• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Саясат 29 Сәуір, 2022

Биологиялық қауіпсіздік саласын дамыту қажет

506 рет
көрсетілді

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Отырыста депутаттар еліміздің биологиялық қауіпсіздігі туралы заң жобаларын қабылдады.

Атап айтқанда, «Қазақстан Респуб­ли­касының биологиялық қауіпсіздігі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне био­ло­гиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары талқыланды. Құжаттар жөнінде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният баяндама жасады.

Заң жобалары биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік басқарудың үйлестірілген жүйесін құруға, сондай-ақ патогенді биологиялық агенттердің айналымы туралы деректерді есепке алу мен мониторинг жасаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға арналған. Бұл заң жобасында биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылымның басымдықтары мен бағыттарын да айқындау көзделген.

«Заң жобасы бойынша биологиялық қатерге қарсы іс-қимылдың тиімді жүйесін мынадай бағыттардың шеңберінде құру жоспарланып отыр. Бірінші бағыт – стратегиялық жоспарлау, биологиялық қауіпсіздікті болдырмау, биологиялық қауіпсіздік саласындағы басым ғылыми-зерттеу бағыттарын айқындау жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу.

Екінші бағыт мемлекеттік басқарудың үйлестірілген ведомствоаралық жүйесін құру және оның профилактикалық функциясын күшейтуді қамтиды. Уәкілетті орган енгізіледі. Оның негізгі міндеті – ведомствоаралық өзара іс-қимылды және мемлекеттік органдардың іс-қимылдарының келісілуін қамтамасыз ету. Биологиялық қатерлердің алдын алу жөніндегі уақтылы және тиімді шараларды әзірлеу үшін әртүрлі салалардан ақпарат жинау және талдау жүргізеді.

Сонымен қатар 13 мүдделі уәкі­летті орган, жергілікті атқарушы орган өкі­лет­тіктерінің құзыреттері айқындалынады. Профилактикалық функцияны күшейту шеңберінде алдын ала ескертусіз аса қауіпті патогендермен жұмыс істеуге қатысты мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру қарастырылған. Биологиялық қауіпсіздік саласында жедел назар аудару және профилактика шаралары көзделеді», деді А.Ғиният.

Ведомство басшысының келтірген мәліметіне сүйенсек, үшінші бағыт бейінді қызметтер мен халықтың ықтимал төтенше жағдайларға дайындығын қамтамасыз етуге бағытталады. Әрбір ықти­мал қауіп үшін биологиялық қауіп­сіздік саласында назар аудару хаттамалары әзірленеді. Онда мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар іс-қимылдарының, олардың төтенше жағдайлар кезінде ведомствоаралық өзара іс-қимылының алгоритмдері жасалады.

«Аса қауіпті патогендермен жұ­мыс істеу үшін даярлықтан өткен білікті мамандардан кадр резервін қалып­тас­тырылады, қажет болған жағдайда олар аса қауіпті патогендермен жұмыс істеуге (төтенше жағдайлар, пандемия, басқа елдерге көмек көрсетуге) жұмылдырылады. Патогенді биоагенттермен жұмыс істей­тін объектілерді материалдық-техни­калық жарақтандыру халықаралық стан­дарттарға сәйкес келтіріледі.

Ғылыми-техникалық әлеует пен ресурстарды мемлекеттік қолдау шараларын күшейту жоспарланып отыр. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы басым ғылыми-зерттеу бағыттарын айқындалады. Инфекциялық және паразиттік аурулардың профилактикасы, оларды емдеу және диагностикалау үшін иммундық-биологиялық, дәрілік және диагностикалық препараттарды әзірлеу мен өндірудің ғылыми негіздемесі бо­йынша талаптар енгізіледі», деді А.Ғиният.

Министрдің айтуынша, заң жобасында халықтың хабардар болу деңгейін арттыру және оның қауіпті биофакторлардың әсеріне назар аударуға дайындығы жөніндегі шаралар қарастырылған. Сондай-ақ кадрлық әлеуетті сақтау және нығайту үшін ынталандыру шаралары көзделген. Мемлекеттік ұйымдардың тәуекелге неғұрлым бейім мамандары мен қосалқы персоналына еңбекақы төлеу арттырылады, сауықтыру жөніндегі жәрдемақылар белгіленеді.

