• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Сәуір, 2022

Үздіктен үлгі алады

224 рет
көрсетілді

Бурабай ауданының мектеп оқушылары мен студенттер қауымы тұңғыш рет британдық Hertfordshire Press баспасының өрімдей жас авторы Даниэль Ахмедтің комикстер жасау бойынша шеберлік сыныптарына қатысып, тылсым өнердің тұңғиығымен танысуға мүмкіндік алды.

Небары 13 жасар автор бү­гінгі таңда әдебиеттің айрықша сұранысқа ие және барынша пай­далы түрін қалыптастыру бағы­тында шеберлік сағаттарын өткізді. Даниэль Ахмед Нұр-Сұл­тан және Алматы қалаларында болып, сапар соңында Бурабай­ға соққан. Ондағы мақсаты осы өңірдегі жастарға комикс­тер­­ді қалай салуға болатынын үй­рету. Коммерциялық емес қо­ғамдық ұйымның қолдауы­мен ұйымдастырылған шығар­машылық сәт өте тартымды өтті. Сөз арасында әлемге аты шыққан жас автормен кездесу туралы идея Гильдия делегациясының биыл наурыз айында облыс әкімі Ермек Маржықпаевпен кездесуі кезінде туындаған. Бұл індет құрсауынан шығып келе жатқанда жастардың жанын жадырататын жағымды жаңалық болды.

Табиғаты тамылжыған Бура­бай баурайында Гильдия ұжы­мының белді өкілі Юсуф Крык­бесовтың қолдауымен өткізілген шараға 11 мен 25 жас аралығындағы 200-ден астам жас қатысып, комикстерді жасау негіздерімен танысты.

– Біздің жолымыз болды. Бурабай баурайына Даниэль Ахмед келді, – дейді Юсуф Жағы­парұлы, – балалардың ағыл­шын тілінде сөйлесіп, пікір алма­суы­ның өзі көп жайды аңғар­та­тын еді. Шығармашылық қыз­меттің еуропалық модельдері өте маңызды.

Алғашқы шеберлік сыныбы жоғары технологиялық колледж­де басталды. Бұл жерде болашақ бағдарламашылар мен дизайнерлер комикстер жасау тәсілімен танысты. Мектеп оқушылары тарапынан үлкен қызығушылық туындады. Білім ошағының директоры Қуанышбек Шаяхметов Гильдия командасына алғыс айта отырып, басқа да жобаларға қатысқысы келетіндіктерін жеткізді. Дәл осындай кездесу «Арман» өнер мектебінде де сабақтасты. Жас тыңдаушылар кейіпкерлердің бет-әлпетін суреттеудің техникалық егжей-тегжейіне үңілді. Бір айта кетерлік жайт, Даниэль шеберлік сыныптарын өте қызғылықты өт­кізеді. №1 гимназия оқушылары Ұлыбританиядағы білім беру мекемелерінің тәжірибесін сұрап, қызығушылық танытты. Қай жерде болсын шығармашылық атмосфера кілкіп тұрған болатын. Балалардың ішіндегі батылдары Даниэльден қолтаңба да сұрап жатты.

Жоғары педагогикалық колледж­де Даниэль студент аудармашылармен тіл табысып, емін-еркін әңгімелесті. «Hertfordshire Press» баспасының негізін қалау­шы және жетекшісі, ECG (London) вице-төрағасы Марат Ахмед­жанов дарынды жастар қатыса алатын жобаларды, сондай-ақ, ко­микстің өзін жеке таныстырып өтті.

– Көбінесе мұғалімдер мен ата-аналар күлкілі кітапты зиянды деп санайды, – деді Марат Ахмед­жанов, – статистикаға жү­гініп көріңізші, 2020 жылы АҚШ комикстерінің бүкіл индустриясы шамамен 800 млрд теңге табыс тапты. Енді ойлаңыз, 1 млрд доллардан артық ақша табу жаман ба?

2021 жылы сатылымдар кө­лемі 70 пайызға өскен. Сатылған комикстер саны да көп. Қазір бұл сала жаңа алтын ғасырды басынан өткеріп жатыр.

Әлемнің әр қиырындағы үздік жаңалық Алаш баласы үшін де жат болмауға тиісті. Жақсы іске ұмтылу, ұқсап бағу неге жаман болсын. Үздікке еліктеу түптің түбінде жас қиялға қанат бітіріп, ұшпаққа шығармай ма?!

 

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы