Amanat партиясының құрылтайында ел күткен мәселелер айтылды. Президенттің партия төрағалығынан бас тартып қана қоймай, партия қатарынан шығуы халқымыздың жалпы сайлау жүйесіне деген сенімін нығайта түседі.
Турасын айтсақ, билікте «билеуші партия» деген ұғым бар. Барлық лауазымды шенеуніктер сол билік партиясының өкілі екені де мәлім. Бұған дейін билік басындағылардың барлығы да осы партияның мүшесі болғандықтан, жағдай негізінен сол партияға жасалды. Басқа саяси күштер онымен теңесе алмады.
Нақтырақ айтсақ, сайлау кезінде де билік партиясының басымдығы байқалып тұрды, мектептер мен университеттерде, басқа да мемлекеттік органдарда қызметкерлер билік партиясына жұмыс істеді. Енді Президенттің қадамынан кейін жағдай теңеседі деген сенім бар. Неге десеңіз Президент Жаңа және Әділетті Қазақстанды құру қажеттігін әңгімеге арқау етті. Бұл дегеніңіз демократияға ұмтылыс дегенді білдіреді. Ал сол демократиялық сипат сайлау кезінде де аңғарылуға тиіс. Алдағы уақытта солай болуы қажет. Президенттің партия төрағалығынан бас тартуы соған әкеледі деген сенім мол. Енді бұрынғыдай бай баласы мен жарлы баласының бәсекесіне айналған саяси көрініс қайталанбайды.
Жуырда ғана Президент облыс, қала, аудан әкімдері партияға ықпал етпеуі керектігін айтқан болатын. Осыны жергілікті атқарушы биліктегілер мен өзге де лауазымды шенеуніктер қаперде ұстауы керек. Әкімдер ендігәрі алдымен халық үшін жұмыс істеуі, сайлаудың, басқа да жұмыстардың әділ жүргізілуіне мүдделі болғаны ләзім.
Президент Amanat партиясы әлеуметтік әділдікті орнықтыруға әрдайым баса мән беретінін айтты. Adal партиясының Amanat партиясына қосылуы қаншалықты қажеттілік болғанын білмеймін, ең бастысы, халыққа адал қызмет етсе, партияның бұған дейін алдына қойған мақсаттары іске асады деп санаймын. Елімізде басқа да партиялар бар. Әлі күнге дейін ауылдықтардың аманатын арқалаған «Ауыл» партиясы саяси ортадан ығысқан жоқ. Алдағы саяси додаларда жаңа саяси партиялардың құрылуы әбден ықтимал.
Еліміздегі барлық саланы түбегейлі монополиясыздандыру аса маңызды екенін Президент айтып өтті. Бұл – Жаңа Қазақстанға шынайы керек сөз. Расында да қоғамдық саяси күш болсын, жекелеген тұлға болсын, олардың барлығы да мемлекеттің тұтастығы мен елдің қамы үшін жұмылуға қақылы. Әрбір азаматтың орынды пікірін тыңдау арқылы ғана біз Жаңа Қазақстанды құра аламыз. Осыны қаперде ұстаған жөн.
Дәулеткерей КӘПҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Нұр-Сұлтан филиалының директоры