«Төртінші бағыт – биоагенттердің клас­сификациясы (жіктелімі) мен олар­дың жұмыс істеуге қойылатын талаптарын біріздендіру. Алғаш рет заңнамалық деңгейде халықаралық тәжірибені ескере отырып, патогенді биоагенттердің жік­телуі енгізілді. Жіктеу биоагенттердің қауіп­­тілік дәрежесіне байланысты 4 топты қам­­тиды. Классификацияны ескере оты­рып, патогенді биоагенттермен жұ­мыс іс­теуге қойылатын жалпы талаптар бір жү­йеге келтіріледі. Оларға рұқсат ен­ді жұ­­мыс жүргізілетін әрбір объектіге бері­леді.

Бесінші бағыт – патогенді биоагент­тердің айналымы туралы деректерді есепке алу мен мониторингтің бірыңғай жүйесін құру. Басты назар салдармен күрес­тен тәуекелдерді болжау мен баға­лауға ауысады. Мұндай жұмыс биоло­гиялық қатерлердің алғышарттары тура­лы ақпаратты жедел алуға негізде­леді. Сондықтан заң жобасы оның орта­лық­тандырылған есепке алуды және мони­торингті жүргізу жүйе арқылы жүзеге асырылады», деді А.Ғиният.

Сондай-ақ биологиялық қатерлерді басқару және биологиялық қауіптерді болжау жүйесін енгізу қарастырылып отыр. Бұдан бөлек, микроорганизмдердің ұлттық және жұмыс коллекцияларының қызметін реттеу де көзделген. Микро­организмдер коллекцияларын жүргізудің жалпы талаптары енгізіледі. Ұлттық және жұмыс коллекцияларының мақсаты нақты анықталған. Мұндай коллекциялар микроорганизмдердің сипаттарын зерттеу, оларды жүйелеу және олардың теріс әсерін азайту жолдарын жасау үшін маңызды.

«Қабылданған заңдар Мемлекет бас­шысының тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленді. Бұрын елімізде био­логиялық қауіпсіздік саласын құқық­тық реттеуге арналған арнайы заң болған жоқ. Алдағы уақытта осы құжаттар елі­мізде биологиялық қауiпсiздiк сала­сын­дағы мемлекеттiк реттеудiң құқықтық негiздерiн қалыптастыруға, биологиялық қауіп-қатерді болжауға және олардың алдын алуға мүмкіндік береді деп сенеміз. Сондай-ақ бұл заңдар биологиялық қауіп­сіздік саласындағы іргелі және қол­дан­балы ғылымды дамытуға өз үлесін қоса­ды», деді заң жобасы жөнінде пікір біл­дірген Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар отырыста сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Үкімет басшысына жолдаған сауалында Еділ Мамытбеков «Самұрық-Қазы­на» қорының сатып алуларды іске асы­рудың жаңартылған тәртібін сынға алды. Сенатордың пікірінше, жаңа тәртіп адал бәсекелестік пен кәсіпкерлік субъек­тілерінің теңдігі қағидаттарын бұзады.

Сенатор Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында «Самұрық-Қазына» қорында сатып алудың жаңа тәртібі әзірленгенін атап өтті. Алайда бизнес-қауымдастығы мен сарапшылар жаңа ережелерге талдау жасай отырып, Қор бір көзден сатып алу әдісінен ауытқымағанын айтып отыр. Сарапшылардың пікірінше, жаңа тәртіп әділ бәсекелестіктің негізгі ұстанымдарын жоққа шығарады.

«Бизнес өкілдері еліміз Президентінің тапсырмасынан кейін сатып алу саласында жаңа демократиялық қағида сипатында сапалы өзгерістер күткен болатын. Бірақ сарапшылардың сыны мен бұқаралық ақпарат құралдарын зерделей отырып жақсы жағына қарай ештеңе өзгермеген деген қорытынды жасауға болады. Қордың сатып алу жүйесіне қатысты жария еткен өзгерістер косметика мен бутафория болып шықты», деді Е.Мамытбеков.

