­селені ұдайы қарастырып отыру керек. Сол себепті ғылыми жұмысымның бірі «Жерге жекеменшік құқық негіздері» деп аталды. Қазір осы тақырыпқа оралып жатырмыз. Оны бір жүйеге түсіреміз деген ой да бар.

– Президент жанындағы Мемле­кеттік басқару академиясында еңбек еткеніңізге аз уақыт болмапты. Өңір­лердегі филиалдарының ашылуына айтарлықтай үлес қосқан шығарсыз?

– Бұл мәселенің басы-қасында жүр­дім. Бұрындары өңірлерде «аумақтық оқыту орталықтары» деген болған. Бел­гілісі, әр облыс әртүрлі оқытып жат­ты. Тағы бір мәселе, әкімдіктер қаржы­ландырғандықтан мемлекеттік қыз­мет­шілердің біліктілігін арттыру, қайта даярлауды олар кейінге қалдырып, бірінші өз мүдделерін алға шығарды. Қысқасы, оларға жеткілікті көңіл бөлінбеді. Ал мемлекеттік қызметшілер дамуы керек. Әсіресе, ХХІ ғасырда өзгерістер күн­делікті болып жатыр. Сол себепті 2016 жылы мәселе көтердік. Барлық орта­лықтарды біріктіріп, академияның филиалы жасау мәселесін алға қойдық. Тиі­сінше Президент Әкімшілігі тарапы­нан тапсырма беріліп, 2017 жылдың аяғын­­да бұл мәселе толық шешімін тапты.

Академияда еңбек етіп жатқаныма ал­ты жылға жуықтады. «Көш жүре тү­зе­­леді» деген сөздің астарында терең мән жатыр. Сондықтан істегенімізден істей­тін жұмысымыз көп. Президенттің өзі «Ха­лықтың болашақта емес, бүгін ба­қыт­ты болғанын көргім келеді» деді ғой. Біз де мемлекеттік қызметшілердің бү­гін­нен бастап ел игілігіне жұмыс істе­уі­не ден қоюымыз керек. Өз басым ха­кім Абайдың қара сөздерін өмір­лік ұст­а­ны­мыма айналдырғанмын. Мемле­кет­тік қызметшілердің барлығы да Абай бұла­ғынан сусындаса, толық адам болып қалып­тасады деп пайымдаймын. Әрбір адам мем­лекеттің саясатын толық ұғынса, біз тек алға жүреміз.

– Ер адам мамандық таңдаудан және жар таңдаудан қателеспеуі керек деп жатады. Тағы неден қателеспеуі керек десе, үшінші мәселе ретінде нені қосар едіңіз?

– Мамандық таңдаудан да, жар таң­даудан да қателескен жоқпын. Үшінші нені айтуға болады? Елге деген құрмет­ті жоғалтпау қажет. Осы мәселеде де қателеспеген ләзім. Мемлекетке, ана ті­ліне деген сүйіспеншілікті жоғалтудан, қа­телесуден қорқу керек. Көп адам секілді мен де орыс тілінде өте жақсы сөйлеймін. Алайда мен үшін қазақ тілі­нен асқан тіл жоқ. Бақытымыз да, бай­лығымыз да – ана тіліміз.

– Алдағы жоспар туралы не айтар едіңіз?

– Алдымызда тұрған міндет көп. Ең бастысы кейінгі ұрпаққа не бере алдым? Оларға қалай үлгі болуым керек? Өзімді ортада қалай ұстауым керек? Осындай сұрақтар көкейде атойлап тұрады. Кейінгі ұрпаққа тәлім-тәрбие болатын дүние қалдыра алсақ, содан асқан не бар?!

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Табиғат МҰСЫЛМАНҚҰЛ,

«Egemen Qazaqstan»