Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында елімізде жүргізілетін саяси реформалар пакетін ұсынған болатын. Жылдың басты құжатында құқық саласы да назардан тыс қалған жоқ. Конституциялық сот құру мен Ата Заңға өзгерістер енгізілетіні белгілі болды.
Осы орайда мені азаматтар мен қоғамға қажетті реформаларды жүргізу үшін заң шығаруда нені өзгерту керек деген сауал толғандырады.
Күн сайын түрлі серпінді заңнамалық реформалар бойынша нормативтік-құқықтық актілер жобаларын зерделеуге тура келеді. Осындай актілердің барлығында дерлік әзірлеуші бөлімнің қызығушылығы ескеріледі. Дегенмен олар бұл реформаның бірнеше мүдделі тараптың бірі ғана екенін айта кеткен ләзім.
Бұл әсіресе құқық қорғау органдары дайындаған нормативтік-құқықтық актілердің жобаларында көрініс табады. Оларда мәселен, адвокаттар құқығына қатысты айтарлықтай серпіліс жоқ. Бұл түсінікті де, өйткені адвокаттар нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеушілердің іс жүргізу қарсыластары екені баршаға мәлім. Сондықтан ережелердің басым көпшілігі мемлекеттік органның мүддесі үшін және олардың қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетуге бағытталған. Ал адвокаттарға қатысты көптеген қолайсыз норма бар. Біріне қарсылық танытып үлгерсең, жаңасы пайда болады.
Шын мәнінде, мұндай нәтиже заңдылық. Кез келген ұйым өзінің ведомстволық мүдделерін көздеуге бейім. Бұл олардың табиғатына сай. Соның салдарынан Қылмыстық процессуалдық кодекс, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс және қоғамдық құқық саласындағы өзге де нормативтік-құқықтық актілер тергеушінің, прокурордың және шенеуніктің, яғни едәуір бөлігі бастапқыда оларды әзірлеген адамдардың мүддесі үшін жазылған.
Адамның да, мемлекеттің де мүддесі үшін шын мәнінде серпінді реформаларды іске асыру үшін ерікті саяси шешім мен ведомстволық мүдделері бар, басқа тұлғалардың мүдделеріне қайшылық туғызатын мемлекеттік органдарға заң жобаларын жазу үшін жұмыс топтарын құруға тыйым салу керек. Қазірдің өзінде құрылғандарын таратқан жөн. Осылайша, біз өз мүддеміз үшін заңнамалық бастамалар легін тоқтата аламыз.
Жеке тұлға мен мемлекеттік органдар мүдделерінің теңгерімін ескере отырып, әсіресе сот жүйесі мен құқық қорғау органдарын реформалау бойынша жаңа нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу мақсатында тәуелсіз сараптама топтарын құрған дұрыс. Әр топтағы абсолютті көпшілікті депутаттар, ғылыми және кәсіби қауымдастықтардың өкілдері құрауы қажет.
Қазақстан құқығындағы нормативизм салтанатын тоқтатуға ден қойған ләзім. Ол үшін құқықтық қағидаттарға құқық нормаларынан басымдық беру және жаңа нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды шектеу қажет. Бұл заң шығару ісінде сапалы өзгерістерге әкеледі.
Біздің елімізде нормативтік көзқарастың арқасында барлық атқарушы орган Парламентпен қатар заң шығарушы органға айналды. Олардың кез келгенінің басты бағыттарының бірі – заң жобаларын әзірлеу. Бұл билік тармақтарының бөліну принципін жояды.
Мысалы, АҚШ-тың монополияға қарсы заңы (Шерман заңы) 1890 жылы қабылданды. Бұл заң аз ғана түзетулермен әлі де қауіпсіз жұмыс істеп тұр.
Әлемде конвейер секілді заң шығара бермей-ақ іске асқан (нормативизм жағдайында қажетті) тиімді заңнаманың мысалдары көп. Бұл заң идеалды дегенді білдірмейді. Жоқ. Онда көптеген қарама-қайшылық пен негізсіз ережелер бар. Бірақ бұл ешкімді мазаламайды. Оған жыл сайын ешкім өзгерістер мен толықтырулар енгізбейді. Көптеген коллизиялық норма, негізсіз және әділетсіз ережелер соттардың құқық қолдану процесінде парасаттылық, әділдік және объективті негізділік қағидаттарын ескере отырып еңсеріледі. Нәтижесінде, АҚШ-та әділ заң, билік тармақтарының нақты бөлінуі, ықпалды судьялар және мықты адвокатура бар.
Жаңа Қазақстанда да осындай көзқарас қалыптасуы керек. Сонда әуре-сарсаң азаятын болады.
Айдын БИКЕБАЕВ,
Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы