Су көзі жоқ Сам құмында жергілікті жас тұрғын бес қоқиқаздың өлімтігін тауып алған. Қоқиқаздардың адамдар кесірінен емес, көші-қон барысында және ауа райы әсерінен өлгендігі айтылуда.
Құстардың құмға көміліп қалған өлімтіктерін мектеп оқушысы ұялы телефонына түсіріп алыпты. Қазіргі таңда осы оқиға бойынша «Сам» мемлекеттік орман қорының инспекторлары жедел түрде шығып, анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Соңғы уақытта Маңғыстау облысының аумағында ауа райы шаңды дауыл, желді болып тұр. Жыл құстарының миграциясы Бейнеу ауданы аумағынан өтеді. Осындай қолайсыз ауа райында ішіндегі әлсіздері орта жолда қонып, әрі қарай солтүстік бағытқа ұша алмай өліп қалуы мүмкін. Бұл аумақта су көздері жоқ», деген Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы ветеринарлық дәрігерлері өлімтіктерден тиісті сынамалар алу жұмыстарын жүргізетінін хабарлаған болатын.
Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басқармасының мәлімдеуінше, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның Ақтөбе филиалының инспекторлары, Бейнеу аудандық ПБ-нің қызметкері Бейнеу ауданы аумағындағы Сам құмы және оған іргелес жатқан аумақтарды қарап шыққан. Алайда далада он күннен астам уақыт жатқан құстардың өлекселері ыдырап кеткендіктен мамандар қоқиқаздардың өлекселеріне сараптама жүргізе алмаған, яғни құстардың өлу себебін анықтау мүмкін болмады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы басқармасының басшысы Қуат Чумакаев мәлім етті. Оның пайымдауынша, қоқиқаздар ауа райының қолайсыздығынан өлген болуы мүмкін.
– Мамандар қоқиқаздардың өлген жеріне барып, бес өлексе тапты. Тексеру кезінде құстарда оқтың іздері анықталған жоқ. Ветеринария саласы мамандарының айтуынша, қоқиқаздардың қырылуы ауа райының қолайсыздығына байланысты болуы мүмкін. Яғни құстар әлсіреген, жақын жерде су қоймалары болмағандықтан өлген болуы мүмкін деген болжам бар. Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр, – деп түсініктеме берді Қуат Чумакаев.
Өз кезегінде Маңғыстау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жауапты мемлекеттік органдарға қоқиқаздар нақты неден өлгені туралы мән-жайды анықтауды тапсырған. Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қоқиқаздың сирек кездесетін жануарлар тізіміне енгізілгенін, бұл құсты заңсыз аулау жеті жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін ескертті.