ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов «Ауыл - табыс көзі» жобасы іске асырылатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Ауыл халқын жұмыспен қамту әсіресе облыс, аудан, оның ішінде ауыл әкімдерінің басты міндеттері екені белгілі. Халқымызда «Ауылы бүтінді – аман де, Елі бүтінді – есен де» деген аталы сөз бар. Сондықтан ауыл тұрғындары үшін жұмыс орындарын құру, оған жағдай жасау керек. Бірақ, ол оңай жұмыс емес. Дегенмен, оны шешуге бел шеше кірісуіміз қажет. Осылайша, ауыл тұрғындарының үй шаруашылығы деңгейіндегі табысын арттыруға тиіспіз. Оған мүмкіндік бар, ел болып атсалысуымыз керек», деді Үкімет басшысының орынбасары Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, Ақмола облысының Қарабұлақ ауылындағы 4 үй шаруашылығын біріктіретін «Ар-Ай» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі көкөніс дақылдарын өсіріп қасындағы Степногорск қаласын қамтамасыз етіп отыр. Ал Жамбыл облысының Қордай ауданында 17 үй шаруашылығын іріктіретін «Экочикен» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі тауық етін өндіру көлемін бір жыл ішінде 147 тоннадан 336 тоннаға дейін арттырған.
«Бағдарлама аясында «Ауыл - табыс көзі» жобасын іске асырамыз. Ол жерде үй шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру негізгі мақсаттарымыздың бірі болады. Әрбір мұндай кооперативтке мемлекет көмек көрсетеді. Бұл оңай емес. Оған халық атсалу тиіс. Ниеттенген азаматтарға нақты көмек болатындығын атап өткім келеді», деді Ералы Тоғжанов.
Аяна Тоғанбек