26 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның (бұдан әрі – Мемлекеттік комиссия) алтыншы отырысының шешімдерін іске асыру шеңберінде кеңес өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жиынға Жобалық кеңсе Мемлекеттік комиссияның және өңірлік комиссиялардың жұмыс топтарының басшылары мен өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты.
Өткізілген кеңестің мақсаты – Мемлекеттік комиссияның және өңірлік комиссиялардың жұмыс топтары қарастыратын мәселелерді саясиландырмау, Мемлекеттік комиссияның ғылыми қорытындысын дайындау жөніндегі міндеттерін айқындау, атқарылған жұмыстар бойынша жұмыс топтары мен өңірлік комиссиялардың есептерін тыңдау, жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулер бойынша тәжірибе алмасу, өңірлік комиссиялардың ғылыми-зерттеу жұмысын одан әрі жетілдіру жолдарын және олардың Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтарымен өзара әрекеттесу мәселелерін анықтау.
Отырыста Мемлекеттік комиссияның хатшысы – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Ерғалиев Қуаныш Асылханұлы ағымдағы міндеттер туралы баяндады. Ол Мемлекеттік комиссия жұмысының екінші кезеңі барысында талдау жұмыстарына, алдын ала қорытындылар мен нәтижелерді айқындауға назар аударылатынын атап өтті. Өңірлік комиссиялармен жұмыс істеуге, бірінші кезекте, Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтары мен өңірлік комиссиялар арасындағы тығыз өзара іс-қимылдың тиімді алгоритмдерін әзірлеуге ерекше назар аударылатынын атап өтті. Облыстық мұрағаттарда іздестіру жұмыстарын жандандыруды, саяси қуғын-сүргін туралы мұрағат құжаттарының топтамасын дайындауды тапсырды. Сондай-ақ терминологиялық глоссарий дайындау және заңнамалық актілердің жобаларын әзірлеу қажеттігіне тоқталып, ғалымдарға Мемлекеттік комиссияның қорытындысының жобасын дайындауды тапсырды.
Мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесінің басшысы - Қасымов Сабыр Ахметжанұлы биылғы жылы қарқынды жұмыс атқарғанын, Премьер-Министрдің өкімімен Жобалық кеңсенің сапалық құрамы күшейтіліп, мүдделі министрліктер мен ведомстволардан сауатты және білікті мамандар қабылданғанын атап өтті. Жобалық кеңсенің бастамасымен және ғалымдардың ұсыныстары негізінде қуғын-сүргінге ұшырағандарға қатысты ауқымды құпия құжаттық материалдар құпиясыздандырылды. Мемлекеттік комиссия қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін заңнамалық актілерді әзірлеу жұмыстарына кірісті. Әсіресе тәркілеу, күштеп ұжымдастыру және қоныстандыру, асыра сілтеу негізде астық - ет дайындау мәселелері бойынша Мемлекеттік комиссия жұмысына қажетті дерек көздері болып табылатын облыстық және аудандық мұрағат қорларында жұмыс істеудің маңыздылығы айқындалды. Атап айтқанда: селолық округтер, уездік атқару комитеттері, ОГПУ мен милиция органдарына қатысты қорлардағы кулактардың, байлардың, әсіресе орташа байлардың, молда-ишандар, болыстардың тізімдер базасын жасау маңызды. Осындай тізімдер негізінде қуғын-сүргін, оның ішінде сотсыз және тергеусіз жазалау шаралары жүргізілген болатын. Жобалық кеңсе басшысы Қасымов С.А. аймақтық комиссия жұмысының тиімділігі, тиісінше ол жұмыстарды үйлестірушілер облыс әкімдерінің орынбасарлары, облыстық және аудандық мұрағаттар әкімшілігіне тікелей қатысты болғандықтан, нәтижелі ұйымдастыру жұмыстарының қажеттігін баса айтты. Республиканың өңірлік комиссия мүшелері, зерттеуші-ғалымдары айқындаған архив материалдарының көшірмесін Мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесіне жіберу ұсынылды.
Отырыс барысында Мемлекеттік комиссияның және өңірлік комиссиялардың жұмыс топтарының басшылары мен мүшелері маңызды мәселелер төңірегінде ой бөлісті. Ағымдағы жұмыстар бойынша бірқатар тапсырма беріліп, оны іске асыру бағыттары бойынша әдістемелік нұсқаулар берілді.