Сенатор 2022 жылғы 1 сәуірде күшіне енген жаңа ережелерде холдингішілік кооперация аясында сатып алу әдісі алынып тасталғанын атап өтті. Алайда се­на­тордың айтуынша, ол жұмыстар мен қыз­меттер тізбесі кеңейтіліп, бір көзден сатып алуға ауыстырылған болып шық­ты.

«Кооперацияның холдингішілік сатып алуы 2021 жылы сатып алудағы жалпы көлемнің 25 пайызын құрады. Қордағы барлық сатып алу көлемі 3,4 трлн теңгені құраған болатын. Бұл ретте сатып алу көлемінің тек 18 пайызы ғана ашық тендерге шығарылды. Ал Қордың портфельдік компанияларының 2020-2025 жылдарға арналған жылдық және ұзақ мерзімді сатып алу жоспары мониторинг қорытындылары бойынша бәсеке позициядағы сатып алу холдингішілік кооперация арқылы да жоспарланатыны белгілі болды. Әрине, содан кейін бәсекелестік ортаны кеңейту мен дамытуды көздейтін өзгерістер қайда деген сұрақ туындайды», деді депутат.

Сенатор Еділ Мамытбеков осыған байланысты Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтан осы жағдайға назар аударуды сұрады. Өйткені Қордың әділ бәсекелестік пен бизнестің теңдігі қағидаттарын бұзатын сатып алу нормалары алынып тасталмаған.

Премьер-Министр атына жолдаған сауалында Бекболат Орынбеков Жамбыл облысында фосфор қалдықтарының көлемі артып кеткенін айтып, дабыл қақты. Депутат бұл жағдай өңір тұр­ғын­дарын алаңдатып отырғанын және ол адамдардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін екенін жеткізді.

Депутат келтірген деректерге сүйен­сек, былтыр тасталған фосфогипс қалдықтарының лимиті жылына 1,3 млн тоннаны құраған көрінеді. Минералды тыңайтқыштар өндірісі биыл 2 есе өскен, яғни қалдықтар бұрынғыдан да көп болады. Есеп бойынша жылына 2,7 млн тонна қалдық болады. Сенатор Тараз қаласындағы екі үйіндіде 14 млн тоннадан астам фосфогипс жиналғанын айтты. Ауданы 25 га болатын үйінділердің бірі Шайқорық ауылынан бір шақырым жерде орналасқан.

«Бұл үйінділер Тараз қаласы мен Шайқорық, Танты елді мекендерінің маңына жақын орналасуына байланыс­ты адам өміріне және қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіріп отыр. Мәсе­лен, дауылды жел көтерілген кезде үйін­ді­лерден елді мекендерге қарай шаңды заттардың ұшуы байқалады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, фосфогипс салдары ауыл шаруашылығы мен бақша шаруашылығына үлкен зиян келтіріп отыр. Сондай-ақ жақын маңдағы ауылдарда адамдардың тынысы тарылатын кездерде жиі орын алатынын жеткізген еді», деді сенатор.

Бекболат Орынбеков сондай-ақ Тараз қаласынан 20 шақырым жерде ауданы 135 га болатын үшінші үйінді салу жоспарланғанын айтты. Алайда бұл үйінді 2025 жылы ғана іске қосылатын болады.

Сенатор осыған байланысты Ми­нистр­лер кабинетінің басшысы Әлихан Смайы­ловтан фосфогипс қалдық­тарының көлемін азайту жөнінде шаралар қабылдауды сұрады және топырағы тозған жерді дақыл өсіру үшін ауыл шаруашылығында пайдалануды ұсынды.

«Сонымен қатар фосфогипсті жол төсемдерінің негіздерін орнату үшін пайдалану зерттелуде. Осы бағытта «Павлодар-Успенка-РФ шекарасы» автомобиль жолдарының топырақтарын тұрақтандыру үшін фосфогипс материа­лын сынау мақсатында тәжірибелік-эксперименттік участік бөлініп, бүгінгі таңда зерттеу жұмыстары жүргізілуде», деді депутат.